Жақсыға құрмет, жас- жаранға міндет
Жаз бойы еңбектенген жер ананы сары алтындай жапырақтарымен көмкеріп, күз келді. Оқушыларсыз жетімсіріп тұрған мектеп есігін айқара ашып, сыңғырлатып қоңырауын соғып, еркін ойнап қалған балалар мен аз да болса балалардан қол үзіп, демалып қалған мұғалімдерді қуанышпен құшағына алды. Мектеп ауласы біресе тып- тыныш болып, бірде абыр-дабырға толып кетеді, ойын қызығынан арыла алмаған оқушылар терезеден аулаға көз сүзіп, жазды қимай қарап қояды. Мұғалімдер де өзгеге үйретуден танбайтын, өзі де үйренуден тынбайтын жұмыстарына құлшына кірісіп кеткен.
Таңертең ерте тұрып, жұмысқа беттеген Ардақ Тынымжанқызы үйінің жанындағы №8 жалпы орта білім беретін мектептің күнделікті осы көрінісіне қуана да, қызыға жымиып қарап өтті. Қуанатыны, талай шәкірт тәрбиелеп, еңбегінің жемісін көрді. Қызығатыны «енді осылай шәкірттерге сабақ берем бе?» деген сағыныштан туған ішкі ойы. Қандай марапатқа да, қошеметке де лайық қарапайым ұстаздық еңбек жолын осы мектептен бастаған еді. Саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған жас маман ұзақ еңбек жолын батыл да, нық бастап кеткен болатын. Уақыт, шіркін, бір орнында тұрмайды, зымырап күндер, айлар, жылдар өтіпті. Жылдар зая кетпеді. Қаншама қыркүйектің сыңғырлаған алғашқы қоңырауын қарсы алып, мамырдың соңғы қоңырауымен аяқтатты. Талай баланың қиялына қанат бітіріп, сәби санасына нәр құйды. Абай атамыз айтқандай «Дүниеге керекті бір кірпіш боп қаланып», білім саласына өз үлесін қосып, өз қолтаңбасын білім саласына бір адамдай қалдырған екен.
Адам өмірінің кезеңдері де жыл мезгілдері іспеттес, көктем-жазы мен күз- қысы болатыны белгілі, сол сияқты жас кезде еңбектенсең, күзі мен қысында еңбегіңнің жемісін жеп, зейнетін көресің деген осы –ау, «еңбегімнің зейнетін көретін жасқа да таяп қалыппын» деп ойға шомды Ардақ Тынымжанқызы. Үнемі ізденіс үстінде жүрді, тәжірибе жинап, үздік мұғалім атанып, педагогикалық технологиялар мекемесінде мұғалімдермен семинарлар, сабақтар жүргізіп, білім саласындағы жұмысы үздіксіз жалғаса берді. Ойлап қараса, осы жасқа құр қол жетпеген екен, қоржыны үлгі тұтарлық бай тәжірибеге мол. Бұл үздіксіз тәжірибе, әдіс, уақыт, төзімнің арқасы. Қазір сол қоржынмен мұғалімдермен бөлісіп, білек сыбана, бел шешіп жұмыстануда. Білім саласына қосқан еңбегі үшін түрлі марапатқа ие болып, үлкен абырой мен сый-құрметке ие болды.
Бүгін де елең-алаңнан жұмысқа беттеуі де, еңбекке деген құштарлығы. Бұрын оқушыға білім берсе, енді, сол оқушыны оқытатын мұғалімді оқытпақ. Өз тәжірибесімен бөліспек. Елімізде болып жатқан білім жаңарту курстарын өткізбек.
Осылайша мектеп пен оқушылардың балғын балалық бақытты көрінісінен туған ойлардан Ардақ Тынымжанқызы сонау қызығы мен шыжығы қатар жүрген жылдарға кейін шегініп, өз іс-әрекетіне талдау жасап, ойға шомып кеткенін байқамады. Қараса жұмыс орнына, Маңғыстау облысы біліктілік арттыру институтына да келіп қалыпты. Жүзі мейірімге толы, ылғи да бір қалыпты салмақты мінезінен танбайтын жан, кезекті күнгі қарбалыс жұмысына кірісуге, есікті айқара ашып еніп кетті.
Жазушы А.П.Чеховтың «Адамда бәрі-жаны да, киімі де, ойы да сұлу болуы керек» деген ұстанымын ылғи басшылыққа алатын жанның бойынан сыпайылық пен салтанаттылық, кішіпейілділік пен табандылық сияқты қасиеттер бір қарағаннан көзге түсетін, әрі тұла бойында тектілік пен парасаттылық ұялаған бірегей жан бүгінгі күнде өз ісінің маманы атанған ұлағатты ұстаз, бір әулеттің ұйытқысы асыл жар, аяулы ана, ардақты әже! Ардақ Тынымжанқызы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын!
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ, Мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы М.Сахарбаева