Қыз өссе, елдің көркі

Шайхиева Алтын Назаргалиевна

Ақтөбе қаласы, №59 ЖББОМ

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

Қыз өссе, елдің көркі

 

«Қызды тәрбиелегеннің – бір ұрпақты тәрбиелегенің», – деген екен ата- бабамыз. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Өйткені қыз болашақ ұрпақтың анасы. Ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қою, өле-өлгенше баласына қамқорлық көрсету әлемнің бірқатар елдерінде сақтала бермейтін дәстүр. Атам заманнан келе жатқан салт-дәстүрдің қуанышы мол, қызықтысы – ұлын ұяға қондыру, қызын қияға ұшыру, бір сөзбен айтқанда қыз ұзатып, келін түсіру болған. «Алып анадан туады» дегенді түптей түсінген қазақ елінде Ананы ардақтау, Ананы сыйлау, оның ішінде жаңа түскен жас келінді құметтеу бұзылмас салт-дәстүрге айналған. Ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңірсек, халқының әдеп-салтын жақсы білетін, ата-анасын сыйлайтын, ел үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеген боламыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед « Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар ( қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», – деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтіндігін дәлелдейді. Қыз баланың ары мен абыройы, сыры мен сымбатын сақтауы, келешек өміріне даярлығы әрқайсысы өз алдына дербес тақырып. Халқымызда «бір ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген дана сөз бар .Қыз баланың болмысын биіктететін, оның тұлғалық ерекшеліктерін айқындайтын тәрбие мен ұлттық құндылықтарды айтар едім. Ана тілімізде «қыз» деген сөз бар. Ол ең қасиетті де, құрметті сөз. Қасиетті болатыны- бүкіл адамзат әйелден тарайды: қыз келін болады, келін – анаға айналады, ал ана-әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен қазекем өрісін кеңейтер қыз балаға айырықша көңіл бөлген. Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тиым» жасайды. Осы тұста қыз тәрбиесіндегі жеңге рөлі де көзден таса болмайды. Бұл байланысты аталарымыз «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деп тұжырымдаған.Өйткені әке-шеше айта алмайтын сырды жеңге жеткізеді. Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы-қасында аяулы жеңгелер жүреді. Ата-ана қызынан еш нәрсені аямайды. Оның еш нәрседен мұқтажсыз, бұла өсуін қадағалайды. Өйткені қызға бергенді қызыр өтейді деп біледі.Сонымен бірге қазекең қызды бетімен де жібермейді. Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» дей отырып, оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз санайды. Олардың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақыт ұмытпаған. Содан да болар, бір жағынан «қыз бен жылқы жаудікі» деп қыз тәрбиесіне мейілінше сақ қарайды. Қыз баққаннан қысырақ баққанның оңайлығын» жадынан шығармай баянды отанын тапқанша өзінің, жауапты екенін еш ұмытпаған. Сөйте тұра қызды жағадағы құндыздай күтеді. «Күйеу жаман болса қызыңнан» деуінде үлкен мән бар.Өзінің отбасында керекті тәрбиенің бәрін көріп өскен қыз бала, соған қоса мінезді де қылықты болса, парасатты да пайымды болса екен дейді. Қызын дұрыс тәрбиені алмаған ата-анаға бабаларымыз тағыда «Қызды күте алмаған күң етеді, жібекті түте алмаған жүн етеді» деген. Қыздарымыздың асыл қасиеті, жан-дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғандығын, дәулетке, байлыққа жиһазға қызықпағандығын жыр- дастандардан білеміз. Қазақ қызды махаббат атты асыл сезімді айрықша қастерлеп, аялаған. Сүйген адамымен қол ұстасып бірге жүрсе, тіпті қатықсыз қара көже ішсе де бақыттымын деп, өмірге риза болған. Ұлттық бойындағы бір жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдеп-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел – ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке – бірлігін, туыстық татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел – ана. « Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», – деген ұлағатты сөз осыдан туса керек. Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі. Қазақтар әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани – моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған босағасының игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қалың елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты кәде бүкіл ұлттық бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан да халқымыз қыздарына төрден орын беріп, қонақ деп еркелетіп, парасаттылыққа баулып еркін өсірген. Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиелейді. Пәрәнже – сәтір кимеген, сөйте тұра еркіндік пен есерліктің ара жігін ажырата білген парасатты, тапқыр, төзімді, өнерлі, танысын төбесіне түйіп жауға шапқан батыр қыздар осы біздің қазақ халқында болған. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта. Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын оданда артығырақ жақсартады. Қызды тәрбиелеу, өсіру, бойжеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып,ауа жеткізіп, арам шөптерден тазартып отыру керек. Бұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге беру маңызды мәселе болып табылады. Әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салады. әр қыз өз отбасының тәрбиесінен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағады. Қазақ қыздарына ғасырлар бойы осындай отбасылық тәрбие берумен өсірді. Өткенге қарап отырсақ ата-бабаларымыз қыздарын жақсы келін болуға емес, әр саладағы жақсы мамандар мен бірге «Ана» болуға тәрбиеледі. Болашақ ұрпақтың рухани несібесі бүгінгі қыздарымыздың қолында. Отан үшін қызмет еткен қыз, ең алдымен ана тілінің көзі, бастауы, мөлдір бұлағы. Ана тілі қызбен бірге, өседі. Қыз – Ана тілінің анасы, қоғам қайраткері, әйелсіз ешбір қоғам алға баспайды. Ал әйел тапқан бала – қоғамның жайқалған жемісі. Сол жақсы жемісті өсіретін де – әйел. «Қызға – қырық үйден тию» – деген мақал – ауыл болып, ағайын болып қызға ақыл айту, өсиет айту, өнеге көрсету деген сөз. Олай болса қыз тәрбиесі тек әке мен шешенің ғана емес, ағайын – туыстың, бүкіл ауылдық қоғамның мәселесі болуы тиіс. Қазір «жастар азып барады» , «жастар тәрбиесіз» дегенді жиі айта бастағандаймыз. Біле білсек, бұл жастардың емес, мына біздердің, яғни ата-аналардың, қоғамның қасіреті. Өйткені, нарық қыспағына тап болған, дәулеті шағын отбасынан шыққан жастар тұрмыс тауқыметке көп шалдығады. Сондықтан бұл мәселеде мемлекет, қоғам болып ойланатын жағдайлар тым көп.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *