Тарих пәнінен білім берудің сапасын жетілдіру жолдары.
«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деп қазақтын біртуар перзенті Шоқан Уәлиханов айтқандай еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда жас ұрпаққа ХХІ ғасыр деңгейінде жан-жақты білім беру күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе болып отыр. Яғни жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруде мұғалімдер қауымына ерекше жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. Соның бірі патриоттық тәрбие беру мен дүниетаным қалыптастыруда тарихшы мұғалімдердің орны ерекше. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп халқының болашағы үшін білімнің даңғыл жолын салған Ыбырай Алтынсарин бекерден бекер айтпаған. Әрбір мұғалім өзін мектептің жүрегімін деп есептеп, мектептің жанын кіргізердей дәрежеде болуы тиіс. Өз ісіне аса ықыласпен ден қоя отырып, құзырлы мұғалім ретінде баланың жүрегіне білім нәрін себе білуі керек. Сындарлы оқыту туралы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім – біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап етеді. Бұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір – көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым – түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние – жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай – ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсіну . Білімді және тәрбиелі, дүниетанымы кең, ұшқыр ойлы ұрпақ тәрбиелеу үшіні – сындарлы оқыту теориясын сабақ үдерісінің негізгі көзіне айналдыру қажет. Осы бағытта білім беру ұйымдарының алдындағы мақсат – мұғалімдер тәжірибесін үнемі жетілдіру және бағалау. Жаңа әдіс –тәсілдердің практикалық қолданысын кеңейту, дамыту болып табылады. Оқу сапасын арттыруда ,оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыруда әдіс-тәсілдерді мейлінше түрлендіріп отырған дұрыс. Ағартушы қайраткер А. Байтұрсынұлы «Қай әдіс жақсы?» деген мақаласында: «Жалғыз әліп-би үйренудің өзінде толып жатқан әдіс бар. Әр әдіс-өз орнында жақсы. Әдіс көрнекіліктен шығады. Әдістің жаман-жақсы болмағы жұмсалатын орнына қарай» дейді. Ал Л.Н.Толстой «Үйрету әдістері туралы» еңбегінде «Олақтықтың белгісі-бір ғана әдісті білу, шеберліктің белгісі-түрлі әдісті білу, керек кезінде жоқ әдісті де таба білу. Мұғалім көп әдісті білу керек,оларды өзіне сүйеніш, қолғабыс есебінде қолдану керек» деген. Олай болса, күнделікті ізденісіміз, жаңа технологияларды оқып-үйреніп өз тәжірибемізде шеберлікпен қолдануымыз-алдымыздағы шәкірттерге терең де тиянақты білім берудегі қажеттілігіміз. Алдымызда тұрған міндеттеріміз мынадай: оқушының өзіндік және жеке ойлауын қалыптастыру оқушының шығармашылық таланттарын жан –жақты ашып көрсету оқушының сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дамыту сабақ үдерісінде АКТ –ны тиімді пайдалану тарих сабағында оқушының белсенділігін арттыру оқушылардың танымдық белсенділігін ынталандыру. оқушылардың ғылыми білім, іскерлік дағдыларды меңгеруіне керекті оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру. ақыл-ойды, ұғымталдықты, қабілетті, дарындылықты дамыту. Оқушының жаңа тың материалдарды тауып , сұрыптауына мүмкіндік туады . Әл-Фараби: « оқыту дегеніміз – үйрету, дағдыландыру, әрекеттендіру»,- дейді. Оқыту – мұғалім мен оқушылардың белгіленген мақсатқа жетуге бағытталған, реттелген, бірлескен іс-әрекеті, оқушылардың танымдық іс-әрекетін арнайы ұйымдастыру. Оқыту процесі – мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті. Оқыту процесі – екі жақты процесс болғандықтан, мұғалім мен оқушылардың бірлескен іс-әрекетін, мұғалім тарапынан оқушы іс-әрекетіне басшылық етуді, жоспарлауды, ұйымдастыруды, басқаруды талап етеді. Осы процесте оқушылар ғылыми білімдер алып, іс-әрекет жасауға үйреніп, жақсы мен жаман туралы көзқарастарын қалыптастырады. Бүгінгі таңда сабақ өткізудің түрлері көбеюде. Түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, сапалы білім, саналы тәрбие беруде сабақтың тиімді түрлерін қолданып келемін. Осы мақсатта оқушылардың танымдық қызығушылығын, белсенділігін арттыру үшін өз сабағымда пайдаланып жүрген әдіс-тәсілдерден мысалдар келтіріп кетуді жөн көрдім. 5- сыныптарда ойын сабақтары, 8-10 сыныптарда сын тұрғысынан дамыту, ұжымдық оқыту, пікірталас, семинар, сынақ, жарыс, өзіндік жұмыс, мәнерлеп оқыту т.б. тәсілдерді қолданамын. Сурет-иллюстрациялар бойынша әңгіме құрастыру, тірек сигналдар, тірек-сызбалар, кластерлер, хронологиялық таблицалар құрастыру, тірек-конспектілер, Венн диаграммасы арқылы жұмыс істеу әдістері де қолданылады. Тағы бір ерекшелік, күнделікті сабақпен салыстырғанда қайталау сабақтарында оқушылардың өз беттерінше ойланып жұмыс істеуіне едәуір мүмкіндік туады. Тарихи оқиғалар мен құбылыстарды өз бетінше талдайды, салыстырады, қорытынды жасайды, баға береді.11 сыныптың Қазақстан тарихы пәні бойынша «1916 жылғы ұлт –азаттық көтерілістің алғышарты, сипаты, мақсаты, барысы мен нәтижелері» деген тақырып бойынша сабақ өтіп, оқушыларға топта жұмыс жасата отырып, жаңа білімді игеруіне бағыт бердім. Сабақтың ұйымдастыру сәтінде мен оқушы назарын сабаққа аудару мақсатында С.Мұқановтың «Ботакөз» романынан үзінді оқып, оқушыларға «Бұл үзіндіде қандай тарихи оқиға суреттелген?» деген сұрақ қойдым. Оқушылар І дүниежүзілік соғыс кезі деп жауап берді. Осыдан соң бүгінгі сабағымыздың сол соғыс кезінде қазақ даласында болған ұлт-азаттық көтерілісі жайлы екендігін хабарладым. Сабақты ілгері апару үшін шағын екі топқа бөліну керек екендігін ескерттім.Оқушыларды өздері ұнататын түстерге байланысты екі топқа бөлдім.Топтарға жаңа сабақтың мазмұнын ашу, түсіну мақсатында тапсырма бердім. 1-топқа көтерілістің болу себебі, мақсаты, сипаты, негізгі ошақтары жайлы оқып постер әзірлеуді тапсырдым. Ал екінші топқа интернет материалдарын пайдаланып көтерілістің басшылары, көтеріліс барысындағы ірі шайқастар, олардың нәтижелері мен тарихи маңызы жайлы деректер алуды тапсырдым және сол іздену жұмыстарын ортаға салып қорғау қажеттігін ескерттім. Екі топта өздеріне берілген тапсырмаларды зор қызығушылықпен орындады, постермен жұмыс жасап қорғады. Бұл сабақта ұялы телефондар тиімді қолданылды. Мен бұрын ғаламтор материалдарын өзім таратып беретін едім. Осы сабақта оқушылар өздері оқулықта жоқ көтерілістің басшылары туралы мәліметтерді тауып, оқып үйренді, талдады. Осы тапқан мәліметтерін топ бойынша қорғады. Оқушылар топ бойынша жұмыс жасай отырып бір –бірін тыңдады, оқып үйренді. Тақырып мазмұнын ашты . Тақырып мазмұнын әр топ дөңгелек стол әдісі арқылы қорғады. Жаңа тақырыпты оқушылар өз бетімен меңгеруге бағытталып, жұптық әрі топтық талдау жасау арқылы түсінді. Сабақты бекіту кезеңінде оқушылар өздерінің нені меңгерді,нені меңгермегенін анықтау мақсатында «Жедел жауап» сайысы арқылы өз білімдерін тексерді. Сабақ соңында топтарға әр топтың сабақ барысындағы іс-әрекетіне бағалау критерийлері арқылы баға берді. Топпен жұмыс тәсілі оқушылардың бір-бірін тыңдай білуіне, сөйлеу мәдениетіне, өздерін сенімді ұстауына, ұйымшыл болуға тәрбиелейтінін байқадым.
Тарих сабақтарында көрнекілік әдісі мен техникалық құралдарды қолдана білу мұғалім алдында тұрған бірден- бір міндет. Сабақта жаңа технологияларды, техникалық құралдарды жан жақты қолдану, сабаққа керекті материалды ақпараттық кеңістіктен іздеу, мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп, оның уақытын үнемдейді, жаңа ақпарат түрі көбейіп, оқушылардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Электрондық оқулықтарды сабақта пайдалану кезінде оқушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық тапсырмалар орындайды. Бүгінгі күні ақпараттар ағымы өте көп. Ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген педагог өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны пайдалана алатын, он-лайн режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген мұғалім болу тиіс . Мен сабақтарымда интерактивті тақтаны жиі пайдалануға тырысамын. Сабақ барысында заман талабына сәйкес электронды оқулықтар арқылы оқытуды да пайдаланамын. Оқытудың мұндай инновациялық, интерактивті әдістері оқушылардың бұрынғы дәстүрлі сабақтармен салыстырғанда неғұрлым нәтижелі білімді игеруіне жағдай туғызады . Яғни, бұл жағдайда оқушылардың сабақ үрдісіндегі белсенділігі, пәнге қызығушылығы артады.
Бұл әдістер оқушыларды тапқырлыққа, тездікке, ойын жинақтай білуге, жүйелі білім алуға тәрбиелейді. Ақпаратты технологияларды пайдалану арқылы мектептегі сабақтарды жаңаша ұйымдастыру, мұғалімнің рөлі мен қызметінің артуына жағдай жасау, теориялық, ғылыми – педагогикалық және психологиялық зерттеулерге сүйене отырып, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру, ақпараттық технологиялар мен инновациялық оқыту әдістері арқылы оқушыларды ізгілікке, елжандылыққа, саналыққа, адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Инновациялық әдістерді баланың білім деңгейіне және жас ерекшелігіне қарай оқу үрдісінде пайдалану негізгі міндет болып табылады. Оқушылармен материалды игеру үрдісін психологиялық түрде жеңілдетеді. Пәнге деген танымдылық қызығушылығын тудырады. Оқушылардың көз қарасын кенейтеді. Сабақ үстінде көрнекілікті қолдану мүмкіндігі өседі. Тарихты оқуға және үлгерімді жоғарылату қызығушылығы туады. Теориялық материалды толық игеру болады. Ақпаратты табу, оны компьютерлік технология арқылы өндеу, өз көзқарасын нақты және қысқаша қалыптастыру дағдысы. Сабақ үстінде оқушының да мұғалімнінде еңбек өнімінің жоғарлауы болады. Бүгінгі күні республикамызда білім беру жүйесінің түбегейлі өзгеріске ұшырауы анықталғаны баршамызға аян. Оның негізгі факторы жаһандану үрдісіндегі білім беру саласында жаңа модельдердің дүниеге келуі, білім беру үрдісінің ақпараттандырылуы болып табылады. Прогрессивті концепциялардың пайда болуы, білім беру үрдісінде алға кеткен мемлекеттердің тәжірибесімен танысу және соның нәтижесінде ұлттық білім беру моделін құрастыру бүгінгі күні өте өзекті мәселе болып табылады, өйткені нарықтық экономикаға негізделген мемлекетіміздің келешегіне мамандар қажеттігінен туындайды. Ақпараттық және педагогикалық технологиялар негізінде мұғалімнің рөлін түбегейлі өзгертуге мүмкіндік туды, мұғалім тек қана білімді алып жүруші ғана емес, сонымен қатар оқушының өзіндік шығармашылық жұмысының жетекшісі және бағыт берушісі болып анықталды. Осыған орай сабақ беру үрдісінде қазіргі күннің, яғни инновациялық әдістерді оқытудың интерактивті оқыту моделі болып табылады. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» — деген бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі біз тәрбиелеп отырған жас ұрпақтың меңгерген біліміне, алған тәжірибесіне байланысты екеніне еш күмәнім жоқ. Оқушылардың танымдық көзқарасын байыту ақыл-ой қабілетін жетілдіру, өзіндік ойлау және өмірлік ұстанымын қалыптастыру мұғалімнің шеберлігіне, шығармашылық қабілетіне байланысты. Ұлы ойшыл Уильям Уорд « Жай мұғалім – хабарлайды. Жақсы мұғалім -түсіндіреді. Керемет мұғалім –көрсетеді. Ұлы мұғалім – шабыттандырады» деген екен. Сондықтан ХХІ ғасыр мұғалімі жан-жақты болуы заңды деп ойлаймын. Оқыта отырып тәрбиелеу-қазіргі заман мұғалімінен талап етілетін басты мәселе. Сондықтан атақты педагог К.Д.Ушинскийдің «Оқыту- тәрбиелеудің қуатты органы, бұл органды пайдалана білмеген тәрбиеші шәкірттерге әсер етудің ең басты және қажетті құралынан айрылады» деген сөзін үнемі жадымызда сақтасақ деймін.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Ақылдың кені /Ұлағатты сөздер/-Алматы, 2008 жыл.
2. «Қазақстан тарихы» әдістемелік журнал
3. В.Ф.Шаталов «Тірек-сызбалары», Алматы, 1989жыл
4.Педагогикалық ізденіс. Алматы, Рауан, 1983