Қамшы өру технологиясы

Қызылорда обылсы Қазалы ауданы Әйтеке би кенті

«Қазалы ауданының білім бөлімінің оқушылар үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны

«Бастауыш техникалық жобалау» үйірмесінің жетекшісі:

Жакешов Алмас Палуанұлы

Сабақтың мақсаты:

Білімділік мақсаты: қамшы туралы түсінік беру, қамшы түрлерімен таныстыру, үш өрім өруді, ұшын бекітуді, сабымен біріктіруді үйрету, жіптердің түстерін үйлестіре өру тәсілдерін меңгерту.

Дамытушылық мақсаты: Эстетикалық талғамымен ұйымдастырушылық ойлау қабілеттерін дамытып,ізденімпаздық, еңбекқорлық іс-әрекетін қалыптастыру.

Тәрбиелік мақсаты: Халқымыздың өнерін,салт-дәстүрін бағалай білуге, өнер адамдарын құрметтеуге, әсемдікке, ұқыптылыққа, төзімділікке баулу.

Көрнекіліктер: слайдтар, суреттер, бұрын жасалған дайын бұйымдар.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, теориялық сабақты практикамен байланыстыру.

Пәнаралақ байланыс: тарих, қазақ тілі, бейнелеу.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:

Өткенді қайталау.

Жаңа сабақ.

Сергіту сәті

Практикалық жұмыс. ЕҚЕ еске салу.

Сабақты қортындылау,бекіту.

Оқушыларды бағалау

Үйге тапсырма беру.

Ұйымдастыру кезеңі:

Сәлемдесу. Түгендеу. Оқушылардың көңіл-күйін бақылау. Назарын сабаққа аудару. Үй тапсырмасын тексеру.Өткен сабақты сұрақ жауап арқылы қайталау.

Өткенді қайталау. Геометриялық фигуралар

Жаңа сабақ. Қамшыны қолыма ұстап тұрып және суретін көрсете отырып сұрақтар қою арқылы жаңа сабақтың тақырыбын ашамын.

Ел-жұртымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зердесінде кәдімгі қамшымыз ерекше орын алып келген. Бұл күндері оған тереңірек ой жіберсек, осы бір шағын ғана дүниенің атқарар қызметі сан алуан.

Ауылда өскен әрбір қара домалақ қазақ атқа мінбес бұрын қамшыны қолға алады. Мейлі, қолға алмағанның өзінде үй төрінде ілулі тұратын осы бір бұйымның атауының нені білдіретінін білеміз бе?

Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар айтылады. «Қамшы» сөзіндегі “қам” түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген тұжырымдар бар. Нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді, әрі ажарлана, күрделене түседі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше түрі, яғни, бірнеше атауы бар.

1. Сүндет қамшы. Атадан – балаға, баладан – немереге, немереден –

шөбереге, шөбереден – неменеге жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша баланы сүндетке отырғызғанда оған тума – туыстары сыйлайтын тобылғы сапты 4 тұтам  қамшы.

2. Бәйге қамшы. Ұзындығы 4 тұтам, сабының жуандығы шынашақтай

қамшы.

3. Көкпар қамшы. Қамшының тобылғы сабының ұзындығы 3 тұтам,

және жуан болған.

4. Дойыр қамшы. Дойыр қамшының тобылғы сабының ұзындығы 5

тұтам. Сабы мен өрімі жуан болады.

5. Неке қамшы. Неке қамшының сабы қызбалаға еліктің сирағынан

жасалынған. Атақты шеберлер әшекейлеп, қымбат тастармен көмкерген.

6. Баптау қамшы. Асауды үйретуге арналған.

Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Шеберлер бұл бұйымның басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салады. Осы қасиетіне орай, күміс мойнақ, жез мойнақ, сара ала мойнақ, ақ мойнақ қамшы деген түрлері бөлініп шығады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді.

Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Жәй өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талаппен қырлап, көркемдеп, таңдай қақтырарлық ұқыптылықпен өнерлеп өрген. Қамшы 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі.

Қамшы екі үлкен бөліктен құралады, ол  өрімі және сабы және  бірнеше құрамнан, ол құрам бірнеше қызықты әрі күрделі атаулардан тұрады. Мысалы: өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек.

Өрім мен алақанның қосылған жері – шежемей. Шежемей үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағылады.

Қамшы өру ісі өрімнен басталады, оның атауы мен сапасы осыған байланысты болады. Мысалы: төрт таспа, жиырма таспа, отыз таспа т.б.

Қамшы Сап: тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен, барынша әсемделіп таутеке мүйізінен жасалады.

Өрім түрлеріне келсек: Үш өрімнен бастап қырық өрімге дейін өрілген.

1.Үш не төрт өрім.  Ол қайыстан өрілген, бәйге қамшыға қолайлысы.

2. Алты өрім. Осы орайда «Әй, алты өрім бұзау тіс, көп былжырамай аттан түс!» деп өрімшілер көп айтатын.

3. Сегіз өрім, төрт қырлы. Бұл мал айдауға қолайлы қамшы. Осы өрімді соп, үйір, ноғай қамшыларға да қолданған.

4. Он екі өрім. Сәндікке лайықты қамшыда пайдаланылады.

5. Қырық өрім.Оған тарамыс қолданылады.Өрімшілер арасында қайыс таспадан қырық өрімді де жасағандар болған.

Өрім технологиясы.

 Иленген теріні үш елі етіп кеседі,ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізеді,жалпақтығын,енін,қалыңдығын реттейді. Осындағы сыдырғыны үш тұтам тобылғыдан жасап алады. Өрім әбден дайын болғанда оған алақан жасайды, ол тобылғы сапты, қамшыға бауырмен өрілуге тиісті. Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшының атауы—«Қазақтың ала қамшысы».Онда алақанның екі –үш түрі болады, және түзу де жылан бас етіп жасалады.

Енді қамшы туралы тағы да мынадай деректерге назар аударайық.

Қамшы туралы мақал-мәтелдер:

1.Қамшысының ұшын да бермеді. Бұл «болыспады», «жәрдемдеспеді», «жамандық, опасыздық істеді», -деген мағынаны білдіреді.

2.Басына (төбесіне) қамшы үйірді (ойнатты). Мағынасы: Қорқытты, сабауға ыңғайланды, қорлық,зорлық көрсетті, басынды.

3.Дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты. Бұл сөз «даудың себебі әр қилы, бірақта шешімі не «ақ», не «қара» болады» деген ойды меңзейді

4.Қамшысын білемдеді. Қамшысының сабы мен өрімін қосып, екі бүктеп ұстауды бейнелейді. Мағынасы: қыр көрсетті, жұдырық көрсетті,қоқаңдады, кіжінді.

5.Қамшы түтеді. «Қамшы жауып кетті», «Соққылаған қамшы жауды» деген мағынаны білдіреді.

Қамшы салт-дәстүрде:

·        Халқымызда «қамшы қайтару» деген салт бар. Дәстүр бойынша қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы (жігіттің әкесі,не болмаса сол келушілердің басшысы т.б) қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісімін бермесе,көп ұзамай қамшыны иесіне қайтарып беріп жіберген.

·        Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, өзіндік ережелері мен жөн-жосықтары болған. Мысалы, жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп қаралған.

·        Жол, жөн көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқаған.

·        Қамшы әрқашан оң қолға ұсталады.

Қамшы өнер көрсету құралы ретінде:

·        Ертеректе қазақта «Қамшы ойыны» атты күрделі спортттық ойын болған. Сонымен бірге қазақ даласында кең тараған қамшыгерлік өнері де болған. «Қамшы ойыны» төрт жағынан керілген өгіз терісін қамшыменен бір тартқанда тіліп түсіру. Бұл білек күшімен қамшының мықтылығын білдіреді.

·         Адамдар қамшының көмегімен өнер көрсеткен.

·        Өнері дегеніміз – шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Өйткені сөз сұрағанда қамшы тасталған.

Сергіту сәті («Қара жорға» ұлттық биі)

ІV. Енді экранға назар аударайық: Шеберлер шеберханасы  Практикалық жұмысты бастамас бұрын қауіпсіздік ережесін қайталаймын.

Практикалық жұмысты өзім айтып көрсете отырып оқушылармен бірге орындаймын. Алдымен қолымыздағы былғарының тұйық жағын қыспаққа кысып бекітеміз.Сонан соң төрт таспаны екі-екіден қайшылап айқастырамызда кейін қалған таспаны астынан үстіне қарай өткізіп алып қарсы бағытқа тартамыз.Ослайша әрі қарай өру жалғаса береді.Өруді меңгерген меңгермегенін қарап қадағалаймын, кемшіліктері болса түзетемін, ослайша төрт өрім өруді меңгертемін.

VІ. Қамшы бөліктерінің атауын еске түсіре отырып сабақты қорытындылаймын.

Қай жағынан алып қарасақ та, қамшы – қазақ өмірі мен өнерінің ажырамас бөлігі. Өмірі дегеніміз – адам атсыз, атқа мінсе, қамшысыз болмаған.

Ата-бабаларымыз қамшысы арқылы өз көз қарасын, ниетін, қарым-қатынасын білдірген, біз мұны қамшыға байланысты ой орамдармен тарқатып, түсіндірсек:

Қамшы:

1.      өнер туындысы,

2.      сый-сыяпаттың төресі,

3.      ер жігіттің серігі,

4.      айбыны,

5.      шаңырақтың киесі,

6.      батырдың қаруы

7.      ат айдайтын құрал

8.      шебер қолдың айғағы

9.      қамшы – алса қару, қалса мұра да болған.

 VІІ. Үйге тапсырма: өрім түрлерін өріп үйрену

 

VІІІ. Оқушыларды бағалаймын

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *