Бала тәрбиесі
Бала тәрбиесі
Бала бойындағы табиғи қасиеттер, адамгершілік құндылықтар отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада нәрленеді, толысып әрленеді.
«Бала нені білсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген нақылдың астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Нақылда тәрбие беретін адам, я болмаса ортасы өздері білімді, тәрбиелі, үлгілі болуы керек деп өсиет етеді.
Бала тәрбиесіндегі отбасының атқарар міндеті зор. Адам баласының дүниеге келгенде енетін үйі, өсіп ержететін, тәлім-тәрбие алатын қасиетті алтын бесігі-отбасы.
Отбасының адамзат ұрпағына ететін ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Отбасы тәрбиесінің түрлері мен мүмкіндіктері өте көп. Әсіресе көрегенді, ынтымақты отбасында. Бұл орайда: Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген халқымыздың қасиетті сөзінен отбасы тәрбиесінің күшін сезуге болады.
Бала үшін отбасында әке-шешенің, ата-әженің басқа да бауырлардың кісілік үлгілерінің маңызы өте зор. Олай болса, бала кісілікті, әдептілікті, адамгершілікті,сыпайылықты тіпті өрескел мінез бен бұзақылықты да алғаш өз отбасында меңгереді.
Баланың сырын да, мұңын да, шаттығын да ата-анасынан артық еш адам біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздар бірлігі қажет- ақ. Ата-ана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, керісінше мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда барлық күрделі сан алуан мәселелер түйіні шешіледі.
Қорыта айтқанда «Отбасында берілген тәрбие жігеріңді құм қылып жерге қаратпасын десең, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер» деп ата-бабамыз мұра етіп қалдырғандай, бала тәрбиесіне дер кезінде көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпақтарын тәрбиелейік.
Тәуелсіз еліміздің ұлдары мен қыздарының жан-жақты дамыған, өзіндік пікірі бар, жерін, ата-анасын, ұстазын құрметтейтін азамат болуына ықпал жасайық.
№57 жалпы орта білім беретін орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі :Момынходжаева Сабахат Суяркуловна
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718