Мен – заманауи педагогпын

Искакова Жадра Аймуханбетовна

«Қоғамды өзгерткісі келсе, мұғалім өзі өзгеруі керек.»

Михай Чиксентмихай

 

Мамандықтардың ішінде жоғары біліктілік пен  құзыреттілікті, ерекше мейірімділікті, шәкіртжандылықты, табандылық пен әділдікті қажет ететін дүниедегі мамандық атаулының төресі-ұстаздық! ХХІ ғасырдың ұстазы шәкірттерге ғылым негіздерін үйретіп қана қоймай, оларды дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігінде қатаң бәсеке жағдайында өмірлік дағдыларды қолдануға тәрбиелеуі керек. Бұл іс тек қана нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Ұстаздық мамандығына жүректің қалауымен келу керек. Өйткені мұғалімділік біріншіден, адамзат қоғамының тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алуды талап етеді.

Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың «Халық пен халыкты, адам мен адамды теңестіретін – білім» дегендей,біз үшін «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» тіршілік жасау жат қылық болуы тиіс. Біздің қоғамда адал еңбекті терең біліммен ұштастырғанда ғана табысқа жете алатынын есімізден шығармағанымыз абзал. Бұл – заман талабы. Себебі, еліміздің өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан шақта, сапалы білім беріп, жан-жақты, өмір сүруге бейім, ой-тұлғасы бар, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – мұғалімдердің алдында тұрған негізгі міндет. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «… Бізге бұрынғы қай кездегіден де білім мен ғылымның баға жеткіліксіз қорын барынша арттыру, оны қазіргі заманға сай ету қажет» – деген сөзі егеменді елімізде білім мәселесіне мемлекет тарапынан қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын дәлелдейді. Осы сөздерді басты назарға ала отырып, өзім  «ХХІ ғасырда нені оқыту керек?» және де  «Мұғалімдер оқушыларды ХХІ ғасырда өмір сүруге қалай дайындайды?»  деген сұрақтарға жауап іздедім.  Мен әріптестеріме көшбасшы болумен қатар,  мектептің дамуы үшін үлес қоса алатын, шәкірттерімді бәсекеге қабілетті, функционалды сауатты жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін аянбай еңбек ететін, бала бақытын аялайтын, үлкен әріппен жазылатын заманауи педагог болуды өзіме мақсат еттім. Ол менің қолымнан келетініне ешқандай шүбәм жоқ. Мен ой тыңдау, метатану, стратегия, идея тастау, сыни ойлау үдерісінің оқыту мен оқуда аса маңызды екенін түсініп қана қоймай, қолдана алатын жағдайдамын. Үнемі ізденіс үстінде жүремін, кәсіби біліктілігімді көтеріп, шығармашылықпен айналысамын. Cебебі мектепте жаңалыққа жаны құмар ұстаздар мен шәкірттер  көп, біз біріге шешім қабылдап, іс-әрекеттер жасаймыз. Бірлескен оқу, бірлескен іс – әрекет табыс критерийіне  немесе мақсатқа жетуге ықпал балатын әрекеттер құрылымы болып табылады. Сондықтан біз: « Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз үйренеміз». Бұл орайда, бағдарламаның жеті модулінің оқыту мен оқу үрдісінде тиімді екеніне көзім жетті.

Қорыта келе, ата –аналармен бірлесіп жұмыс істей отырып, сұранысына жауап беру. Шәкірттеріме білім алуға жан – жақты жағдай жасау. Ұжымға сенім арта отырып, бір мақсатқа жұмылдыру керек деген ойға келдім. Әлемдегі  дамулар мен  жаңалықтардан  құлағдар болып отыруды әдетке айналдырдым. Сөйлеген сөзіме, атқарған ісіме, киген киіміме, мінез-құлқыма  өз-өзіме сын көзбен қарауды  үйрендім.Әр дәуірдің, әр ғасырдың өз ағымы, өз заманы болары хақ. «Заманына қарай адамы» деген сөз осыны аңғартқандай. Мұның мағынасы – заманның түріне қарап іс істеу, адамзатқа қызмет ету. Демек, мақсат – айқын, жол – ашық… болашақтың босағасын именбей аттап, жаңа бейнелі өмірдің уығын қадап, іргесін бекітуге менің күш – жігерім әбден жетеді. Тәуелсіз елдің тірегі – білімді ұрпақ, өркениет біткеннің өзегі – білім, ғылым, тәрбие дейтін болсақ, осының барлығының бастауы – мектепте, ал мектептің тірегі де, жүрегі де, білімнің тұтқасы да – заманауи педагогта.   Ендеше,  мен әрі жас, әрі кемеңгер тәуелсіз елімнің сындарлы идеялармен жаңғыртылған білім беру жолында көзге көрінбейтін, алайда  маңызды  үлес қосатын жарқын болашағын жасаушымын…

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *