Ата-аналарға арналған жаттығу

Ата-ананың бала тәрбиесіндегі қолданатын әдіс-тәсілдерін жетілдіруге арналған жаттығулар

Мақсаты: ата-аналарды өмірге қуана білуге, ол қуаныштарын балалармен бөлісе білуге дағдыландыру; баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін және қарым-қатынас дағдыларын жетілдіруіне, өз баласын жақсы тануына ықпал ету.
Әдісі: пікір алмасу, сұрақ-жауап, жаттығулар.
Барысы:
1. Психолог сөзі:
Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар!
Бүгінгі «Өмірде әр минут ғажайыпқа және мәңілікке толы» атты тренингке қош келдіңіздер!
1.“Танысу” жаттығуы
Ата- аналар шеңбер бойымен тұрып, әрқайсысы өзінің есіміне сын есім қосып кезекпен айтып шығады. Мысалы: Сабырлы – Салтанат, аяулы – Айгүл, жайдары – Жаннұр т.с.с.
2.“Бәрі бірдей емес” ойыны
Барлығыңызда қолдарыңызға алдарыңызда жатқан майлықты алыңыздар. Менің айтқанымды бұлжытпай орындаңыздар:
— Майлықтың оң жақ шетін үзіңіз, енді ортасынан бүктеп оң жақ шетін үзіңіз, ортасынан бүктеп оң жақ шетін үзіңіз, ортасынан бүктеп оң жақ шетін үзіңіз, ортасынан бүктеп оң жақ шетін үзіңіз. Енді майлықты ашып қараңыз. Не шықты? Бәріңіздікі бірдей ме? Жоқ! Неге бірдей шықпады? Бәріміз бір нұсқауды орындадық емес пе?
Қорытынды: Біз әр түрліміз, яғни бір нұсқауды әр бала әр түрлі қабылдайды, егер бізді баламыз түсінсін десек, онда нақты дәл нұсқау беріңіз. (3 шапалақ)
3.“Бір күні” жаттығуы
Жайлы әуен ойнап тұрады. Көзімізді жұмамыз, терең дем аламыз, өзімізді еркін сезінеміз де әр күнді қалай өткізетінімізді көз алдымызға елестетеміз (2 секунд)
Көзімізді ашып, бір күнімізді қорытып шығамыз. (бірнеше ата-ана бір күнін қалай өткізетінін айтып өтеді).
Талқылау:
1. Әр күніңізді осылай өткізу сізге ұнайды ма?
2. Бір күнде балаңызға қанша уақыт бөлесіз?
3. Осы күніңіздегі қуанышты сәттеріңіз көп болды ма?
4.“Ойыңды айтуды ұмытпа” жаттығуы
1. Қарым-қатынас дегеніміз не? (Адамдардың бір-бірімен білім, еңбек, жан дүниесі туралы ашылып сөйлесуі).
2. Балаңызбен үнемі қарым-қатынаста боласыз ба?
3. Бала үшін қарым-қатынас қажет пе?
4. Баламен қарым-қатынас қандай болуы керек?
5. Баламен ата-ана арасындағы қарым-қатынастар үнемі жақсы бола бере ме, әлде қиындықтар туа ма? Туса не себептен болады? Оған кім кінәлі деп ойлайсыз?
6. Балаңызға жиі ашуланасыз ба, өз ашуыңызды қалай көрсетесіз?
5. “Менің өмірлік құндылығым” диагностикасы
Ата-аналарға мынадай сұрақ беріледі: Сіз үшін қазір өміріңіздегі ең басты нәрсе не болып табылады? Ең басты болып табылатын бес құндылықты жазыңыз.
Талқылау: Ата-аналар жауаптары оқылып, талданады.
Ата-аналарға өмірлік құндылық жайлы түсінік беріледі.
Қорытынды:
Ал, енді бәріміз мына ақ жүрекке назар аударайықшы. Ол тірі емес, біз қазір оған жан береміз. Мына жүрекшелердің артына балаға деген ақ тілектеріңізді жазуларыңыз керек. Жазылған ақ тілектеріңізді оқи отырып, үлкен жүрекке жапсырайық. Жүрек тірілді, ол үнемі дүрсілдеп соғып тұратын болады.
Тәрбие ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Ж.Ж.Руссо: “Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимақты қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де солай сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді”- деген екен.
Ендеше, ата-аналар, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер оларға үлгі болар бейне екендігімізді ұмытпайық.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *