«Отбасы – адамзат бесігін тербеткен ұя»
Мыңдаған жылдар көлемінде отбасы тәрбиесі баланы тәрбиелеудің бірден-бір формасы болып келеді. Қазіргі қоғамдағы отбасы баланың дүниеге келген күнінен бастап өмірінің соңына дейін тәрбиелік ықпал жасайтын негізгі ошақ болып отыр.
Барлық зерттеу жұмыстары баланы өмірге дайындауда отбасы тәрбиесіне үлкен жауапкершіліктің жүктелетінін көрсетеді. Ата-ана балалардың еңбекті құрметпен өсуіне, денсаулығын сақтауға қамқорлық жасап, барлық істе өздері үлгі болуы тиіс.
Өз тарапынан балалар ата-аналарына және үлкендреге қамқорлық жасауға міндетті, соған баланы баулу керек. Яғни отбасы ошақтың үш тағаны сияқты үш тіреуден тұрады. Олар – әке, ана, бала. Үшеуінің бірлігі –отбасының берекесі. Отбасы – қоғамның іргетасы.
Бала мектепте 5-6 сағат, қалған уақытта үйде болады. Тәрбиеші ата-ана баланың күнделікті режиміне, сабаққа даярлығына, үй тапсырмасын орындауына көмектесуі керек.
Баланың сабақтан тыс уақытын қалай ұйымдастыру керек?
Олардың кітап оқуына, мәдени тынығуына жағдай жасап көмектесу қажет. Кітапханаға жаздыру: сөз қоры молаяды, ойын дұрыс жеткізуге үйренеді.
«Тәрбие отбасынан басталады» десек те күйбең тіршілікке алданып жүріп, отбасындағы әрбір баланың әрекетін, қылықтарын қадағалап бағыт-бағдар беруге көңіл кейде аз бөлінеді.
Әрбір тәрбиеші ата-ана баласының ынтасын, қызығушылығын байқап, оның өзін-өзі дамыту үшін жағдай жасап ықпал етуі керек.
Бала – Отанымыздың келешегі, біздің жалғасымыз. Сондықтан бала тәрбиесі – баршамызға ортақ іс. Әр тәрбиеші ата-ана өз баласына еліне, халқына шын берілген, халқын құрметтей алатын, дені сау, білімді еңбексүйгіш, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуді борышым деп есептеуі керек.
Бала өз ата-анасына соншалықты қымбат. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деп халық бекер айтпаған. Баланы үлгі, өнеге алуға сәби кезінен тәрбиелеген жөн.
«Еңбек – адамның екінші анасы» дейді халқымыз.Баланың еңбек дағдысын тәрбиелеу үшін оның алдына қойған мақсаты, оған тапсырылыған істің шарты белгілі болуы керек. Барлық тапсырманы мезгілінде орындау қай жаста болсын қалыптасқан дағдыға байланысты. Бала өзіне тапсырылған істі мұқият әрі мінсіз орындауға қалыптасуы тиіс. Егер бала баяу қимылдаса, әрекетін тезтедуге үйрету керек. Бірақ барлық кезде баланың ерекшелігін ескеру шарт.
Әрбір баланың әке алдында борыштары мен парыздары, міндеттері бар. Әке алдындағы міндеттер: тілін алу, сөзін тыңдау, ізет көрсету, әдеп сақтау, парыздар: әкеге көмекші, демеуші, сүеуші болып, оны әрқашанда қуанышқа бөлеп отыру, оның қартайған шағында асыраушысы болу.
Ең әуелі бала әкесінің алдында әдеп сақтай білу керек. Мысалы, аяулы ана ас дайындап, дастархан мәзірін жасайды, сонда анаға көмектесе жүріп, әкені ас-дәмге шақырып, ас алдын әзіз әке татқан соң ғана басқа балалар астан дәм татады. Бұл – ұлттық әдеп.
Мынау жарық дүниедегі өрнекті, өркендеген өмір құдіретті күннің ақшуақ нұрынан, аяулы ананың ақ сүтінен жаралған.
Ана – біздің күніміз!
Ананың біз – гүліміз!
Бізді ана қуантып
Ұзақ өмір сүріңіз – деп тақпақ айтқан жас бала ардақты анаға үлкен тілек білдіреді. Анаға өмір бойы қызмет етсек те, мың мәртебе жасаған еңбек құрметіміз асыл ананың бір түнгі ұйқысына татымайды. Ана балаға тек жақсылық тілейді, ұрпағының кесір-қырсық кемшіліктері мен мінді мінездерінің кемісін кешіреді, баланың құрсақта жатқан кезінен бастап ғұмырының соңына дейін оны тәрбиелейді, оған қызмет көрсетеді.
Анаға әсіресе қыз бала жақын, қыз – ананың көмекшісі, күтушісі, үлкен үмітін ақтаушы, болашақ ана.
Ананың ақ сүтін ақтау үшін оның өсиетін тыңдап, өнегесін орындай білу қажет.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718