ЭССЕ Мамандығым мактанышым

Мамандығым-мақтанышым

Эссе

«Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі жойылады»

К.Ушинский

«Білім беру–шығармашылық үрдіс, адамның, жеке тұлғаның қалыптасуы өмірлік толастамайтын ағынды, тасқынды үрдіс. Оқыту, білім беру, тәрбие бір-бірімен тығыз байланысты, бір-бірін толықтырып, кезекпе-кезек жалғасып отыратын тарихи үрдіс. Білім арқылы жұмыс істеуге үйрену адамгершіліктің ең жоғарғы мұраты»,- деп Сухомлинский В.А. айтқандай, жеке тұлғаны қалыптастыру тек мектепте ғана емес балабақшада да жүреді. Тұлға дегеніміз – өз ісіне жауаптылықпен қарайтын адам. Ал өз ісіне жауаптылық таныту үшін жасалаған әрекеттер балабақшада да жүзеге асады.

Мен өзімнің балабақшада тәрбие беруші болғаныма қуанамын. 2009 жылдан бері тәрбиеші болып келемін. Қазіргі кезде алдымдағы тәрбиеленуші бөбектерім 3-4 жаста. Оларың сөйлегенде тілі бал, жүрегі таза. Баланың қиялына қанат бітіретін, ойын өрістететін, шабытын шарықтататын, аңсаған арманын жақындататын жанның бірі осы тәрбиешілік болғандықтан бала кезден тәрбиешілік мамандығының маманы болуды армандадым.

Мамандықтың жаманы жоқ, дегенмен, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін тәрбиешінің де, мұғалімнің де орны бөлек. Мұғалім елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақты тәрбиелейді. Ал, жас өркеннің қалай болып өсуі ұстаздан және тәрбиешіден алған тәрбиесіне байланысты. Сондықтан, баланы – балабақшаның жүрегі десек, тәрбиешіні – сол балабақшаның тіреуі деуге болады.

Менің өзіндік шабыт көзім бар. Олар: балалар, әріптестеріміз, ізденіс. Осы шабыт көздері арқылы мен де педагогикалық филосифиямды кеңейтіп, білімімді жетілдіремін. Дәннің өздігінен емес, құнарлы топырақ пен нұрлы күн шуағымен өсетіні тәрізді, баланы білім емес, осы білімді жеткізуші адамдар тәрбиелейді. Бүлдіршінді кім және қалай оқытады? Оны тәрбиелей отырып білім берудің ең негізгі шарты осында. Сол себепті барлық тәрбиеші, ең алдымен тәрбиеленушісінің ішкі қасиеттерін анықтауға, дарынын шыңдауға, сол арқылы өздері көздеген тәрбие бұлағынан сусындауға жағдай жасайтын, білім нәрін санасы мен жадына емес, бірінші кезекте олардың жаны мен жүрегіне сіңіретін құнарлы топырақ, сәулесін шашатын күн болса. Бала жүрегі айнадай тап-таза, мөлдір. Сол айнадан баланы көру үшін оның жүрегіне үңіліп қарау қажет. Жақсы адам тек оны дұрыс тәрбиелегенде ғана қалыптасады. Сондықтан, жас шыбықты қалай исең солай қисаяды дегенге көңіл бөліп, алдымыздағы баланы да жақсылыққа бағыттап, дұрыс ию керек деп ойлаймын.

Ізгілікті тәрбиелік қызметте мына бағыттарға басты назар аударғанымыз жөн: баланы зерттеу, баланың өзін-өзі дамытуына тәрбиелеу, баланың іс-әрекетін ұйымдастыру, әрбір баланың қоршаған ортада, қоғамда өзін-өзі дұрыс сезінуін қамтамасыз ету. Ендеше, педагог-маманның басты мақсаттарының бірі: баланың үнемі даму үстінде болатынын ұмытпау. Тәрбиеші баламен шынайы құрметке лайық қарым-қатынас құра білсе ғана үлкен табыстарға қол жеткізе алады. Өйткені, мен өз тәжірибемде осы әдістерді қолданып келемін. Бұл әдіс маған оң нәтижесін беруде. Сондықтан, табысты болу үшін баланың ойымен, ішкі жан-дүниесімен санасып, оның қызығушылығын тудыратын әдіс-тәсілдерді молырақ пайдаланып отыру қажет.

Жоғарыда аталған мәселелердің дұрыс шешім табуы үшін мен ұжымдағы тәжірибелі педагогтардан үлгі-өнеге аламын. Олар ең басты сабағым – балаға деген мейірімділік, кешірімшіл болу, ата-анамен және сырт адамдармен дұрыс қарым-қатынас орната білу, қамқорлық және жанашырлық, шыдамдылық, шынайы болу және әрдайым шығармашылық ізденісте болу.

Менің алға қойған мақсатым — білікті тәрбиешілердің қатарынан көріну, білімді болашақ иелерін тәрбиелеу. «Бала жүрегі-кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру кeрeк»,-деп М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу тәрбиешінің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын. Болашақта өзім білім алған ұстаздарым секілді білікті де, ұшқыр маман болу менің алға қойған мақсаттарымның бірі.

Олай болса, қазіргі таңда тәрбиеші білікті әрі шебер, ұшқыр ойлы, қабілетті, өз пәнін жетік меңгерген болуы керек.

Менің бір ұққаным әр таңда жұмысына, балабақшаға, балаларға асыға жеткен тәрбиеші, ол–үлкен жүректі тәрбиеші. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдерсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сол себепті, мектеп партасына отырып, білім алатын оқушыны дайындайтын орта – балабақшада қызмет еткенді мақтан тұтамын.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *