Эссе “Жалпы педагогика”
Мамыт Нұрбану Аңсарқызы
Педагогика – тəрбие жөніндегі ғылым. Адам өмірге келісімен оның тұлға болып жетілуі үшін – тəрбиелеу қажет. Тəрбие адамды ізгілендіріп, оған қажет қасиет, сапаларды қалыптастырады.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне бей-жай қарамаған. «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» деп бала тәрбиесіне аса зор жауапкершілік жүктеген. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»,-дейді. Яғни, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. Отбасында алған тәрбиесі баланың адам болып қалыптасуына тікелей әсер етеді.Мінез-құлқының қалыптасуы, өзін ұстауы, үлкендерге құрметі, бәрі-бәрі осы отбасындағы үлкендердің көрсеткен ізетімен қалыптасады.
Сонымен бірге, тұлғаның толық қалыптасуына отбасымен қатар қоршаған ортасы мен білім орталары да тікелей әсер етеді. Отбасынан кейінгі тәрбиенің жалғасы білім ордалары.
Тəрбие процесін ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Себебі адамдардың өмір жағдайлары өзгермелі.Қазіргі заман педагогикасы үлкен қарқынмен дамудағы ғылым. Сол дамуға байланысты өзгерістердің ізімен асығу қажеттігі пайда болып отыр.«Тәрбиесіз берілген білім- адамның қас жауы» демекші, білім бере отырып, баланы тәрбиелеу, ғылым мен техника ғарыштап дамып жатқан әлемде зор еңбекті қажет етері анық. Күннен күнге жаңалықтар көбеюде. Білім сапасы да жаңа жағынан өзгеруде.Осыған орай қазіргі таңда жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беру педагогтардың алдындағы атқарылатын үлкен міндеті.
Демек, жас ұрпақтың саналы, тәрбиелі болып өсуіне барлық жағынан күш жұмсауымыз керек. Отбасында болсын, білім беруде болсын болашақ балаларымыздың бойынан барлық дағдылардың қалыптасуын көруіміз керек. Адам адам болып қалыптасуына қажетті құндылықтарды ұрпақ бойына сіңіруден еш жалықпайық!