Ғылыми жоба

Жұмыстың тақырыбы: Қазақ бәйгесі.
Бағыты: Тарих, өлкетану, этномәдениеттану;

Мазмұны
1. Жобаның тақырыбы……………………………………………………………………………
2. Зерттеу мақсаты………………………………………………………………………………….
3. Түйіндеме…………………………………………………………………………………………..
4. Тұжырым……………………………………………………………………………………………
5. Қорытынды…………………………………………………………………………………………

Кіріспе
Жобаның тақырыбы: Қазақ бәйгесі.
Мақсаты: Жеті қазынаның бірі жылқының ерекше қасиеттерімен танысып, қазақ бәйгесі жайында зерттеп білу.
Міндеттері:
1. Ат жарысының қандай түрлері болатынын анықтау;
2. Жылқы асыл мал екенін, жылқы кәделі, бағалы қазына екенін ұғыну.
3. Жылқы өсіріп, бәйге жаратуды және шабандоз болуға үйрену.

Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Мен де жылқыны жақсы көремін. Жылқы жайлы көп білгім келеді. Осы уақытқа дейін білгендерімді айтар болсам: Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Өйткені, ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады. Қазақтың қара домалақ балалары аяғын басысымен-ақ шыбықты ат қып мініп, қолына бишік ұстап, асыр сап, ат болып жарысып, кісінеп ойнайтындығы баршаға мәлім.
Жүйрік жылқы туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік білетін мамандарды халық арасында атбегілер деп атаған.

Негізгі бөлім
Түріне, күтімі және өсу айналасына байланысты қазіргі үй жылқысы орташада 25-30 жыл жасайды. Кей кезде, кейбір жануарлар жасы 40-тан асады.
Қазақта жылқы төлдерін былай бөледі:
құлын (биенің жас төлі),
жабағы (6 айдан асқан құлын),
тай (1 жастан асқаны) деп атайды.
Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды:
құнажын байтал (2 жастан асқаны),
дөнежін шығар (3 жастағы байтал),
дөнежін байтал (3 жастан асқаны),
бие (4 жастан асқаны),
қасабалы бие (7 – 8 жастағы бие),
кәртамыс бие (11 – 14 жастағы бие),
жасаған бие (20 жастан асқан бие), т.б. атайды.
Еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:
құнан айғыр (2 жастан асқаны),
дөнен айғыр (3 жастағысы),
сәурік айғыр (3 – 4 жастағы үйірге салынбағаны),
бесті айғыр (5 жастағысы),
сақа айғыр (11 – 12 жастағысы), т.б.
Жылқының жүріс түрлері:
Аяң
1.Аяң
2.Келте аяң, өгіз аяң
3.Жай аяң
4.Көсілген аяң
5. Жел аяң.
Желіс
1. Бүкіл желіс
2. Бөрі бүлкек желіс
3. Жай желіс
4. Бұлан құйрық желіс
5. Бөкен желіс
6. Сар желіс
7. Зар желіс
Шабыс
1. Оң шабыс
2. Сол шабыс
3. Жай шабыс
4. Шоқырақ шабыс
5. Текірек шабыс
6. Ағынды шабыс
Жорға
1. Жол жорға
2. Қой жорға
3. Жортақы жорға
4. Екі аяқты жорға
5. Үш аяқты жорға
6. Төрт аяқты жорға
7. Он бес құлаш жорға
8. Он құлаш жорға
9. Су шайқалмас жорға
10. Тайпалама жорға
11. Төкпе жорға
Мен зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде ат әбзелдерімен танысып, алғашқы рет өзімнің атыма ертоқым салып, басына жүген тағып көрдім.
Атқа салт мініп жүру үшін қажетті жабдықтарды ер – тұрман деп атайды. Ер – тұрманға ағаш ер және былғары мен киізден тоқым, желдік, терлік, тебінгі, айыл, үзеңгі, қанжыға, құйысқан, өмілдірік, жүген, қамшы, тұсамыс, өре, шідер, қамыт, шылбыр, тізгін, ат көрпе, көпшік, пыстан, кежім, кісен әбзелдер жатады.
Ұлттық спорт ойындарының ең маңыздысы – бәйге. Оны ат жарыс деп те айтады. Бәйгеде аттың үстінде адам шауып жарысады, сөйтіп жеңіп шықса сый-сыяпат беріледі. Оған көбінесе ұлдар қатысады. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған.
Ат жарысының түрлері:
Аламан бәйге
Бұл жүйріктің жасына, жынысына қарамай жаппай бәйгеге жіберетін жарыстың түрі. Басқа бәйгелерден ерекшелігі мұнда қатып қалған ереже жоқ. Кей жағдайда кедірлі-бұдырлы, таулы-тасты жерлер де таңдап алынуы мүмкін.
Тай жарыс
Бір жастағы жылқы төлінің жарысы. Қашықтығы 6-8 шақырымнан аспайды. Қазақ халқы болашақ тұлпар болар жылқы мен батыр болар баланы тай жарысынан бастап таныған.
Құнан жарыс
Құнан жарыстың қашықтығы 15 шақырымнан аспауы керек. Одан ұзақ болса сүйегі қатып, өкпесі жетілмеген жас жыл­қы бұрлығып, беті қайтып қалады.
Дөнен жарыс
Дөнен жарыстың қашықтығы 20 шақырымнан тиіс. Дөнен жылқының жарысы кезінде жүйріктің сүйек сыны айқындалады және еркек жылқы болса алдағы уақытта айғыр немесе жүйрік, болмаса мініс аты бола ма, соны шешеді.
Жорға жарыс
Бұған тек ірі жылқылар қатысады. Жорғалар 8-10 шақырым қашықтыққа жіберіледі. Бұл жарыстың басты ерекшелігі атты шаптырмайды, тек жорғалатып жарыстырады.
Бәйгеден озып келген жүйрікке міндетті түрде жүлде беріледі.
Қорытынды:
Қазақ халқы жылқыны жеті қазынаның бірі санап, оны киелі деп есептеп жыл қайыруда жетінші орын беруінде үлкен мән бар. Қорыта келгенде жылқыны жақсы көрмейтін қазақ жоқ екенін ескеріп, мен алдағы уақытта жылқы жайлы әлі де зерттеймін.
Ендеше жобамды мына өлең жолдары арқылы аяқтағым келіп отыр,

Төрт түліктің төресі жылқы малы.
Жылқы көрсем жүрегім бұлқынады.
Жылқы ердің қанаты деген сөз бар,
Жақсы ат ер жігіттің бой тұмары.
Қазақ пен егіз ұғым жылқы деген.
Атам жерін қорғаған жылқыменен,
Мінсең ат жесең қазы, ішсең қымыз,
Құдаға кілем жауып жылқы берген.
Атасы жылқы малдың Қамбар ата,
Пірінен жұмыр тұяқ алған бата.
Жылқының онға тарта жүрімі бар,
Жорғасы, желуі бар аяңдата.
Жылқысыз құрып кетсін күнің көрген,
Қазақты басқа ұлттан жылқы бөлген.
Ал сенің арғы тегін сақ, ғұндар,
Патшаларын жылқымен бірге көмген екен.
Зерттеу жұмысының нәтижесінде: Жылқыларды жасына қарай бөлуді, жылқының жүріс түрлері мен ат жарыстарының түрлері туралы оқып білдім.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
• Қазақ энциклопедиясы;
• «Сен білесің бе?» энциклопедиясы;
• «Ол кім? Бұл не?» энциклопедиясы;
• Журналдар;
• Интернеттен алынған мәліметтер.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *