Эссе “Тәрбиеші –бала жанының бағбаны”

Куздибаева Жанар Амангельдиевна

Тәрбиеші-бала жанының бағбаны. Осы бір сөзді оқи отырып ойыма мынадай сұрақ келеді. Мұғалім-тәрбиеші деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын айқындап көрейін. Өйткені мен де бала бағбаны-тәрбиешісімін.

 

Таңғажайып балалар әлемінен тереңірек танысып, өз өмір тәжірибемнің мейірімінің дәндерін қондыру-менің жұмысымның мәні. Балалармен жұмыс жасау үлкен-бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке  сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш,шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажет екеніне сенімдімін.Осы сенімнің болуы –әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай , бар жүрегімен және  жан-тәнімен сезіне білуі қажет. Тәрбиешінің жұмысы қүрделі де қызықты. Шынымды айтсам,  кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ, сол өткізген күндерімді ой елегінен  өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін , тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып  кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне»бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені,бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек,аялы алақан және тәрбиешіге тән бірінші қасиет-баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Оның адамшылық ар –ожданын , намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту.

 

Француз ағартушысы, жазушысы Жан-Жак Руссо «Бала  туғанда ақ қағаздай болып таза туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді»деген нақыл сөзі осы мектепке дейінгі балаларға арналғандай.

 

Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей , баланың жас ерекшелігіне қарай құрылса, баланың ынта-жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі, бала рольде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды, ақылмен ойланады. Ол үшін, тәрбиеші бойындағы асыл қасиет –ақыл парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші –ең  нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Ол үшін сол мөлдір әлемнің айқыш-ұйқыш құбылыстары мен қағидаларын , заңдылықтары мен жұмбақтарын барынша тереңірек түсініп, парақтай  алатын айқын  да қуатты ақыл-парасат қажет. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баяғы Сократтың  «Таным-бұл жақсылық»деген қағидасы дәл осы жерде тікелей мағынасына ие. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын мұғалім оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады.

 

Белгілі-бір ұлттың ертеңін көргің келсе, оның өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріне көз салу керек деген сөз бар. Еліміздің ертеңі болып табылатын жас бүлдіршіндерге жан-жақты біліммен қатар, ұлттық тәрбиені басшылыққа алып, ұлтжанды, Отанын сүйетін болашақ патриот азаматтардың  мықты фундаментін салуға үлес қосып жүрген мектепке дейінгі мекемелердің орны ерекше.

 

Самалы бол Отанның салқындаған

Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.

Семсері бол Отанның қынабында,

 

Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған-деп, Мұқағали Мақатаев айтқандай қорыта келгенде айтарым, қазіргі заман тәрбиешісі- заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *