Қауіпті топтағы балаларды анықтау және өзара тиімді әсер ету жолдары
Алматы облысы
Жамбыл ауданы
Тамыз конференциясы педагог-психологтардың секциясы
«Қауіпті топтағы балаларды анықтау және өзара тиімді әсер ету жолдары»
«Саурық батыр ауылындағы орта мектеп Бірлік бастауыш мектебімен»КММ
Ә.Қ. Гайнанова
Ұзынағаш ауылы 2015
Жоспар:
1.Кіріспе
2.Негізгі бөлім
3.Қортынды
4.Пайдаланылған әдебиеттер
Ата-бабамыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген сондықтан да «жаны баладай таза, бала сияқты ақкөңіл»деген сөз тіркестері белгілі бір пәк сезім суреттерін бейнелейді. Бірақ қазір жасөспірімдер арасында бұзақылық өршіген. Жақынына пышақ ала жүгіретіндері де аз емес. Жастар арасында қылмыс өршіп барады. Әсіресе, ауыр қылмыстың белең алуы алаңдатады. Ер балалардан қыздар да қалысып жатқан жоқ. Жылына төрт мыңға жуық жасөспірім түрмеге тоғытылады.
Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселелері болып келгендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Тәрбие ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Бала тәрбиесі салғырттыққа, себеп -сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата- аналардың саналық көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп пен отбасы арасындағы тығыз байланысқан одақ, нәтижелі жұмыс қажет. Соңғы кезде жасөспірімдер ,жеткіншектер арасында мектеп қабырғасында жүріп- ақ кейбір келеңсіз оқиғаларға оқушыларымыздың көп ұрынуы, «қауіпті топтағы» бала есебін толықтыруы, сөз жоқ, мектеп ұжымы мен ұстаздарды ойландырады. Осының себебіне үңілсек, әр түрлі пікірлер айтуға болады.
Қауіпті топ дегеніміз- мінез-құлқында ауытқушылығы бар және де қоғамда қалыптасқан нормалар мен ережелерді сақтамайтын топ.Ғылымда қауіпті дегеніміз- девиация латынның« deviatio » тыңдамау, ауытқу деген мағынаны береді . Осыған байланысты әдебиеттерде кездесетін «қиын бала»,девиантты мінез-құлық»,ауытқыған мінез-құлық”ұғымдары синонимдес болып табылады.
Ауытқушы мінез-құлық деп қоғамда қалыптасқан нормаларға сәйкес емес мінез-құлықты айтамыз (И.А.Невский). Белгілі әлеуметтанушы И.С. Кон девианттық мінез-құлықты психикалық денсаулық,құқық, мәдениет немесе мораль қалыптарының жалпы қабылданған қалыптардан ауытқыған іс-әрекет жүйелері ретінде қарастырады.
Девианттық мінез-құлық екі үлкен категорияға бөлінеді.Біріншіден,бұл анық немесе жасырын психопатологияның (патологиялық) барлығын білдіретін психикалық денсаулық қалыптарынан ауытқыған мінез-құлық.. Мұндай әрекеттер аз болса, олар құқық бұзушылық, ал салмақты болса,әрі жазаланса –қылмыс деп аталады.
С.А. Беличева девианттық мінез-құлықтың әлеуметтік ауытқуын былайша жіктейді:
Пайдакүнемдік бағытта: құқық бұзушылық, материалдық, қаржылық, дүние мүліктік пайда табуға ұмтылумен байланысты (ұрлау,тонау,алып-сату, алаяқтық және т.б) жасаған теріс әрекеттері;
Агрессиялық бағытта: адамға қарсы бағытталған әрекеттер (балағаттау, бұзақылық,ұрып-соғу, өлтіру, зорлау);
Әлеуметтік – енжар тип: белсенді өмір сүруден қашуға, азаматтық борыштарын өтеуден қашуға,жеке және әлеуметтік мәселелерді шешкісі келмеуге ұмтылу (жұмыстан,оқудан бас тарту, кезбелік,маскүнемдік, нашақорлық,токсикомания,өзіне-өзі қол жұмсау).
Осылайша, мазмұнымен де, мақсатқа бағытталғандығымен де ерекшеленетін ассоциалды мінез- құлық әр түрлі әлеуметтік мәселелерді ауытқушылықтардан көрінуі мүмкін: морал қалыптарының бұзылуынан, этнофункционалдық қызметтің ескерілмеуінен бастап, құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға дейін.
Балалар мен жеткіншектердің ауытқыған мінез-құлқы бір жағынан, тұлғаның тиісті ерекшеліктерінің туындауы мен дамуынан (тенденция) хабар беретін белгі ретінде қарастырылады, екінші жағынан, тұлғаның дамуына тәрбиелік ықпал ететін жетекші ретінде, оны қалыптастырудың немесе оның қалыптасуына мақсатқа бағытталған әсер ететін құрал ретінде көріне алады. Мінез-құлықты тұлғаның осы немесе басқа да ахуалының, оның даму тенденциясының куәгері ретіндегі феномен деп қарастыра отырып, біз мінез-құлықтың сырттай ұқсас ерекшеліктері индивид психикасында жүріп жатқан әртүрлі үрдістерден хабар беруі мүмкін екенін естен шығармауымыз керек.
Сондықтан да, оқушының қандай да бір мінез-құлқының ерекшелігінің ауытқушылық деп жіктемес бұрын, психолог оның ахуалын, тұрақтылығын, оның көріністерінің жиілігін, тұлғалық ерекшеліктерді, мінезді оқушының жасын және т.б. ескеру қажет. Тек содан кейін ғана қандай да бір пікір айтуға немесе ықпал ету іс- шараларын тағайындауға болады.
Кейде оқушы өзінің мінез-құлқы туралы пікірлердің шырмауына шалынып қалады. Соған сәйкес айдар тағылып, оның қоршаған адамдармен өзара қарым-қатынас сипаты және ол туралы бағалап пікір айту жүйелері қалыптасады. Күрделі зардаптарға алып келетін дөрекі педагогикалық қателік жіберіледі. Керісінше,мінез-құлықтың жағымпаздылығын немесе ыңғайлылығын (қызметшілік,сыншыл емес,назарының мұғалімде болуы, күткен түрде әрекет ету және т.б) мұғалім жағымды деп бағалап, оны ынталандырады, ал оқушы болса сынып алдында еліктеудің үлгісі ретінде таратылады.
Балалар мен жеткіншектердің мінез-құлқындағы ауытқушылық көріністері олардың адамгершілік және әлеуметтік дамуы жағынан дара ерекшеліктер мен тұлғалық көріністерін, нақты жағдаяттар мен өмір жағдайларына және іс-әрекеттеріне қарай әртүрлі болуы мүмкін.
Оларды мынадай топтарға топтауға болады: итермелеуші жағдайлармен туындаған жағдаяттық, уақыттық көріністерге немесе реакцияларға және жағымсыз өмір ахуалдарымен, іс-әрекеттермен негізделіп, қандай да бір тип түрінде дамитын мінез-құлықтағы ауытқушылықтың тұрақты нысандары.
Мінез-құлықтық реакция бір рет немесе жүйелі түрде әсер ететеін өмірдің жағымсыз жағдайларымен және шарттарымен шақырылады. Соңғы жағдайда нақ осы немесе басқа ахуалға алып келетін мінез-құлықтағы өзгерістер біртіндеп жиналып көрінеді немесе бірден шарт кетеді. Бұған мысал ретінде тойтарыс беруді, қарсы шығуды, кетіп қалуды, агрессияны келтіре аламыз. Бұл реакциялардың көріну нысандары өте көп болуы мүмкін. Олар әрдайым қандай да бір психологиялық ахуалға жауап ретінде туындайды да, оның жойылумен қоса бұл да жоғалады. Бірақ егер жағдайлар жиі қайталанып,бірінің үстіне бірі қатпарлана берсе,онда реакциялар беки түседі де, осындай немесе басқа типтегі мінез- құлықтың дамуына алып келетін тұрақты психологиялық комплекстер туындайды.
Белсенді-ыңғайланушылық немесе енжар- ыңғайланушылық мінез-құлық осылай қалыптасады: Деструктивті-агрессивтік, топтық іс-әрекеттерден және өзінің сол топтағы жеке мінез-құлқының төңкеріспен қайта құрылуға бағытталып өзгеруі; деструктивті –компенсаторлық, топтың іс-әрекетерінің және өз мінез-құлқының қайта құрылуы оның талаптарына қатты көнушілікпен қатар жүреді және бекітіледі.
Компенсаторлық-иллюзорлық мінез-құлық нысаны ерекше орын алады, яғни жеткіншектің қажеттіліктерінің және талаптануларының қанағаттандырылмауы, тұрақты психологиялық жайсыздық, жасанды қозу, масаю, қарым-қатынас жасауда музыканы, биді кері қолданады, никотинмен, ішімдікпен, нашақорлықпен,улы және дәрілік заттармен есеңгіреп қалады.
Оқушылардың девианттық мінез-құлқының себептері мен факторлары:
а) тәрбиеленгендігінің себебінен қажетті білімдердің, біліктердің, дағдылардың жоқтығынан немесе теріс тәрбиеден бұзылғандығынан, мінез-құлқындағы жағымсыз таптаурындардың қалыптасқандығынан баланың, жеткіншектің өзін дұрыс ұстамайтындығынан туындайтын әлеуметтік- педагогикалық олқылықтар;
ә) жайсыз жанұялық қарым –қатынастардан, баланы тәрбиелеуде ұлттық салт-санада қалыптасқан этнофункционалдық ерекшеліктерді мүлдем ескермеуден,жанұядағы жағымсыз психологиялық ахуалдан,оқудағы жүйелі сәтсіздіктерден, сынып ұжымынгдағы құрбыларымен өзара қарым-қатынастың орнамағандығынан, ата-аналарының, мұғалімдерпдің, сыныптас жолдастарының және т.б дұрыс емес (әділетсіз,дөрекі,қатал) қатынастарынан туындайтын терең психологиялық жайсыздықтардан;
б) психикалық және физикалық денсаулығы мен дамуы жағдайындағы ауытқушылықтармен, жас ерекшелік дағдарыстарымен, мінез акцентуациясымен және басқа да физиологиялық және психоневорлогиялық ерекшеліктер себептерімен;
в) ішкі және сыртқы белсенділігінің саналы көріністеріне,өзін-өзі көрсетуіне жағдай жасалмағандығымен; іс-әрекеттердің пайдалы түрлерімен айналыспағандығымен,жағымды және маңызды әлеуметтік және жеке өмірлік мақсаттары мен жоспарларының болмауымен;
г) қараусыз қалумен, қоршаған ортаның кері ықпал етуімен және осының негізінде дамитын әлеуметтік-психологиялық дезадаптациямен, әлеуметтік және жеке құндылықтарының жағымсыз түрге асуымен.
Балалар мен жасөспірімдерге қоршаған адамдардың немқұрайлылығы, зейін қоймауы негізінде дамитын әлеуметтік-педагогикалық бақылаусыз қалу бұл тізбектегі ерекше рөл мен мағынаға ие. Нәтижесінде жалғыздық,қараусыз қалғандық, қажетсіздік,қорғансыздық сезімдері пайда болады.
Өзінің ішкі әлеміне жақсы көретін,құрметтейтін адамдарының құндылықтары мен ұстанымдарын, нормаларын енгізген жасөспірім еліктеу арқылы өзінің қандай болғыс келетіндігі жөніндегі идеалын қалыптастырады. Жоғары адамгершілік ұстанымы бар адамдармен қарым-қатынас жасау –жасөспірімге мінез- құлқына қатынасын өзгертуге мүмкіндік береді.
Сондықтан да, тәуекел тобындағы балалармен жұмыс жемісті болуы үшін, әртүрлі формадағы ауытқушыларды тудыратыны факторларды анықтап алу қажет.
Балалар мен жасөспірімдердің дамуы мен мінез-құлқына кері әсерін тигізетін сыртқы факторларға мыналарды жатқызуға болады.
І. Қоғамда өтіп жатқан үдерістер:
-қоғамдық құндылықтар иерархиясын өзгертуге бағытталған айқын жағымды мемлекттік идеологияның жоқтығы;
– заңдардың және құқық қорғаушы орындардың жетілмегендігі, қылмыстардың жазаланбауы;
-Жұмыссыздық (нақты және жасырын)
– экономикалық тұрмысы төмен балалы отбасыларға әлеуметтік кепілдіктердің және мемлекеттік қолдаудың жоқтығы;
– ұлттық құндылықтарға мән берілмеуі;
– бұқаралық ақпарат құралдары арқылы зорлық-зомбылық және қатігездікті насихаттау;
– сапалы тегін қосымша білімге балалардың қолының жетпеуі (үйірмелердің,секциялардың және т.б)
-темекіге, ішімдікке,нашақорлық заттарға жолдың ашықтығы.
ІІ. Жанұяның жағдайы,оның атмосферасы:
-толық емес отбасы;
-отбасының материалдық жағдайы (кедейлік,байлық)
-ата-аналардың төмен әлеуметтік-мәдени деңгейі;
– отбасындағы тәрбие стилі (балаға бірыңғай талаптардың қойылмауы, ата-аналардың қатыгездігі, олардың жазасыздығы және баланың құқықсыздығы);
-баланың өзіндік құндылығын жоққа шығару;
-балалардың қажеттіліктерінің жеткіліксіз немесе асыра қанағаттандырылмауы;
-ата-аналардың ішімдікті, нашақорлық заттарды теріс пайдалануы;
ІІІ. Мектепішілік өмірдің жеткіліксіз ұйымдастырылуы:
-оқу және тәрбие үдерісін басқаруды ұйымдастырудың толық жетілмегендігі;
-мектептің материалдық қамтамасыз етілуінің нашарлығы;
-пәндік мұғалімдердің жетіспеушілігі;
-сабақтардың жиі болмай қалуы;
-сабақтан тыс жұмыстардың қанағаттандырғысыз ұйымдастырылуы;
-мектепте балалар ұйымдарының болмауы;
-мұғалімдердің бала және жас ерекшелік психологиясын білмейтіндігінен көрінетін кәсіптік деңгейінің төмендігі;
-«оқушы –мұғалім» жүйесіндегі өзара қарым- қатынастардың авторитарлық немесе бетімен кетушілік стильде болуы;
– оқушылардың білімін бағалауда объективтіліктің болмауы;
-ат-айдар тағу, мұғалімдердің оқушы тұлғасын басуы (қоқан-лоққы,қорлау және т.б)
– жетілмеген жаңа оқу бағдарламаларын енгізу, құндылықтар бағдарларының өзгеруі және соның негізінде «нені және қалай оқыту» мәселесінің туындауы;
-мектепке келген оқушылардың дамуының және оқу түрткілерінің төмендігі.
Аталып өткен тәуекел факторлары сыртқы, объективтік сипат алады.Сондай-ақ балаларға бұдан басқа да, педагогтар білімге тиісті ішкі тәуекел факторлары да әсер етеді. Оларға: өзінің қажетсіздігін сезіну, өзіндік бағасының төмендігі, өзіне-өзі сенімсіздік, өзін-өзі бақылау мен өзіндік тәртіптің жеткіліксіздігі,әртүрлі жағдайларда сындарлы ойлау мен адекваттық шешім қабылдай алмау, өз-өзіне және басқаларға өзінің сезімдері мен реакцияларын жеткізе алмауы жатады.
Балалар мен жасөспірімдердің тұлғасындағы және мінез-құлқындағы ауытқушылықтардың алдын алу,оларды психологиялық имунизациялауды қажет етеді, яғни, әлеуметтік –құзырлы адам болып қалыптасуы үшін мінез- құлықтың психогигиеналық дағдыларына, дұрыс таңдау жасай алу біліктерін үйрету.
Балалар мен жасөспірімдер тұлғасы мен мінез-құлқындағы ауытқушылықтың алдын алу жұмыстары тек мыналардың негізінде жүзеге асса ғана тиімді болады:
1. оқу іс-әрекеті жемісті болғанда;
2. оқушыларды қанағаттандыратын, эмоционалдық жағымды өзара қарым-қатынас жүйелері ( құрбылармен, мұғалімдермен, ата-аналарымен);
3. психологиялық қорғалуы болғанда.
Соңғы жағдай тікелей түрде әлеуметтік қорғалумен байланысты. Оған мыналар кіреді:
1 Оқушылардың өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуі;
2 Оларды мұғалімдер мен оқу және тәрбие үдерісіндегі басқа субъектілердің бұлжытпай орындауы;
3 Оқушылардың қандай да бір белгісіне қарай дискриминацияға ұшырауына жол бермейтін психологиялық және әлеуметтік теңдік;
4 оқушылардың жеке дара ерекшеліктері мен өзін-өзі анықтау құқығын сақтау қажет
Қауіпті топтағы балаларды анықтау мақсатында психодиогностикалық бағыт бойынша бірнеше тест,сауалнама жұмыстары жүргізілді.
Психологиялық диогностикалық бағыт бойынша, қыркүйек айында 1-11 сынып оқушыларының өзін-өзі бағалауын анықтау мақсатында, «Баспалдақ әдістемесі, «Шеңберлер әдістемесі » алынып, өзін-өзі төмен немесе жоғары бағалайтын оқушылар анықталды. Нәтижесінде оқушыларында 5% оқушы өзін-өзі жоғары бағалайтыны анықталды, 1-11 сыныптпрында 6% оқушы өзін өзі төмен бағалайтыны анықталды. Осыған себеп отбасының әлеуметтік жағыдайы төмендігі , оқушылар мен толық емес отбасы .5-11 сынып оқушыларының ішкі эмоциялық көңіл-күйлерін анықтау мақсатында «Эмоцияналдық тұрақтылықты анықтау » тесті алынды. Нәтижесінде эмоцияға бейім -14 оқушы анықталыды Оқушының психикалық күйін мойындау немесе жоққа шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қобалжу, фрустация, агрессия және ригидтілік деңгейлерін анықтау мақсатында “Айзенк” тесті алынды. Жекедаралық қобалжу – индивидтің үрейді уайымдауға бейім-11 оқушы
Фрустрация – шынайы немесе қиялдағы кедергілер салдарынан пайда болатын, мақсатқа жетуге кедергі болатын психикалық күйде-7 оқушы
Агрессия – жоғары психологиялық белсенділік, басқа адамдарға қатысты күш көрсете отырып лидерлікке ұмтылу-3 оқушы
Ригидтілік-жоспарланған істі өзгертудегі қиындық-6 оқушы анықталды.
Тұлғаның қобалжу деңгейін анықтау мақсатында “ Мазасыздықты анықтау тесті” жүргізілді. Нәтижесінде төменгі қобалжу 27%, қалыпты қобалжу
63 %, жоғарғы қобалжу 9 % көрсетті.
Мұғалім мен оқушы қарым –қатынасын,пәндік қызығушылығын анықтау мақсатында “ Мұғалім-оқушы ” , “Мұғалім даусы” ,Оқушы даусы анықталды. сауалнамасы алынды. Нәтижесінде мұғалімге қарсылық білдіретін дөрекі сөздер айтатын оқушылардың жоқ екендігі , мұғалімнің оқушыларға дөрекілік танытпайтындықтары анықталды.
Суицидтің алдын алу мақсатында «Мен өмірді сүйемін»тақырыбына шығарма, «Шынайы достық қиындықта сыналады »тақырыбында эссе жазылды. Суицидтің алдын алу мақсатында «Суицидті адамдарды зерттеу сызбасы» сауалнамасы алынды. Нәтижесінде бойында қобалжуы бар 2 оқушы анықталып, түзету жұмыстары жүргізілді.
Оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықты күш көрсетуді анықтау мақсатында 5- 11 сынып оқушылары аралығында қараша айының 26-29.2014ж аралығында тест алынды. Тестке барлығы -78 оқушы қатысты. Тест оқушының аты-жөні жазылмай жасырын түрінде өткізілді.Оқушыларға тез әрі ойланбай жауап беру талап етілді. Тест-15 сұрақтан тұрады.
Тестің нәтижесі бойынша мектепте сынып арсында,жалпы мектеп бойынша оқушылар арасында бір-біріне күш көрсетіп, зорлық-зомбылық көрсететін сыныптар,оқушылар кездеспейтіндіктері анықталды. Бір-біріне күш көрсетіп
жазықсыз ұрып соғу,қорқыту,жеке өзіне тиесілі заттарды бопсалап тартып алу болған жоқ. Мектепте ұйымдастырылған жеке топтар жоқ. Басқа мектептердің балалары арасында қақтығыс күш-көрсету, бәсекелестік жоқ. Бұл жағдай барлық сыныптарда ұлдар арасында ,қыздар арасында да орын алмайды. Мектеп бітіріп кеткен оқушылар мен мектептегі оқушылар арасында күш-көрсету,зорлық,бопсалау болған жоқ. Мұғалімдер мен оқушылар арасында кикілжің дау- дамай кездескен жоқ. Ата-ана мен бала арасындағы жай күйді анықтау мақсатында «Ата-ана мен бала» тесті жүргізілді. Нәтижесінде баланың тәрбиесіне өз уақытын көп бөлетін ата-аналар – 73 %, уақытты аз бөлетін ата-аналар 27 % көрсетті.
Психопрофилактикалық бағыт бойынша, мінезінде психологиялық ауытқушылығы бар оқушылардың ата-аналарына , отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты, мінезінде ауытқушылығы бар балалармен, ата-аналармен, ұстаздармен үштік одақты нығайту, қарым-қатынасты реттеу, бір-бірін түсіне білу мақсатында «Тәрбие отбасынын басталады» , «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ», «Баланы мадақтау мен жазалау»тақырыптарында баяндама оқылды. Оқушыларға «Ұялы телефонның зияны», «Жеткіншектерге компьютерді әсері» ,
«Зорлық-зомбылық күш көрсетудің алдын алу » тақырыптарында баяндама оқылды. «Темекінің зияны», «Суицидтің алдын алу», «Ішімдіктің зияны»,
«Нашақорлық » тақырыптарында видиороликтер көрсетілді.
Мінезінде психологиялық ауытқушылығы бар балалар мен ата-аналар мен, ұстаздармен психологиялық түзету-дамыту жұмыстары жүргізілді.Баламен және әр түрілі жаттығулар жасалып, музыка терепия, және аутотренингтер жүргізіледі. Оқушылармен «Өзіңді-өзің тани біл» атты коррекциялық сабақ өткізілді. Және де мінезінде ауытқушылығы бар оқушылармен әр ай сайын психологиялық-коррекциялық жаттығулар жүргізілді.Баланың өз-өзін қадағалап, өз мінезіне талдау жасай білу мақсатында «Менің мінезім» , сыныптың, ата-анамен балалар арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Бақылаушы-басқарушы » ойыны ойнатылды.Өзара жағымды ахуал қалыптастыру мақсатында «Жылы жүрек », баланың ішкі эмоциялық ашу-ызасын шығару мақсатында «Ашуды шардан шығару», Баланың мінез-құлқын түзету мақсатында «Қолғап», «Мазайка», «Мен қандаймын»,
«Жарнамалау », «Жетістік» тренингтері өткізілді.
Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бірден- бір жолы бұл оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру болса, осы бағыттағы жұмыстардың бәрі мектепте оң жолға қойылғанын атап кетуге болады. Егер де бала өз уақытын тиімді іске арнайтын болса, оған ұстаздары үлкен сенімділік артып, белсенділіігін қолдайтын болса, бала тәртіпсіздік жасау түгілі, тіпті жаман әдетке де бойын алдырмауға да дағдыланып кетеді.
Қазір білекке сенетін заман емес, білімге сенетін заман. Сондықтан да ұстаздардың алдында жас ұрпақты үздіксіз тәрбиелеумен қатар терең біліммен қаруландырып, алған білімдерін өмірдегі қажеттігіне жарата алатындай етіп қалыптастыру сияқты міндеттер тұр. Себебі, қазіргі жаһандану заманында қоғамға білімді, сапалы , жоғары интеллектуалды, жан -жақты жеке тұлға қажет. Сондықтан мектеп – мұғалім- ата ана арасындағы «үштік одақ» жақсы болғанда ғана ,алға қойған мақсаттарға жетуге болады. Қорыта келгенде,тәрбиесі «қиын» жасөспірімдерді тәрбиелеу проблемасын ата –аналар, психолог-педагогтар болып бірігіп қолға алуымыз қажет.Өйткені тәрбие саласында жүрген кемшіліктерді уақыт өткен соң қайыра қалпына келтіру қиын. Жас шыбықтың шорт сынбай, қайырылса да қайта орнына келгенінің жақсы болатыны секілді, қиюы келіспеседе қиын баланы тәрбиелеу қажырлы,қайратты еңбекті талап етеді.Ұрпағымыз жұмсақ мінезді, мейірімді ,байланыс жасауда қиындық тудырмауы үшін өмірдің сынына төзбей ,«қиын бала» атанған бауыр етіміз балалардың тәрбиесіне бір жеңнен қол , бір жағадан бас шығарып іске кірісе отырып, болашақта бұндай балалардың қатарының артуына жол бермеу біздің педагогтардың басты міндеттерінің бірі деп санаймын.
“Балаға қайырымдылық пен жаман қылық әуел бастан жаратылысынан дарымайды. Бірақ қайырымдылықпен немесе жаман қылықпен байланысты күйге жаратылысынан бейім болуы мүмкін, сонда оған қандай да болсын басқа әрекеттерден гөрі әлгі күйден туатын әрекеттерді істеу оңайырақ болады. Сондықтан, оны қандай да болсын сырттан келген басқа бір ниет қарама-қарсы жаққа бағыттап жібермесе, ол әуел бастан-ақ жаратылысынан өзіне оңайырақ келетін әрекетке бет қояды”деген Әл Фараби . Барлық жағымды, жағымсыз оқиғалар санасына жаңа ғана сәуле саңылауы түсе бастаған балаларға әсер етері анық –дей келе қандай жағдай болмасын көк шыбықтай көктеген балаларымыздың күні ертең ел азаматы болып шығу өлшеусіз үлес қосу басты міндеті “Бәрі анадан ізгі болып туғандар, сүтпен сіңіп жан-жүйесін құғандар, жақсыға ерсе жақсы бола бастайды, жаманға ерсе, жауыздықтан қашпайды”. Сонда жасөспірімдер арасындағы бұзақылыққа кім кінәлі деген сұрақ туындағанда ол отбасындағы тәрбиенің төмендегені, ата-ана балаға деген көзқарасын дұрыс түсінбеуі, қоғамдағы теріс ықпалынан балаларын қорғау білмегені деп қорытындылауға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.»Балаларға өзара тиімді әсер ету жолдары» . К.Елшібаева /Алматы 2010ж/
2. «Мектептегі психология журналы» № 6 /2006ж/
3. «Психологиялық тест жинағы» Ф.Бизақова /2012ж/
4. « Психологиялық түзету дамыту жұмыстары» Ф.Бизакова /2012ж/
5. «Жүйке жұқармасын десеңіз». Г.Я Долгопиятов /1994ж/