СӨЗ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ КӨПШІЛІК АЛДЫНДА СӨЙЛЕУ
СӨЗ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ КӨПШІЛІК АЛДЫНДА СӨЙЛЕУ
Матпусаева Зағира Тасболатовна
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі
«Сәндік қолданбалы өнер» ПЦК оқытушысы
Жамбыл облысы, Тараз қаласы
Кез келген адамның ой-өрісінің, білімінің, мәдениеті мен рухани дүниесінің қаншалықты екені оның жазған жазуынан, сөйлеген сөзінен байқалады. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», – деген ұлы Абай ескертуін ойдан шығармағанымыз абзал. Ана тілінің мол байлығын игерген, құдіретін түсінген, күшіне тағзым етіп, бас иген адам өзіне де, өзгеге де талап қоя алады, сөзді қалай болса солай қолдануға жол бермейді.
Сөз шеберлігін қалыптастырудың жолы – тілдің нәрін ауыз әдебиеті үлгілері мен көркем әдебиет арқылы бала бойына сіңіру. Оқыған шығармасы бойынша ойын көркем етіп жеткізе білу – тіл мәдениетін меңгерудің бірден бір шарты.
Шешен сөйлеу – адамның тұлғалық қасиеттерінің көрінісі. Дәстүрлі әдеп жүйесіндегі әдептілік, имандылық, ізеттілік ұғымдарымен үндес. Адамның ұлттық мәдениет пен дәстүрлі құндылықтарды құрметтеуі және оны әрі қарай дамытудың басты белгісі де сөз сөйлеу шеберлігінде жатыр.
Сонымен бірге сөз сөйлеу шеберлігі орфоэпиялық, лексикалық, грамматикалық нормаларға негізделеді. Орфоэпиялық норма – сөздерді дұрыс айту, лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөйлеу мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан норма саналады. Сөз сөйлеу шеберлігі ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы (қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан) маңызды болып табылады.
Сөз қолдану шеберлігі көркем сөйлеуде, ғылыми-көпшілік немесе ресми ортада, тіпті ауыз екі сөйлеу стилінде тілдің барлық салаларымен тамырлас келеді. Шешендік топ алдында мәдениетті сөйлеу, оның алғышарттарын, әдіс-тәсілін танып білу, озық үлгілерін меңгерудің жолдарын, нақты қасиеттерін ұғыну сияқты мәселелермен тығыз байланысты.
Адамның айтқан қандай сөзі де белгілі бір мазмұнды білдіреді және сөйлеушінің, жазушының осы мазмұнға қатынасын көрсетеді. Мұнан туатын қорытынды: сөйлеу ойды білдіріп, іштегі сезімді сыртқа шығарады. Сөйлеудің бұл сипаты – оның мәнерлілігі.
Өзара тілдескенде немесе көпшілік алдында сөз сөйлеу – ол қаншама мазмұнды ойға толы болса да, әсерсіз, жансыз болып шығады. Ауызша сөйлеудің эмоциялық реңкі интонациямен, мимикамен, ишаралармен білдіріледі. Жазбаша сөйлеуде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Сол себепті қағазға жазушы адам өз сөздерін барынша қиыстырып, оларды өз орнына тауып қойып, ойын мәнерлі түрде жеткізе алады. Иә, сөйлей білу – өз ойыңды келістіріп айта білу, оның мазмұнын ғана баяндап қоймай, нәзік сырларын сол қалпында жеткізіп, тыңдаушының етжүрегін елжірете білу.
Дұрыс сөйлей білген адам өз ойын, айтқанын тыңдаушыға толық түсіндіре біледі. Ел алдында шебер, шешен сөйлеу көп еңбектену, оқып, үйренуді талап етеді. Шешен адамдарда негізінен, сөз көркемдігі ой тасқынынан табиғи түрде туындап жатады. Көркемдік талғам, сөз сөйлеу мәдениеті мен шешендік тәсілдерді дұрыс пайдалана білген адам ғана эстетикалық әсер ету күшіне ие бола алады.
Сөзді тыңдай білмеу. Кейбір адамдарда басқаның сөзіне құлақ қоймайтын, өзіне айтылған сөзді аяғына дейін тыңдай білмейтін, өзгелердің сөзіне ретсіз араласып, әңгіменің шырқын бұзатын ерсі мінездер кездеседі. Соның салдарынан сөйлеп отырған адам кейде қақалып-шашалып, тұтығып та қалады. Әрбір адам өз басындағы осы кемшіліктер мен күресе білсе, біздің сөйлеу мәдениетіміз де одан әрі дами түсер еді.
Кейбір адамдар диалогтық сөйлеудің талаптарын орындай бермейді. Көп сөйлеп, бір сөзді сан мәрте қайталап, тыңдаушысын жалықтырып та алады. Ондай адамдар арасында өзіне қойылған сұрауларға, қарсы пікірлерге жауап бермей, өз ойын тәптіштеп айта беретіндері де кездеседі. Бұл да сөйлеу мәдениетіндегі әдепсіздік.
Әркім өзінің басындағы ойларын басқаға айтып, түсіндіру үшін оған лайықты сөз таба білуге тиісті. Егерде ондай сөз таба алмаса, ол ой иесіне де шала, түсініксіз болып қалады. Яғни, ойдың дамуы сөйлеудің дамуымен өте тығыз байланысты. Адам өзінің сөз сөйлеу шеберлігін жетілдірмейінше, жоғары ақыл мәдениетіне жете алмайды.
Адам өмірінде сөз сөйлеу өнері ең басты, шешуші маңызға ие. Халық өз тарихын да осы ауызша сөз арқылы жеткізіп отырды. Оның үстіне осы сөз бірнеше ғасыр бойы қазіргі жазу, сызу, кітап, газет-журнал, радио – барлығының қызметін бір өзі атқарып келеді. Халықтың тіршілгі мен тұрмысында сөз өнері, яғни өнер дәрежесіне жеткен көркем сөз қоғамдық қажеттілікті өтеп, оның бүкіл тарихы мен тағдырында шешуші қызмет атқарды. Қазақта көне заманның өзінде жетелі сөзге табыну мен бағынудың басым болғаны соның бір айқын дәлелі. Халық аталы сөзді алты жасар бала айтса да, алпыстағы ақсақал қарт айтса да, айтушысына қарап емес айтқанына қарап бағаланған, тыңдаған.
Сөз сөйлеу шеберлігі үш мақсатты көздейді: түсіндіру, ояту, толқытып тебіренту.
Көптеген адамдар тиімді қарым-қатынас дегенді біле бермейді. Қарсыласымызды өзімізге ұтымды келісімге келтіруде, дау-таласта өз позициямызды қорғап қалуда, жаңа таныстық пен байланыстар жасауда, әңгімеге кірігуде, тыңдаушымызға пікірімізді жеткізуде қиналып жатамыз. Тіпті қолымыздан келмеуі де мүмкін. Бұл проблемалар біздің дамуымызға кедергі келтіреді, өсуімізге тосқауыл болып табылады. Бізді суатты, тиімді қарым-қатынас жасауға ешкім де үйреткен жоқ, кейбіреуімізде коммуникативтік дағды қалыптаспаған да болуы мүмкін. Сондықтан ішкі түйсікпен әрекет етеміз, кәсіби шебер сөз сөйлей білетін адамдарға тәуекелді болып қала береміз. Тиімді қарым-қатынас жасай білу – ол бәсекеге қабілеттілікті арттырады.
Көпшілік алдында сөйлеу – бұл кез келген адамға беріле бермейтін дарын да, қабілет те емес, бұл – дағды. Дағды деген кез келген кітапты оқи салғаннан жетілмейді. Оның өзіндік құпиясын, әдіс-тәсілдерін меңгермей жету мүмкін емес. Шешен сөйлеу де сол сияқты. Егер сіз көпшілік алдында мүдірмей, шешен сөйлеуге бел бусаңыз бұл сіздің жеңісіңіз.
Сонымен көпшілік алдында сөйлеудің мынадай үш факторларын қарастыруға болады: мұқият дайындық, қолданылатын әдістер, қорқынышты жеңу тәсілдері.
Сіз мұқият дайындалып, әдіс-тәсілдерді меңгеруге ұмтылсаңыз, жұрт алдына шығып сөйлеуді іс жүзінде игере аласыз. Бірақ сіздің бойыңызды қорқыныш билесе, бүкіл дайындығыңыз, үйренген дағдыңыз, қолданылатын әдістеріңіздің күл-талқаны шығады. Өйткені қорқыныш – cіздің көпшілік алдында табысты сөйлеуіңізге бірден-бір үлкен кедергі.
Көпшілік алдында сөз сөйлей білу мамандарға аса қажет. Өздерінің кәсіптері бойынша көп қарым-қатынас жасауды қажет ететін адамдар: бұл жоғары буын басшылары, менеджерлер, заңгерлер, әкімшілік және т.с.с. Қазіргі қоғам адамын өз мақсатына қол жеткізіп, табыс биігіне көтерілу үшін әрекет жасаумен бірге көпшілілікпен қарым-қатынас жасай білуді, сөз сөйлеуді, ойын жүйелі жеткізуді талап етеді.
Егер сіз көпшілік алдында сөз сөйлеуді меңгергіңіз келсе, онда тап болатын бірнші кедергі – ішкі үрей. Оны еңсере білу керек.
Дауысында дірілі жоқ, айтатын ойын шатаспай жеткізе білетін, еш мүдірмейтін, өзіне сенімді іскер адамды тыңдаған қандай тамаша. Өйткені сөз сөйлеу шеберлігі оның ойын тыңдаушыларға дәл жеткізіп, сенімділігіне тікелей ықпал етеді. Осындай сенімділікті өзіңізге қалай ұялатасыз? Бұл тек адамдар алдында сөз сөйлей білу тәжірибесімен ғана мүмкін. Осы факторлар өзіне деген сенімсіздіктен және адамның ішкі ой-түйсіктерімен байланысты.
Топ алдында сөйлеуге қабілеті жоқ адамдардың болмайтындығын психологиялық зерттеулер көрсетіп отыр. Барлық адамдар үшін қазіргі уақытта ақпараттармен алмасу өте маңызды, көпшілік алдында сөйлей білу де қажеттілік болып отыр.
Көпшілік ортада әдеп сақтау, әдеппен сөйлеу, көрегенділік таныту, жан мен тән тазалығы, мұның барлығы мәдениетке жатады. Мәдениет адамдардың мінез-құлқына қойылатын этикалық-эстетикалық, саяси т.б талаптардың орындалуын білдіреді. Дәстүрлі қазақ қоғамында адам бойында мәдениеттің қалыптасып, дамуына ерекше көңіл бөлінген, мәдениет жөніндегі көзқараастар кемел адам ұғымымен үндестік тауып, адамгершілік, кісілік қасиеттерінің қалыптасуы арасында дамыды.
Кез келген адамның көпшілік алдына шығып сөйлеуге батылы жете бермейді. Себебі жұрт алдына шығып сөйлеудің өзіндік біршама қиындықтары бар: сөйлеуші мен тыңдаушының арасында көзбе-көз байланыс болғандықтан шешенге тапқырлық, сөзіне елді ұйыта білу қабілеті қажет және сөйлеуші шешеннің өзін еркін ұстай білуі де ерекше маңызды. Еркін болуы үшін көп ізденіс, көп жаттығу қажет.
Сөз сөйлеу шеберлігін қалыптастыруда төмендегі алты факторға назар аударуға болады:
1.Тыңдаушыларды жинақы етіп орналастыру. Өйткені топтағы адамдар шашыраңқы отырса, ойды жинақтап бір арнаға тоғыстыруға кедергі тудырады. Топтағы адам қол соғу арқылы өзінің әңгімеге қатысып отырғандығын және сөйлеуші адамға ықыласын білдіреді.
2.Тыңдаушы топ шағын болса, мінберге шығып сөйлеудің еш қажеті жоқ, тыңдаушы адамдармен бір деңгейде болған дұрыс. Бұл әңгімелесуге бейресмилік сипат беріп, достық қатынасты орнатуға ықпал етеді.
3.Тыңдаушылардың білетін нәрсесін тәпіштеп қайта-қайта айта беруден аулақ болу. Бұл қателесуден сақтайды.
4.Сөзің ұтымды болу үшін тыңдаушыны қадірлей білу керек. Мақтанбай, неғұрлым қарапайым болып, көпшілікпен достық ниетпен қарым-қатынас жасасаң, соғұрлым беделді боласың. Тыңдаушымен жанды байланыс орнату қажет. Тыңдаушыларды жалықтырмауға тырысқан жөн. Оларды арасында серпілтіп, әзілдеп, жадыратып отырған дұрыс деп есептеймін.
5.Сөздің қысқа әрі тұжырымды болуына көңіл бөлу.
6.Айтылатын сөз алдына анық мақсат қойған экспедиция сияқты, оның маршруты қартаға алдын-ала түсірілуі тиіс. Сол себепті сөйлейтін сөзді екшеуден өткізе отырып, қандай да бір ойды қағазға түртіп алуды әдетке айналдыру нәтижелі болмақ.
Қазақстанның ұлттық қоғам ретінде табанды түрде дамуының тұғыры болатын ұлттық идеяны дұрыс танып, оның бағыт-бағдары мен оны жүзеге асыратын іс-әрекеттерді белгілеуде тілді дұрыс қолданып, шебер сөйлеудің орны айрықша.
Көпішілк алдында сөз сөйлеу шеберлігі – қоғамның әлеуметтік, рухани өмірінде үлкен сұранысқа ие. Бұл озық мамандар мен белгілі қайраткерлер күнделікті қолданып отырған іс-әрекет.
Әрбір жастың қоғамда өз орнын табуы үшін әсерлі де сенімді сөйлеудің тигізер септігі мол. Әдемі сөзге ие, бұлтарпас дәлел келтіре алатын, оқиғаны дәл суреттеп жеткізе білетін, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін сөзбен түйе алатын шәкірттің болашағы да кемел. Қабілетті адамдар қатарын көбейту үшін олардың сөйлеу тілі мен танымын дамыту керек.
Қазіргі қоғам адамының өз мақсатына қол жеткізуі үшін терең білім алумен бірге, көпшілікпен қарым-қатынас жасау, сөз сөйлеу, ойын жүйелі жеткізе алу қабілетін меңгеруі жоғары мәдениеттіліктің белгісі болып табылады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Негимов С. Шешендік өнер. –Алматы: Ана тілі, 1997. –208 б.
2. Адамбаев Б. Қазақтың шешендік өнері. –Алматы: Ғылым, 1984. –136 б.