«Ерлік істер – ел жадында мәңгілік»

«Ерлік істер ел жадында мәңгілік»

Жоспар:

  1. Қазыналы Қазақстан
  2. Жақсының аты өлмес
  3. Бүгінгі саналы ұрпақ – ертеңгі жарқын болашақ

 

Бүгін міне, қолыма қалам алып, ойымның тұңғиық тереңіне бойлап, жұдырықтай жүрегімнен шыққан әр сөзді ақ қағаз бетіне түсірсем бе деймін. Дәл қазір бойымды мақтаныш сезімі кернеп барады.  Себебі, мен Қазақстандай алып мемлекеттің азаматшасымын. Ал, біздің Отанымыз Қазақстан  ең бір бай мемлекеттердің бірі десем, шалыс айтпаған болармын. Себебі, біздің жеріміз, егемендігіміз, тәуелсіздігіміз, Ата заңымыз, тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз бәрі-бәрі бар. Демек, біздің Отанымыз Қазақстан – нағыз қазыналы ел. Мұны мен ауыз толтыра айта аламын.  Ал осы байлыққа, мол мұраларымызға  қалай  қол жеткіздік десеңші?! Шіркін, бұл қазыналарымызды сақтап қалу үшін қаншама батыр аға-апаларымыз қан майданда қыршынынан қиылды. Олар еліміздің, жеріміздің, мына біздердің болашағымызды ойлап, өз жандарын қиды. Ол – нағыз ерлік.  Білектің күшімен, найзаның ұшымен, намысты қолдан бермей, елімізді қорғап, ерлік көрсеткен батырларымыз жайлы сөз қозғағанда көз алдыма оның сонау бастауы елестейді. Жалпы, мына біздердің яғни қазақ халқының өткеніне, бүгініне, келешегіне көз жүгіртсем, сылдырап ағып жатқан өзенге теңеймін. Өзен әрдайым бір орында тұрмай, өз арнасымен тоқтаусыз ағып жататыны сияқты қазақ халқының да тағдыры мен тыныс-тіршілігі дәл солай. Өзен үнемі тоқсаусыз аққанымен, оның бастауы бар. Сол сияқты «Қазақ хандығының» да құрылған кезі, яғни бастауы бар. Оған ай емес, жыл емес, тіпті қаншама ғасырлар өтті.  Бірақ, сол кездің өзінде ерлік көрсеткен батырларымыздың есімдері тарих беттерінде сақталып, күні бүгінге дейін жеткен. Мәселен, Керей мен Жәнібек, Кеңесары Қасымұлы және т.б. Ал, одан кейінгі 1941-1945 жылдары болған сұрапыл соғыс та қаншама жанды өксітіп, ауыр зардабын тигізіп, қаншама жанның өмірін алды. Бұл тақырыпқа ой қозғасам, көзіме еріксіз жас келеді. Дана халқымыз «Жақсының аты өлмейді»- деп, бекерге айтпаса керек. Иә, сол Ұлы Отан соғысында  жерімізді сақтап қалған Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды батыр аға-апаларымыздың ерлік істері де  мәңгілік жадымызда сақталып, ел тарихында есімдері алтын әріппен жазылып қалды. Жыл сайын Жеңіс күнін атап өткенде батырларымызды есімізге алып, рухтарына бас иіп жатамыз. Міне, биыл сол тарих беттеріндегі алтын әріптер  тағы да сыр шертіп, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына куә болудамыз. Меніңше, бұл Қазақстандық әр азамат үшін үлкен мақтаныш, әрі мәртебе. Сол бір 1941-1945 жылдары болған сұрапыл соғысты жеңіспен аяқтаған батырларымыздың есімдері мен ерлік істері ешқашан да ұмыт болмайды. Аталған жеңістен кейінгі  нағыз бейбіт өмірді, тәуелсіздікті қолға алу да оңай болмады десем, артық айтпаған болармын. Оның дәлелі 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісі. Ол да бір ел тарихындағы зұлмат кезең. Онда да қаншама батыр аға-апаларымыз көтеріліс құрбандары болды. Олардың есімдерін атап өтпеу мүмкін емес. Мәселен, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова. Бұл есімдер де ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі игі іс ертеңгі тарих екендігінің дәлелі іспеттес. Қазірде еліміздің дамып, көркейіп, өзге елдермен терезесі тең, нағыз маңдайы жарқыраған ел болуы үшін аянбай қызмет етіп жүрген бүгінгі күннің батырлары қаншама?! Осы тұста Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ерекше атап өткім келеді. Оның есімі әр Отандасымыздың санасында бұлбұлша сайрап тұрғаны баршамызға мәлім.  Демек, ел үшін атқарған ерен еңбектері ел тарихында мәңгілік сақталады. Елбасымыз  “бүгінгі күннің батыры” деп айтуға әбден лайық.  Аты аталған батырларымыздың есімдері мен ерлік істері қалай сақталса, мына бүгінгі бейбіт өмірде ел үшін, жер үшін, халқы үшін игі іс тындырған әрбір азаматтың есімі де дәл солай сақталарына кәміл сенімдімін.

Бүгінгі өскелең ұрпаққа сол бір жылдардағы батырлардың ерліктерін насихаттап, оларды ұлтжандылыққа, татулыққа, имандылыққа тәрбиелесек, онда ертеңгі болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *