Оқушыларға патриоттық тәрбие берудің маңызы
Оқушыларға патриоттық тәрбие берудің маңызы
Қарағанды облысы
Жаңаарқа ауданы
О. Жұмабеков атындағы ЖОББМ
Алғашқы әскери дайындық пәнінің
оқытушысы Төкенов Ж.Б.
Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады. Б. Момышұлы Азаматтарға патриоттық тәрбие берудің негізгі бөлігі – ол әскери-патриоттық тәрбие. Әскери-патриоттық тәрбие еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сенімді қорғаныс міндеттерді, патриоттық және рухани-психологиялық қасиеттерді қалыптастыруға негіз болады.
Әскери-патриоттық тәрбие мақсаты – азаматтардың отансүйгіштік қабілетін ояту, елімізді қорғауға қызығушылығын ояту, Қазақстан халқының достығын сақтау мақсатында қабілетті азаматтарды тәрбиелеу.
Әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы жастардың саналы сезімін, көзқарасын қалыптастыруға болады. Білім беру ошағында патриоттық тәрбие беру, Отанымыздың саналы да белсенді күрескерлерін тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігіне жанқиярлықпен еңбек етуге, республикамыздың мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндіктер туғызуға бағыттайды
Білімнің адам мен қоғам дамуында айқындаушы ролі басым. Бұл білімсіз, тәрбиесіз қоғамның алға жылжуында мүмкін еместігін көрсетеді.
Осы тәрбиенің ең маңыздысы – балаға патриоттық тәрбие беру. Патриоттық тәрбие ең алдымен ата-анасын, туған-туыстарын жақсы көруден басталады. Отанды, туған елді, жерді, туған тілді сүюді бала бойына терең сіңіре білу керек. Туған тілін сүймеген, құрметтеген, қадірлемеген адам өз елінің патриоты бола алмайды. Сонымен қатар өз елінің рәміздерін, Ата заңын білуге, оны құрметтеуге әрбір азамат міндетті.
Патриоттық тәрбиенің танымдары – жастарды Отанды қорғауға даярлау, жас азаматтардың үлгі боларлық мінездерін қалыптастыру болып табылады. Сондықтан жастардың дүние танымын, білімін, көзқарасын қалыптастыруда оқу орындары шешуші рөл атқарады. Жастардың аға ұрпақтың лайықты мұрагері болуы үшін, батырларымыздың Отанды қорғау жолында жасаған ерлік істерінің ұлылығын жете түсіндіріп отыруымыз қажет. Сол арқылы әрбір жас ұрпақ еліміздің келешегі жолында табанды күрескер болуы керек екенін түсінуі керек. Отансүйгіш жастарды тәрбиелеудің негізі білім ордасынан басталады. Жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру міндеті, олардың Отанды қорғауға ұдайы әзір болуы, моральдық-психологиялық жағынан даярлау – ол әрбір ұстаз, әрбір жетекші-басшы, әрбір әскер басылар тапсырмасында жаңғырып тұруы тиіс.
Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолындағы қазіргі мәселелерді шешу үшін тұтастай алғанда тәрбиеге принципті түрде жаңа көзқарас қажет. Ел бейнесін және Отанымен байланыс сезімін мемлекет пен қоғам, түрлі тетіктер мен институттар, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде: «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз – қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азамат өзін – өзі айқын билеуін қалыптастырады» деп нақты көрсетті. Қазақстанның болашағы жастардың қолында.
Жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу – барлық оқу орындарының, барлық пәндердің, соның ішінде «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің алдында тұрған басты міндет. Айтарымыз, бүгінгі күні білім ошағындағы ұстаздар ұжымы заманауи талаптарға сәйкес қызмет көрсететін болса, онда болашақта білімді, жігерлі, өз болашағына нық сенімді жас ұрпақ тәрбиеленіп шығатынына кәміл сенуге болады.