Жаңа технология арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру
Жаңа технология арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы,
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейірімділікті қажет ететін мамандық бұл – ұстаздық мамандық.
«Болашақта еңбек етіп өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелер міндет ауыр. Ұлттық бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте оның білім деңгейімен анықталады»,- деп
елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге бейімдеп, жан-жақты біліммен қаруланған жеке тұлғаны қалыптастыру керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік ұстазды небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады. Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай силау, құрмет тұту. Бұл мұғалімнің терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінен келіп шығады. Қазіргі таңда Республикамызда білім берудің жаңа жүйесі жасалып, Қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Бұл оқудағы жаңа тәсілдерге байланысты болып отыр: білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, мұғалім мен оқушылар арасында жаңаша қарым-қатынас пайда болды. Жаңа тәсілдерді меңгеру мұғалімнің кәсіби шеберлік, адамгершілік, рухани, білімді де білікті адам қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Осыған орай ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болуы қажет? – деген сұрақ туындайды.
Білім берудің әлеуметтік технологиясы бір күнде пайда бола қойған жоқ: адамдар оны уақыт өте келе дамытып, жетілдіріп, ежелден пайдаланып келе жатыр. Сонда мынадай сұрақ туындайды: баяғыдан бері адамзат пайдаланып келе жатқан жүйе неге бүгінгі күні қанағаттандырмайды? ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғам жаңа жағдайға тап болды: басқару және ақпарат құрылымдарында, ғылымда үлкен өзгерістер, жаңа бет бұрыстар орын алды. Сондықтан білім беруге де осындай өзгерістер енгізу қажет болды, яғни «адами ресурстарды» игеру және жеке адамның интеллектуалдығын көтеру керек.
Әрине, бұл ХХІ ғасырдың қойған талабы. Осы талапқа сай адамның барлық шығармашылық мүмкіндіктерін пайдаландыратын жаңа технологиялардың бірі «Сындарлы оқыту» бағдарламасы.
Қазіргі инновациялық технологиялар – білім сапасын арттырудың кепілі. Оны өз дәрежесінде пайдалану – оқушыны шығармашылыққа төселдіруге ықпалы өте зор. Оқытудың тиімділігін арттыру үшін өз сабақтарымда жаңа технологияларды қолданамын. Жаңа технологиялардың ерекшелігі – оның оқушыға жан – жақты ықпал етуі. Яғни тек білімді немесе оқу бағдарламасын меңгертіп қоймай, жеке тұлғаның танымдық қабілеттерін арттыруға, өзін – өзі өзектендіруге, шығармашылық қабілеттерін қалыптастыруға, өз бетімен білім алуға, ізденуге деген ықыласы мен іскерлігін, оқу – танымдық ынтасын жетілдіруге, әрі жеке тұлғаны жан – жақты дамытуға жетелейді. Әр мұғалім өз сабағының – көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу оның шеберлігіне байланысты.
Сыни тұрғысынан ойлау (СТО) – сынау емес, шыңдалған ойлау. Бұл модуль бірнеше стратегиялармен жұмыс істеу арқылы жүзеге асырылады.
Бұл әдісті қолдану арқылы мынандай нәтижелерге қол жеткізуге болады:
• оқушыларды ойландыруға
• өз ойларын ашық айтуға
• пікір таластыруға (дебат)
• дұрыс сөйлей білуге
• өз бетімен ізденіп, жұмыс істеуге
• шығармашылығын дамытуға
Сыни тұрғыдан ойлау модульі бойынша сабақ үш сатыға бөлінеді:
І. Қызығушылығын ояту.
ІІ. Мағынаны тану.
ІІІ. Ой толғанысы.
І. Қызығушылықты ояту – сатысында бүгінгі қарастырғалы тұрған мәселе туралы оқушы не біледі, не айта алады, бұрыннан білетінін еске түсіру, ой қозғап, әсер ету кезеңі болады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда оқушылар бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады. Жаңа технология арқылы бала білім алу мен қатар өз бетінше шешім қабылдауға дағдыланады. Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, яғни оқушылармен өзара қоян – қолтық қарым – қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру.
ІІ. Мағынаны тану – сатысында нақты тақырыпты мұғалім сұрақ – жауап арқылы, өз беттерімен ойларын айтуға, тапсырмалар орындауға бағыттайды.
Бұл кезеңде оқушы жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс жасайды, тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешімін табу үшін топқа сұрақ қояды және басқаларды сұраққа тартады.
ІІІ. Ой толғанысы – сатысында оқушы не үйренгенін қорытып, саралап, оны түсіндіру арқылы білім жинақтайды. Осы кезеңде оқушы не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін үйренеді. Мысалы, бұл жерде балалар эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды. Бұл модульдің нәтижесі көп. Атап айтар болсам, ой – пікірін ашық, еркін айтады, бір – бірінің сабақ барысында қателіктерін айтып, жақсы қасиеттерін үйренеді, бір – біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады. Сондықтан ең басты мақсат – оқу тәрбие үрдісінде бір – бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды, яғни топпен, жұппен жұмыс жасауды ұйымдастыру. Мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл – ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс. Мұғалім әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін, оның алға жылжуына ықпал етуге міндетті. Сындарлы оқыту бағдарламасының өн бойында мұғалім мен кез-келген оқушы арасындағы тығыз байланыс көрсетілген. Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Ол маңызды мәселелерді талқылау және тәжірибені ой елегінен өткізуді қамтиды. Қазіргі заман ағымы болашақ ұрпақтың ой -өрісінің шыңдалуын, жеке тұлға ретінде қалыптасуын талап етуде. Осы орайда ұлы педагог Ушинскийдің «Бала балқытылған алтын», -деген қанатты сөзі еске түседі.
Егеменді еліміздің алғы шарттары өркениетті елдер қатарына көтерілуі керек болса, өркениетке жету үшін жан – жақты дамыған, рухани бай тұлғаны өсіру керек. Жас ұрпақтың бойындағы қабілетін көру, оны жетілдіру ізденгіштік қасиетін дамыту мұғалімнің сабақ берудегі ізденушілік, шеберлік қабілеттеріне байланысты. Қазіргі болып жатқан саяси – экономикалық, мәдени – әлеуметтік өзгерістер халыққа білім беру жүйесінің барлық буындарында білім беру ісін жаңа сатыға көтеруді талап етіп отыр. Осыған орай жаңа кезеңдегі озық педагогикалық және әдістемелік идеяларды ой елегінен өткізіп, бүгінгі заман талабына сай, жаңа жағдайларды қолдану ерекше маңызға ие болып отыр. Ж.Аймауытов ағамыз «сабақ беру үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер»- деген, яғни оқу үрдісін жаңаша ұйымдастыру, оқушылардың әрекеті арқылы ойлау дағдыларын жетілдіруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға негізделуі қажет. Бүгінгі жастардың талабы мен рухани талғамы жоғары. Республикамызда тұлға әлеуетін дамытуға, ойын еркін жеткізуге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, креативтілікті арттыруға барлық жағдай жасалған. ХХІ ғасыр технологиялық мәдениет, ақпараттық қоғам дәуірі болып табылады. Оқу үдерісінде компьютерлік технологияларды қолдану, жоба құру, бейне, графикалық дизайн, анимация мен құрылымдық анықтау – жаңа әдістің пайда болуына, оны ұйымдастыру түріне әкеледі. Қазіргі дамыған қоғам деңгейінде еліміздің ертеңі үшін шығармашылық қабілеті дамыған әлеуметтік белсенділігі жоғары тұлғаларды тәрбиелеп шығару қажеттілік деп санасақ, оның негізі информатика пәнін оқытуда жатыр. Компьютер және ақпараттық технологиялар арқылы жасалып жатқан оқыту процесі оқушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жобалар құру мен жаңалықтар ашуға ынталандырып, нәтижесінде өздерінің кәсіби потенциалдарының қалыптасуына жол ашу қажет.
Білімді ұрпақ – ел болашағы. Оқушы күшпен қуатты да, шабыт пен дарынды да ұстаздан алады. Сондықтан бүгінгі таңда ақпараттық жаңашыл технологиялармен қаруланған педагог өскелең ұрпақтың толық қанды білім алуына, ізгілік қасиеттерді бойына сіңіруге, ұлтжанды, тәрбиелі жеке тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Төретам кенті