Біз бақытты баламыз, лагерьде демаламыз!
Жаз айлары – мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана – сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Осы мақсат – міндеттерді басшылыққа ала отырып, Т.Әубәкіров атындағы жалпы негізгі білім беретін мектебі жанынан құрылған «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінің кезекті ІІ – ауысымы жұмыс жасауда. «Балдәурен» лагерінің ІІ – ауысымы өз жұмысын шілде айының 1-ші күнінен бастады. Ашылу салтанаты балаларға жақсы көңіл – күй мен жақсы демалыс сыйлай алды. Бұл іс – шара барысында балалар өз өнерлерін ортаға салды, түрлі интеллектуальды сұрақтарға жауап іздеп, қимыл – қозғалыс ойындарын ойнады. «Бала тілі – бал» – демекші қатысушылар сүйікті лагерлеріне арнап өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіруді де ұмытпады. Әр баланың жазғы демалысын ұтымды пайдалану мақсатында спорттық жарыстар, жолдастық кездесулер, жорықтар, көңілді кештер жоспарланып, өткізілуде.
Демалысты ұйымдастыру барысында ұстаз – тәрбиешілер балалардың жас ерекшелігін, психологиялық ерекшелігін, денсаулығын, ұлттық ерекшелігін, қабілет – мүмкіндігін, т.с.с. ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескеріп отырып, әр балаға ерекше ықылас бөліп, әр баланың сабақ барысында ашылмаған жаңа қырынан танылуына, мұғаліммен сырласып, оқушылармен дос болуға қажетті барлық жағдайды жасайды.
ІІ – ауысым барысында өткізілетін іс – шаралар балаларға өз денсаулығы мен өзінің өсіп-жетілуіне мән беруді, ойын әрекеті барысында ойлау әрекетінің де тиімді әдістерін меңгеруді, достық, жолдастық, сыйластық, өзара көмек т.б. сияқты адами қасиеттерді ұғынуды, туған жердің табиғатының және экологиялық маңызына мән беруді, ұлттық және мәдени, тұрмыстық салт-дәстүр, және т.б. ұғымдарды меңгертуге өз үлестерін қосады.
Балалардың жүрегіне ізгілік пен қуаныш сыйлау үшін жұмыс жасап жатқан «Балдәурен» жазғы демалыс лагерінің демалушылары бос уақыттарын мағыналы өткізіп, үйлеріне сергіп кетіп қана қоймай, белгілі бір бағытта білімдері мен қабілеттерін жетілдіре түсетіні сөзсіз.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718