Қола дәуіріндегі Қазақстан

5 сыныпта «Қола дәуіріндегі Қазақстан» тақырыбына өткізілген сабақты талдау


Мақсаты: оқушыларға қол дәуіріндегі Қазақстан тарауы бойынша алған білімдерін жинақтап қорытындылау. Оқушылардың білім деңгейлерін анықтау. Оқушыларды танымдық ойындар арқылы пәнге деген қызығушылықтарын арттыру. логикалық ойлау, тарихи оқиғаларды оқып үйрену, есте сақтау қабілеттерін арттыру.
Достарын тыңдай білуге, пікірін дұрыс жеткізуге үйрету, өз елінің тарихын танып, оны құрметтей білуге тәрбиелеу.
Түрі: ұжымдық, іздену сабағы сабақ
Әдіс – тәсілдері: танымдық ойын, топпен жұмыс, сұрақ – жауап.
Көрнекілік құралдар: таратпалар, бағалау парағы, венн диаграммасы.

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі. ( 2 минут)
1) оқушылармен сәлемдесу, оқушыларды түгендеу, сабаққа барысын тексеру;
2) сабақтың тақырыбы мен мақсаттарын айту.

ІІ. Жаңа сабақ.
Балалар! Бүгінгі сабағымыз күнделікті сабағымызға қарағанда өзгешелеу өтеді. «Қола дәуіріндегі Қазақстан» деп аталатын тарау бойынша алған білімдерімізді пысықтаймыз, еске түсіре отырып, қола дәуірінің ерекшелігі мен ескерткіштері туралы мәліметтер аламыз. Біз сендермен ойын әлеміне аттанамыз. Ойын арқылы сендердің білімдеріңді тексеремін.
Таныстыру. Сыныпты үш топқа бөлу. Бағалау парағын тарату.
– «Андрондықтар» тобы;
– «Беғазы – Дәндібай» тобы;
– «Қола дәуірі»

1 – кезең. «Сенемін – сенбеймін».( 5 минут)
Кезең шарты: әр топқа кезекпен үш – үштен тоғыз сұрақ қойылады. Бірінші топ жауап бермесе келесі топ жауап беруге болады.

1 – топ:
– Қола дәуірінде адамзат баласы металл өңдеуді игерді ( сенемін)
– Қола мыс пен қалайының қосындысы ( сенемін)
– Қола дәуіріндегі петроглифтерде аң аулау сәттері мен сарай өмірін бейнелеген
(сенбеймін)

2 – топ:
– Қазақстан жеріндегі қола дәуірі б. з. б. 2 мыңыншы жылдық – б. з. б. 8 ғасыр аралығын қамтиды (сенемін)
– Тұрмыста тұңғыш пайдаланған металл – күміс ( сенбеймін)
– Қола дәуіріндегі ыдыс жасаудың ең бір өрістеген кезі еді (сенемін)

3 – топ:
– Өндіріске металл құралдардың енуі еңбек өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына әкелді (сенемін)
– Қола дәуірі кезінде жеке меншік қалыптасты (сенемін)
– Қола дәуіріндегі шаруашылықтың негізгі түрі – терімшілік ( сенбеймін)

2 – кезең: «Ойыңды аяқта» ( топтарға карточка беріледі) ( 5 минут)
Кезең шарты: берілген карточкаларға 5 минут ішінде жауап беруі тиіс. Карточканың жауабын топ мүшесі оқиды.

1 – топ. «Ойыңды аяқта».
Еуразия даласындағы қола дәуірінің жетістіктері……….. (Андрон мәдениеті) деп аталады. Осы мәдениеттің алғашқы ескерткіштері………….. (Андроново) деген селоның маңынан табылған. Бұл село Сібірдегі……….. (Ачинск) қаласының жанында орналасқан. Селоның атына қарай бұл қола мәдениет «……………..» деп аттанып кетті. Андрон тектес қола мәдениеті…………. ( Орал) өзенінен бастап, Енисей өзеніне дейінгі,……………. (Батыс Сібір) алқабынан бастап, Памир тауларына дейінгі аралыққа тараған. Ғалымдар Солтүстік және Батыс Қазақстаннан……….. (80) аса Андрон мәдениетінің қоныстарын зерттеді.

2 – топ. «Ойыңды аяқта».
Қола дәуіріне жататын……………….. (Солтүстік) Қазақстандағы…………… (Петровка) мен………………. (Боголюбов) қоныстары орлармен және дуалдармен қоршалған. Сондай – ақ ғалымдар Орталық Қазақстан аумағынан қола дәуіріне тән…… (30) қонысты,…… ( 150) обаны зерттеді. Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудағы……….. (Таңбалы – тас) пен…………… (Қаратау) жартастарынан табылған суреттер бұл аймақта да қола дәуірінде адамдар мекендегенін білдіреді. Сырдарияның төменгі ағысындағы, қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын……………… (Түгіскен) кесенесі. Өздерінің дене құрылысы жағынан андрондықтар…………… (еуропеоидтерге) ұқсаған.

3 – топ. «Ойыңды аяқта».
Андрондықтардың басты кәсібі…….. (мал бағу),………………. (егіншілік) пен……….. (балық аулау) болған………….,………….,……….,………. (Есіл, Ертіс, Тобыл, Бұқтырма) өзендерін бойлай қоныстанған. Қоныстардың маңындағы егістікке……….,…………..,…………. (бидай, арпа, тары) еккен. Андрондықтар жерді тесемен өңдеген,………..,…….,……… мен………. (сиыр, қой, ешкі, жылқы) өсірген. Сазбалшықты…… (ыдыс) жасауға пайдаланды. Ыдыстар әр алуан пішінде жасалған. Андрон тайпалары шаруашылық саласының бірін кен ісі мен………… (металл өндеу) құрады.

3 – кезең. «Сөздер сөйлейді».(3 минут)
Кезең шарты: терминдер жазылған карточкалар көрсетемін. Ойынның шарты бойынша ешкім үндемейді, қол көтеріп айтады.
– Қола дәуірі – (қола құралдардың өндіріске енген кезеңі)
– Соқа (егін егу үшін жер жыртуға арналған металл тісті негізгі жер өңдеу құралы)
– Оба (қабір үстіне топырақтан үйілген төбешік)
– Жеке меншік (жекелеген отбасылардың байлығы)
– Абыздар (рудың ежелгі салт – дәстүрі мен әдет – ғұрыптарының бұлжымай орындалуын қадағалады)
– Тотемизм (шығу тегін жануарлармен байланыстыру)
– Фетишизм (жансыз дүниеге сеніп, соның қасиетіне табыну)
– Анимизм ( жанға, рухқа сену)

4 – кезең. « Кім білгір, кім жылдам?». (7 минут)
Кезең шарты: жалпы оқушыларға сұрақтар қойылады. Кім бірінші қолын көтерсе, сол жауап беру құқығын иеленеді.
1) Нешінші мыңжылдықта тайпалар қола бұйымдар жасау ісін меңгерді? (б. з. б. 2 мыңж.)
2) Андрондықтардың сырт бет – бейнесін сипаттаған академик? (В. Алексеев)
3) Беғазы – Дәндібай мәдениетінің обалары қайда орналасқан? (Орталық Қазақстан)
4) Қола дәуірін жоспарлы зерттеу қай жылы басталды? ( 1946 жылы)
5) Қазақстан жеріндегі қола дәуірі ескерткіштерінің сырын ашқан қазақтың ғалымы (Ә. Марғұлан)
6) Андрон мәдениетінің неше ерекшелігі болды? (3)
7) Қола дәуіріне жататын түйе сүйектері табылған аймақтар? ( Орталық және Батыс Қазақстан)
8) Қола дәуірінің қоныстары көбінесе қай жерлерде орналасты? ( өзендердің жағасында)
9) Тұрғын үйлері неше түрге бөлінді және қандай – қандай? ( 2 түрге: жартылай жертөле, жер бетіне салынған үйлер)
10) Қола дәуірінің соңына қарай қолданған қола және мыс орақтар қай жерлерден табылды? (Шығыс Қазақстан Мало – Красноярка, Батыс Қазақстан Алексеев, Солтүстік Қазақстан Степняк, Жетісу)
11) Қола шалғы табылған жер? (Көкшетау жеріндегі Шағалалы)
12) Өлген адамдарды қалай жерледі? (мүрдені қабірге сол, не оң жамбасымен бір қырынан жатқызған, өлікпен бірге барлық заттарын жерлеген)

5 – кезең. «Салыстыру кестесі». (8 минут)
Кезең шарты: «Тас дәуірі», «Мыс – тас ғасыры», «Қола дәуірі» кезеңдерін салыстыру. Венн диаграммасын сызу.

6 – кезең. «Бекіту. Тест сұрақтары». (10 минут)
7 – кезең. «Қорытынды». (3 минут)
«Қазақстан жеріндегі қола дәуірі» тақырыбы бойынша жүргізілген сабақта оқушылардан үй жұмысын сұрастырған кезде көбінесе сынақтан өткізу сұрақтарын қоюға тура келді. Мысалы, Әлішер, қола дәуірінің ерекшеліктері қандай? Ойыңды дәлелде. Әлішер бұл сұраққа жауап берген кезде өз ойын толық дәлелдермен білдіре алды.

Бұнда байқағаным бұндай сұрақтарды қою техникасы оқушыларды жақсы ойландырады және білімдерін жинақтауға көмектеседі.    

Оқушының оқуын сұрақтарға берген жауаптар негізінде бағалау мүмкін болды. Себебі, кейбір оқушылар осы сұрақтарға жауап бере отырып, тақырыпты меңгергендіктерін анықтауға мүмкіндік туғызды, кейбір оқушылардың сұраққа жауап бергеніне риза болуға тура келеді. Балаларды барынша мұқият оқыту үшін сұрақтар қою техникасын орынды қолдануға тырыстым. Балалардың ойлау қабілетін барынша жоғары деңгейде дамыту үшін сұрауды қолдануға қатысты менің түсінігімде болған өзгерістер:

-бірден көп сұрақ қоймау;

-оқушыларға ойлауға уақыт беру;

-ойлауды дамыту үшін проблемалық сұрақтар пайдалану;

– оқушылардың жауап беру ниетін басатын сұрақтарды қоймау;

– оқушылардың алдыңғы жауаптарына сай сұрақтар құрастыру.

 

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *