Әріптес туралы сыр. Мұсағаң жайлы мөлтек сыр.

Мұсағаң жайлы мөлтек сыр
Мектеп іші. Кең дәлізде басында ақ тақиясы, үстінде ақ шағаладай жейдесі мен қыры сынбаған қара шалбары, қолтығына қысқан былғары пәпкесі бар Мұсағаң асықпай басып келеді. Жүзінде ерге тән байсалдылық пен қаталдық бар.
Бұл менің осыдан 14 жыл бұрынғы Мұсағаңды алғаш көрген кездегі көз алдымда қалған естелік-көрініс. Басынан бастайын.
Эссе жазудың ережесі қолыма тиісімен, Мұсағаңның шаңырағына қарай құстай ұштым. Ондағы мақсатым Мұсағаңның жары, бүгінгі күні ардагер ұстаз, асыл әже, бір әулеттің қариясы атанған Ажар апаймен сырласпақшымын. Апайым асүйде күйбең тіршіліктің қамымен жүр екен. Бұйымтайымды естіген соң мені бөлмесіне қарай бастады. Ажар апайдың бөлмесінен тап бір қазына толы сандыққа кезіккендей, асығыс қимылдадым. Мұсағаңның суреттері мен жазбаларын ақтарып отырып барлығы санамда қайта жаңғырғандай, ескі киноның лентасындай көз алдыма біртіндеп келе бастады. Өзім де ұстаздық жолға алғаш түскендегі жастық шағыма қайта оралғандай біртүрлі сағыныш сезімінде болдым. Ажар апаймен сырласу кезінде өзім танып үлгермеген, кейбір қасиеттері мен үшін жұмбақ болып қала берген Мұсағаңның бейнесі жаңа қырынан ашыла бастады. Терең ойға баттым. Қалай бастасам екен… Жазған дүнием мардымсыз, қойыртпақ бірдеңе болып, кейіпкерімнің жарқын тұлғасын көрсете алмасам, ақ көңілімен ішіндегісін ақтарып салған Ажар апайдың артқан сеніміне селкеу түсіретіндей, Мұсағаңның әруағы алдында әріптестік ар-намысыма сызат түсетіндей беймаза күй кештім. Бір шетінен Мұсағаң әр сөзіме, тіпті, әр әрпіме үңіліп тұрғандай сезіліп, қара терге малшындым. Тәуекел.
Мұсағаң деп отырғаным- 1941 жылы киелі Ордабасы жерінде кіндігі кесіліп, бар ғұмырын шәкірттерге білім беруге, қара сөзден өлең өруге арнаған шығармашыл ұстаз, адал жар, үлгі тұтар әке бола білген, менің әңгімемнің бас кейіпкері – Медеубеков Мұсахан Медеубекұлы. Әке кіндігінен бір ұл, бір қыз ғана тарап, әке ұрпағын жалғаған Мұсағаңды әкесі “Бірлік” ауылындағы 7 жылдық мектептен соң, Келес ауданындағы әпкесіне аттандырады. Бұның да өзіндік себебі бар еді. Әкесі колхоздың тапсырмасымен канал қазу жұмыстарына кетіп, Мұсағаңды әпкесіне аманат етеді. Жас кезінен өлең – жырға құмартып өскен балаң ақын 9-сыныптан бастап өз бетінше шумақтар шығара бастайды. Алғашқы өлеңдерін баспа беттеріне де жариялап үлгереді. Ел арасына ақын бала деген аты шығып, өлең шығаруға біржола бет бұрады. Осы қызығушылығы, ақын болсам деген арманы жетелеп Қызылорда қаласындағы пединститутқа әкеледі.1958жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын бітіріп, өзі туған ауылға мұғалім болып оралады. Көп ұзамай өзі секілді тіл маманы Ажарды кездестіріп, шаңырақ көтереді. Ұстаздық жолдың қиын да қызықты сәттерін өткере жүріп, 2004 жылы зейнеткерлікке шығады.
Мұсағаң ұстаздық ете жүріп, шығармашылықтан да қол үзбейді. Оның қаламынан туған “Өзіммен сырласқанда”, “Досыммен әңгіме”, “Өлеңім менің”, “Бөржарым”, “Деуші едім”, “Партия туралы жыр”, “Бір қызға”, “Тәубаға келу”, “Тіршілік”, “Түркістан”, “Аллаға мінәжат”, “Өкініш”, “Пайғамбарым Мұхаммед”, “Түйін”, “Жеңешемнің сөз толғанысы”, “Екі шалдың әңгімесі”т.б өлеңдері баспа беттерінен “Оқырман шығармашылығы” және “Ауыл мұғалімінің толғанысы” деген айдармен оқырмандарына жол тартады. Мұсағаң шығармашылығының басым көпшілігі бірқақпайлар мен сықақ өлеңдер болғанымен, тақырып жағынан сан түрлі.
Мұсағаң бірде:
-Тұла бойы жәдігер, тұрған асыл Түркістан,
Шамын жаққан ісләмнің, нұр қаласың Түркістан.
Әулие мен әнбие мекен еткен Түркістан,
Сен осылай қазаққа пір қаласың Түркістан, – деп қасиетті мекен Түркістанды жырға қосса, бірде:
-Дегенін өмір-тағдыр істетеді,
Бойыңнан жас ұлғайып, күш кетеді.
Арманың ойға алған жүзеге аспай,
Бармақты қу өкініш тістетеді,- деп өмірде орындалмай қалған армандарына өкініш білдіреді.
Мұсағаң бойында жас ұрпаққа үлгі етер асыл қасиеттер көп болатын. Қонақжайлылығы мен кісігі жан ашырлықпен көмек қолын созуының өзі бір төбе. Қарапайымдылығы мен асылдың сынығындай болған жайлы мінез-құлқы да көпке аян. Ол кісі ақындықпен қатар актерлікті де шебер меңгереген ұстаз. Ұлы Абай образынан бастап, әдеби шығармалардағы талай кейіпкерлердің бейнесін сомдаған. Көз көргендердің айтуынша Мұсағаң әр ойнаған рөлін нанымды, керемет ойнап шығады екен. Сонымен бірге бала тәрбиесінде ұстанған өзіндік әдістері, яғни, балаға жайлы орта ұйымдастыруы, баланы мақтап, жылы сөздерімен етене жақын болуы, сабақты ішпыстырарлық емес, түрлендіріп өтуі қазіргі жаңаша әдіс-тәсілмен ұштасып жатқандай.
Мұсағаң өз мамандығын жетік меңгерген, жанымен қалап, қалтқысыз қызмет ете білген адал қызметкер ғана емес, ақындық жолға қызығушылығы бар шәкірттерді тәрбиелеп, шығармашылықтарының көзін ашып, ақындықтың дәнін сепкен ғажап ұстаз болған . Сол ізбасарлары бүгінгі күні түрлі редакцияларда, түрлі салада жемісті қызмет етіп жүрген көрінеді. Мұсағаң қызмет еткен жылдары қаншама жиындарда құнды баяндама жасап, түрлі үйірмелер мен педоқуларға жетекшілік жасаған. Осындай қажырлы еңбегінің өтелгеніне түрлі марапаттары мен “Білім беру ісінің үздігі” деген төсбелгісі дәлел. Міне, Мұсағаңның осындай еңбек жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болар игі істерге толы.
Бұл күнде Ажар апай екеуінен өрбіген ұл-қыздары әке тәрбиесі мен ана өнегесін көріп өскен мерейлі отбасыға айналған. Мұсағаң әкеден жалғыз ұл болса, өз кіндігінен де жалғыз атұстар дүниеге келді. Бірақ қарындастарының қамқоршысы болып, әке қазасынан кейін әулеттің бар ауыртпалығын мойнына арқалаған жалғыз ұл да тағдырдың жазуы ма, әлде Алланың қалауы ма Мұсағаңның артынан келмеске кетті. Мұсағаң бойындағы ақындық қабілет осы жалғыз ұлға ғана қонып, бала кезінде өлең шығарумен біраз әуестенген екен. Алайда есейе келе тіршілік қамымен бұл қабілеттің көзін аша алмаған. Енді, міне, Мұсағаңның ақындығы да, жалғызы да өзімен бірге. Десек те, ардагер ұстаз Мұсағаң – бар баласына ұстаздықты оқытып, өз әулетінен ұстаздар династиясын жасап кеткен көреген әке. “Ұрпағым білімді болса, көштен қалмас” деген ұстанымды ұстанған қадірлі әке қыздары мен жалғыз ұлдан тараған немерелерінің талай жемісті жеңістерін сезіп, қолдап жатқан болар.
Ажар апайдың сандығында сары майдай сақталып, көнетозданып сарғайған, кейбір жазулары өшуге айналған Мұсағаңның мол мұрасын аялай ұстап, ойға баттым. Өзегімді өкініш өртеді. Мұсағаң секілді ел ішінде аты елеусіз қалған ақынның бір кітапқа жетерлік дүниесі жарық көрмей, сандық түбінде қамалып жатыр. Әттең… Мына дүниенің барлығы кітап болып басылып шықса, ең болмаса мектеп кітапханысының төрінде тұрса, жас оқырмандар танысып, үлгі алса, Мұсағаңның Маратынан қалған Иманғалиы “Менің атам” деп кеудесін мақтаныш кернеп жүрер еді- ау…
Бұл ойымды Мұсағаңның жарына да айттым. Ажар апай терең күрсініп: “Райхан-ау, баламның көзі тірі болса әлдеқашан жинақтап қояр еді ғой. Қыздар деген жат жұрттық. Менің қолымнан не келеді дейсің. Жүрегім толған қайғы-шер… Мен де өзің секілді азаматы жоқ үйге еге боп, осылардың амандығын тілеп отырған бейбақпын”,- деп көз жасына ерік берді. Жаны жаралы анаға басу айтқаннан басқа қолымнан ештеңе келмей, сыртқа шықтым. Көңілімнің орманын алай- дүлей дауыл соғып, үйіме қарай беттедім. Ажар апайдың мәнді де, мұңлы әңгімесі әсер етті ме, әлде, өзімнің де осыған ұқсас соқпағы мен бұралаңы көп тағдырыма налыдым ба білмеймін, әйтеуір, үйге жеткенше көз жасымды тия алмадым.
Қайран, Мұсағаң! Тірі болғаныңда өзіңнің жетпіс жетінші туған күніңді шәкірттеріңмен бірге атап өтер едік. Ұстаздар мерекесінде кездесу ұйымдастырып, кітабыңның тұсауын кесер едік. Және… Ажар апай да дәл бұлай мұңаймас еді…
Еһһ… Бір кем дүние деген осы екен ғой. Бүгін бар, ертең жоқ. Әркім өз ісімен әуре. Әркімнің өз қайғысы өзінде. Әйтеуір күндер зулап өтіп жатыр.
Мұсағаң жырлағандай:
Білдірмей ұры уақыт кетіп жатыр,
Қу дүние көзді арбаған өтіп жатыр.
Қарап тұрсаң қым-қиғаш, қилы тағдыр,
Әркімнің өз қайғысы жетіп жатыр.
“Қайғыны бөліссең, азаяды” деуші еді… Мұсағаң туралы естеліктерді есіне түсіріп Ажар апай да бір серпіліп қалған шығар.
Мен жазушы емеспін, қарапайым мұғаліммін.
“Әруақ разы болмай, тірі байымайды” дейді ғой. Мұсағаңның әруағы риза болса болды…

А. Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебі
коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Досан Райхан Ермаханқызы

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *