«Өзіңнен өзің есеп ал!»

Комикстердің мазмұны тарихи, саяси оқиғаларға негізделіп ғана қоймайды, олар дидактикалық, тәрбиелілік қызмет атқарады. Комикстердің бұл түрін – Ілімдік комикстер деп атайды. Ілімдік комикстер жанрына Абай Құнанбаевтың бірнеше қара сөздері сәйкес келеді, себебі әр қара сөздің тағылымдық маңызы бар. Мысалы, Жетінші, Он бесінші сөз, Он жетінші сөз, Он сегізінші сөз, Жиырма бірінші және Отыз бірінші сөздер комикстер тізбегін құрастыруға тиімді.[2] Бұл қара сөздерінде Абай адам баласының өмірге қызығушылығы, әр нәрсеге құмарлығы, өмірден өз орнын таба білуі, әркімнің өз алдына мақсат қоя білуі және адамның мінез-құлқының дұрыс қалыптасуы мен адамгершілік қасиеттердің басымдылығына тоқталады.

Ілімдік комикстердің мақсатты аудиториясы немесе оқырманы – мектеп оқушылары, жеткіншектер, кейде көпшілік оқырман да бола алады. Қара сөздер –  жас өспірімнің білімін дамытуға қажетті академиялық мәтін үлгісі ретінде таптырмайтын оқыту көзі. Қара сөздер бірнеше тілге аударылған, ағылшын тіліндегі аударма нұсқалары түпнұсқадағы тілдік дәлдікті жеткізбесе де, ұлы ойшылдың философиясын, идеясын жеткізеді. Мәселен, Абай Он бесінші қара сөзінде «ақылды» адам мен «ақылсыз» адамның арасындағы айырмашылыққа талдау жасайды. Адамның өмірден өз орнын іздеуі барысында жеке адам болып қалыптасу, оның рухани даму кезеңдерін суреттейді. Сол кезеңде ақылды адам өзінің өмірлік орнын қалай табады, ол қандай әрекет жасайды деген сұрақтарға жауап береді. Ал ақылсыз адам ше? Абай ақылсыз адамды «есер кісі» деп суреттейді. Есер кісі баянсыз, бағасыз нәрсеге құмар болса, өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп алады дейді. Комикс арқылы бұл ой төмендегідей жеткізіледі.

 

 

www.http://makebeliefscomics.com

Мәтіндегі «ақылды», «есті», «қызығушылық», «көңіл сүйсіну» «құмарлық», «қызықты нәрсе», «қызықты уақыт» ұғымдарын тереңнен талдасақ, Абайдың адамның интеллектін, яғни ақыл ойды дұрыс бағытта қолдана білу туралы айтпақ ойы заманауи психология саласындағы «Көп түрлі зият»  теориясының авторы американдық психолог Ховард Гарднер теориясындағы қағидалармен үндесіп жатқанын байқаймыз.[3] Он бесінші қара сөз 1893 жылы жазылды, Гарднер теориясы 1983 жылы ұсынылды, айтылған екі ойдың арасын жүз жылдық уақыт бөлгенімен, олардың педагогикада қолданылу аясы өзекті.

Ғұлама ойшыл, адам өз санасы мен қабілетін мақсатты түрде қолдануды түсіндіреді. Профессор Гарднердің көптүрлі зият теориясы адам бойында интеллекттің барлық түрі бар, дегенмен кейбір интеллект түрлері әр адамда әр түрлі деңгейдегі басымдыққа ие деп түсіндіреді. Мәселен, бір адам музыкаға қабілетті, екіншісі ғұлама математик, ал үшінші адам табиғатқа етене жақын делінеді.  Абайдың тіліндегі «ақылсыз», «есер», «баянсыз нәрсе», «бағасыз нәрсе», «кісімсу», «мастық» ұғымдары жағымсыз іс әрекетті суреттейді. Әрі «есер» адам болмас үшін не істеу керектігін ұсынады. Ол – адамның үнемі өзіне-өзі рефлексия жасауы дейді. Педагогикада рефлексия мәселесі сабақтың маңызды бөлігі болып табылады. Британдық педагог Стелла Котрелл [4], бұл жөнінде «Reflection is a type of thinking. It is associated with deep thought aimed at better understanding. It includes a mixture of elements, such as: making sense of experience, repetition, deeper honesty, ‘weighing up’, clarity, understanding and making judgements» деген түсініктеме береді. Ал, Абай атамыз рефлексия жөнінде Он бесінші қара сөзінде «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір,

өзіңнен өзің есеп ал!» дейді. «Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген риторикалық сұрақ қалдырады. Бұл сұраққа әрбір есті адам өзі жауап беруі абзал!   Мәтінді талдау барысында зияткер оқушылардан Абайдың Он бесінші қара сөзі мен Гарднердің көптүрлі зият теориясының арасындағы байланысты сұрасаң, олар осы қара сөзден – «Intrapersonal intelligence», яғни «тұлғалық», «тұлға аралық» эмоциялық интеллектің мысалы берілгендігін көрсетеді.  Яғни, әр пенденің толық адам болып қалыптасуы өзінің ақыл-ойын, қабілетін білімнің көмегімен дамыта білуінде дейді.  Қара сөздерде адамның түрлі мінез-құлқын суреттейтін нақыл сөздер жеткілікті. Соның бірі – Жиырма бірінші қара сөз. Ілімдік комикс тізбектерінде Жиырма бірінші қара сөздегі мақтаншақ адамның кейпін иттің суретімен жеткізуге тырыстық. Мұндағы ой, Абай сынға алатын мақтаншақтық қасиеттің  келемеждеуге тұрарлық мінез-құлық екендігін дәлелдеу. Сыныпта есептен «7» балл алған оқушы «4» балл алған сыныптасын төмен бағасы үшін мазақтайды. Төмен балл алған оқушы жылап қалады. Бұл жағдайды байқаған мұғалім негізгі кейіпкерге «Адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс» екен дейді. Мақтанған бала жол бойы бұл сұраққа ойланып, әкесінен «мақтаншақтық», «мақтанның» не екендігін сұрайды. Әкесі бұл сұраққа Абайдың 21 қара сөзін мысалға келтіріп жауап береді. Абай мақтаншақ адамның үш түрін, олардың қандай ортада мақтанатындығын, нені мақтан тұтатындығын суреттейді. Ағылшын тілі сабағындағы қара сөзді талдау комикс тілінде мысалдағыдай жеткізілді. Адамның күнделікті өмірде табыстарға қол жеткізуге көмектесетін қабілеттерінің бірі – оның өз көңіл-күйін басқара білу интеллекті. Оқушыларды сабырлылыққа шақыру, жетістіктеріне тым мақтанбау, масаттанудың шегін түсіндіру және өзгелердің сезімдері мен көңіл күйлеріне қарау, адами жанашырлық қасиеттерді бағалауға үйрету мұғалім ісі. Эмоциялық зият теориясының авторы Д.Гоулмэн [5] атаған жанашырлық сезімі біздің халық үшін жат қасиет емес. Абайдың осы қара сөзін пайдалана отырып есептен жоғары балл алған мақтаншақ баланың әрекетінің бұрыс екендігін комикс арқылы жеткізуге тырыстық. Әкесінен кеңес сұраған бала соңында әке әңгімесінің маңыздылығына қайран қалады. Өйткені, мақтан Абайдың нақыл сөзінде; екі түрлі болады, біреуі Үлкендік, екіншісі  мақтаншақтық. Математика тілімен айтсақ «Үлкендік = 3А», яғни үлкендік үш түрлі А-дан тұрады; ақылдылық, арлылық, артықшылық.[6]

Екіншісі мақтаншақтық. Абай философиясында десін типті мақтаншақтар үш түрлі. «Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол да надан адам, бірақ надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.»

Абай шығармалары адами қасиеттерді жоғары қояды. Гуманистік психологияда мұндай тәрбие тұлғалық өсу – тұлғаның тәуелсіздік алуын, кемелдікке және психологиялық саулыққа немесе жоғары қажеттіліктерді дәйекті түрде қанағаттандыруға ұмтылуды білдіреді. Жасөспірім бойында адамгершілік қасиеттерді дамыту ұзақ уақытты талап ететін үрдіс. Және әр оқушы зият түрлері мен қабілеттерінің өзгешелігіне орай оқу дағдыларын түрлі деңгейде меңгереді. Мұғалімнің міндеті осындай талант иелерін тани біліп, ұлттық тарихи тұлғалардың өнегесі арқылы, олардың қызығушылық әрекеттері мен үйренуге құштарлығын дамыту, оқу мен білім алу кезеңін қызықты етіп өткізуге ат салысу болып табылады.

Қолданылған әдебиет:

  1. David M. Kunzle, The History of the Comic Strip and others. Encyclopaedia Britannica 04. 21 2017 Los Angeles, CA, United States
  2. Book of Words. Semey, 2005
  3. Howard Gardner, Frames of mind: the theory of multiple intelligences, New-York, Basic books
  4. Stella Cottrell (2010) 188-190 бб, Skills for Success, Personal Development and Employability. Palgrave Macmillan
  5. Daniel Goleman, Emotional intelligence. Why it can matter more than IQ

32-33 бб, Bloomsbury publishing Plc, 36 Soho Square, London W1D, 3QY

  1. Халық Г.Ж. Абай- Әлемдік Феномен, халықаралық ғылыми практикалық конференция материалдары, Назарбаев Университеті, 237 -239 бб, 2015

 

Интернет көздері:

  1. http://www.leneshmidt-translations.com/book_of_words_abai_kunanbaev_english/index.htm
  2. https://www.verywellmind.com/gardners-theory-of-multiple-intelligences-2795161
  1. https://www.slideshare.net/JavedIqbal105/emotional-intelligence-by-daniel-goleman
  2. http://www.makebeliefscomics.com

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *