Менің мамандығым тәрбиеші
«Менің мамандығым – тәрбиеші»
Кез-келген адамның өмірінде болашағына жол сілтейтін маңызды шешімдері болады. Сол шешімдердің бірі, әрине болашақ кәсібіңді, мамандығыңды таңдау.
Абай атамыз айтқандай: «Неге арналсаң, соны істе» деп, қашанда адам өмірден өз орнын өз таңдауымен тапқан жөн. Мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, сонымен қатар өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Қазақ «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп бекер айтпаса керек.
Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Мен өзім ұстаздар әулетінен шықтым. Мектеп табалдырығында жүрген сәттен бастап-ақ мен ұстаз болуды армандайтынмын.Сол мақсатпен Көкшетаудағы педагогикалық колледждің «Бастауыш сынып мұғалімі» факультетіне оқуға түстім. Сол мамандықпен қатар «Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру» мамандығы қосымша оқытылды. Оқу бітірген соң мен тәрбиеші мамандығы бойынша жұмыс жасадым. Содан бері менің мамандығым – тәрбиеші болды. Осы жолда аянбай еңбек етуге уәде бердім. Осы мамандыққа деген қызығушылығым арта түсті. Себебі, мен балаларды өте қатты жақсы көремін. Себебі бала – кіршіксіз пәк, тап-таза мөлдір судай. Олардың осы пәк көңілдері мен таза жүректері, менің осы мамандықты әрі қарай алып кетуіме себепші болды десем болады.
Тәрбиеші мамандығы күрделі де, қызықты, сонымен қатар жауапты. Балалармен жұмыс жасау – үлкен қуаныш, бақыт. Себебі, балалар еш нәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақандарын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып, сенім артады.
Менің тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргеніме 3 жыл уақыт болады. Осы уақыт аралығында мен ешқашан да өкінген емеспін, жұмыс жасаудан еш жалыққан емеспін. Себебі, менің кішкентай , пейілдері тап-таза бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы, бақытты кездерім деп айта аламын.
Күнде таңертең ертемен балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін сыңғырлаған тәтті күлкілерін, апай «Сәлеметсіз бе!», «Қалыңыз қалай?» деген тәтті сөздерін естігенде бойыма қуат жиналып, серпіліп қалғандай боламын. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, жанарларын байқағанда, олардың менен күтетіндері көп екенін сеземін. Кейде үйге кешкісін келгенде шаршағанымды сеземін. Бірақ сол күндерімдегі балалармен өткізген уақытымды есіме алғанда, олардың суреттерін көргенде шаршағанымды ұмытып кетемін.
Еліміздің ертеңгі азаматтары осы кішкентай бүлдіршіндеріміз. Ал, сол азаматтардың бойына асыл құндылықтарымызды дарытып, өсіру – тәрбиеші, ұстаздардың қолында.
Менің мамандығым әлемдегі ең керемет, қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мен мамандығымды мақтан тұтамын.