Жер-АНА
Өзiн-өзi тану сабағының жоспары
Мектеп: «№ 82 ЖББ ОМ КММ
Сабақ: 27
Тақырып:Жер-АНА
Құндылық: Қиянат жасамау
Қасиеттер:Риясыз жақсылық,мейірімділік,өзгеге зиян келтірмеу,қоршаған ортаны қорғау
Мұғалiм: Омарова Забира Кусаиновна
Сынып: 4
Оқушылар саны:
Сабақ мақсаты: Жер- Ананын риясыз жақсылығын пайдала отырып, қиянат жасамауды ұғындыру
Міндеттері:, 1. Білімділік: Жердің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру.Қоршаған ортаны қорғау. 2. Дамытушылық:Табиғатқа мейірімділікпен қарап,риясыз жақсылығын дұрыс әрекет арқылы пайдалану.Жерге қамқорлық жасау қарым-қатынастарын дамыту. 3. Тәрбиелік:Жерді қадірлеуге тәрбиелеу. |
Ресурстар: үнтаспа
Слайдтар (сюжетті суреттер) |
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңi. (оқушыларды сабаққа дайындау, оқулық, дәптерлерін алу) Жағымды күйге келу. Нұрға бөлену. Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін. (әуен ойналады) Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты. Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды. Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді. Нұр бірте-бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын. Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын… Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен Нұрмын». Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз… Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Сұрақтар: 1.Балалар,жаттығу барысында не сездіңдер? 2. Қандай күйде болдыңдар? 3. Жүректеріңмен тыныштықты сезе алдыңдар ма? Қорытынды:Олай болса, осы жақсылықтарыңды жүректеріңде орналастырып, тыныштық қалпымызды сақтайық. 2. Үй тапсырмасын тексеру. Қ.Сарсекеев Жер-ана Бейбіт бақша ішінің балшығын бейберекет шашып,қопарып ойнап жүр еді,өтіп бара жатқан бір қария: -Әй, балам,Жерді мұнша неге қорлайсың? Қайта қадірлеп күтпеймісің, ол сенің асыраушы анаң ғой,-деді. Балшықты анаң дегеніне аң-таң болған Бейбіт: Менің анам үйде, аты Зейнеп ,-деді. -Балам,онда сол Зейнеп келінге айта бар,түсіндірер,-деп қария ұзай берді. Бейбіт үйге келді.Анасы баласының үстін көріп кейіді. Тамағын ішіп,көңілі жайланған соң,бейбіттің есіне қарияның айтқаны түсті. -Апа, -деді ол,-мана бір шал маған жерді босқа қопарма,ол да сенің анаң деді, ол не дегені? -Сен не дедің?-деп сұрады Зейнеп -Менің анам үйде дедім. -Балам-ай, неге сонша кір,балшық болып келгеніңді енді білдім.Ол кісі саған дұрыс айтқан. Жер-ана бәріміздің анамыз. Онсыз тіршілік жоқ.Бейбіт әлі аң-таң.Шешесі де қарияның сөзін айтады. -«Жер –анамыз» дейтін себебіміз,-деді анасы, -ішетін суымыз,жейтін нанымыз жердікі. Дұрыстап ұғып алғын,тіпті адамға қажеттінің бәрі жерден өнеді.Қағаз,қарындаш,машиналарды жасайтын темірді де жер береді.Мысалы, жаңағы жеген қаймағың сиырдың сүтінен алынады.Сиыр жердің шөбін жемесе,сүт бермейді.Сүт болмаса, қаймақ қайдан келеді? Солай, балам.Содан да Жер –бәріміздің асыраушымыз. Бейбіт анасының әр сөзін зейінмен тыңдады.Түстен кейін бақшаға кіріп,қопарып, шашып ойнаған топырақты тегістеді.Тіпті ақырын ғана алақанымен аялап сипап қойды. Сұрақтар: 1.Әңгіме не туралы? 2.Қария балаға неліктен ренжіді деп ойлайсыңдар? 3.Не үшін қария жерді анаға теңеді? 4.Сендер жерді анамыз деп айта аласыңдар ма? Қорытынды: – Иә,балалар, Жер-біздің асыраушымыз.Біздің тамағымыз да,киетін киіміміз де,тіпті, оқу оқып, білім алып отырған кітаптарымыздың жасалуына да осы жер-ананың көмегі зор.Ал осы жердегі тіршілік етуші құстарға да,жан-жануарларға да, өсімдіктерге де қамқоршы тек қана адамдар екенін ұмытпаңдар.Олай болса,Жер анамызды күтіп, баптай білейік.Дұрыс іс-әрекетімізбен өзгеге үлгі бола білейік.Жер-ананың риясыз жаксылығына қиянат жасамайық. |
Сабақ барысын талдау: |
3. Жағымды ой-пікір (дәйексөз)
«Баптағанға-жер жомарт». (халық аузынан) Сұрақтар:
2. Жер- ананы қорғауға қандай үлес қосасың ? Балаларға жаттату (1.хормен айтқызу, 2.3қатарға бөліп айтқызу) Жатқа 2-3 баладан сұрау Қорытынды: Жер – Ананы жасыл етіп сақтау үшін қоршаған ортаны көгалдандырудың маңызы зор екенін басып айтқым келеді. Себебі, жасыл желек жан – жануарлардың тіршілігіне қажет ауаны тазартады. Тірі ағзаға зиян көміртегін жұтып, пайдалы оттегін бөледі.Жер ананы мейірімділікпен жақсы көрейік. Өзімізге де, өзгеге де қиянат қылмайық.Ол әлі біздің ұрпағымызды асырайды. |
|
3. Оқиға айту. Мұғалімнің сыйы
Аңыз әңгіме «Жер ана туралы» Ертеде Жер кіршіксіз таза болған. Ол пәктігін өзін сеніп тапсыратын өмірлік жан жарын күтумен болған келіндей сақтаған. Ол шексіз мейірімді әрі жайдары еді. Ол жануарлар әлемінің үйірлері, табындары мен отарларына пана болды, оларға азық берді, ал олар Жердің көркемдігі мен тазалығын сақтап, оған ұқыпты қарады.Күндердің бір күнінде Тәңірадам пайда болды. Ол құдіретті, зор, әрі сымбатты болды. Ол күлгенде, онымен бірге күн де күлетін, ол қамыққанда онымен бірге ай да қайғыға бататын, ол ән айтқанда оған аспан мен жел қосылып ән шырқайтын, сондықтан Жер оған ғашық болды. Ол да Жерге ғашық болды, оның ұлылығы мен кеңдігіне, мейірімділігі мен көркемдігіне, асқақтығы мен тазалығына ғашық болды. Уақыт өте келе олар балалы болды. Сәбилер өсіп, айбаттанып, өздеріде нәресте сүйді, бірақ әрбір жаңа ұрпақ оларға өмір сыйлаған ұлы махабаттан алыстай берді. Жер ана олар үшін өмір сүрудің, байлықтың қайнар көзіне айналды, олар оның де ұмытты, ал Тәңір адам олар үшін бірі сеніп, бірі сенбейтін аңызға айналды. Олар өздерінің қажеттіліктері үшін жер жыртып, тырмалап, егін егіп, оны жинап, арттарынан шіріп, Жердің бастапқы тазалығын құртатын көп мөлшердегі қалдықтар тастады. Тамақ іздеп, олар Жердің мәпелеп өсірген жануарларын аяусыз жайратты. Содан соң, алтын және басқа да қазба байлықтарды іздеп Жер ананың денесін ойып, үлкен шұңқырлар қазып, шөл мен шөлейттерді қалдырды. Бірақ бұл да аз болды, олар жарылыстар жасап, өздері сияқтылардың көздерін құрту үшін қуатты қаруларды сынақтан өткізіп, ол қаруларды бір-бірімен соғыстарда қолданды. Ал Жер ана осының бәріне шыдады, ол адамдар бір күні естерін жияды деп, өзінің оларға өмір сыйлағанын, олар ұлы махаббаттың перзенттері екенін еске түсіреді деп, адамдар оған сүйікті, таза болуға құқық береді деп сенді, өзіне кінәсіз өлтірілгендерді жерлеуді тоқтатады деп, бір кезде өзін сеніп тапсырған Тәңірадамның лайықты ұл-қыздары болады деп үміттенді, күтті. Осыдан кейін, ол өзін адамдардың естеріне саламын деп шешіп, барлық төзімнің шегі барын ескертіп, өз күшін көрсетті. Бірақ өзара соғыстарға белшесінен батқан, алтынның зыңылынан керең болған, сараңдықтан көздерін қараңғы басқан адамдар надандықтың шырқау шыңына жетіп, адамдықтың биігінен төмендеп, әрі қарай өмір сүре берді. Сонда мәнсіз өктемдіктен шаршаған Жер ана бойынан барлық қаһарын шығарып, үлкен толқынымен өзін қорлық пен зәбірден шайып, адам болуды қойғандардың өшпенділіктері мен ызаларынан тазартты, ал Тәңірадам адамдардан сырт айналып, жай Тәңір болды.Егер адамзат Жерге қайырымды болып, нағыз сүйіспеншілігін көрсете алмаса, ал Тәңірадамға адамға деген шынайы сенімін қайтара алмаса, Жер ана мен Тәңірадамның махаббат дастаны, адамзат өркениетінің пайда болуы мен қалыптасу тарихы осылайша өкінішті аяқталуы мүмкін. Сұрақтар: 1. Әңгімеде не туралы айтылған? 2. Тәңірадам мен Жер ана ұрпақтарының іс-әрекеті дұрыс па? 3.Адамзат Жер- ананың ескертуінен нәтиже шығарады ма? 4. Сен Жер-ананы сақтау үшін қандай жол айтар едің? Қорытынды: Жер-ананың риясыз сүйіспеншілігін дұрыс пайдаланбасақ,өзімізге де, келер ұрпағымызға да қиянат келтіреміз.Жер –ана үнін жүрегімізбен тыңдасақ,іс-әркетіміз де түзеледі.Жер-анаға қиянат қылмаймыз. |
|
5. Шығармашылық жұмыс.
Балалар,қазір мен тақтаға дөңгелек жасыл қағаз ілемін.Бұл біздің жеріміз.Ал сендер жердің көркейіп,сұлуланып,тіршілікке енуі үшін жұмыла жұмыс жасаңдар.Алдарыңда жатқан қағаздардан жерде тіршілік ететін жерге көрік беретін тіршілік иелерінің суретін салып,коллаж дайындаңдар. -Балалар әрқайсысың жеке-жеке түрлі түсті қағаздан гүлді, ағашты, суды, тауды, жан-жануарларды жасап, ілесіңдер.
Қорытынды: -Міне балалар, халқымыз «Жақсы болсаң жердей бол,бәрін шыдап көтерген»деген. Жер-анамыздың мейірбандығы сонда, барлық тіршілік иелерін қойнына алып, баршасына өмір сыйлайды,қорек береді, өсіреді, көркейтеді.Ендеше біз неге жақсылыққа жақсылықпен жауап қатпасқа. Ақиқатты тани отырып, жүрек үнін тыңдап, дұрыс іс-әрекет жасайық.
|
|
6. Топпен ән айту.
«Атамекен» Сөзі мен әні: Е.Хасанғалиев 1.Жасыл жайлау түкті кілем көк кілем Көк кілемде көп ойнаймын көп күлем Маңдайымнан сипап өткен самалды Қазагымның алақаны деп білем Қайырмасы Қайда жүрсем атамекен Көкейіңде жатады екен Күннің өзі қимай оны Ұясына батады екен 2. Жасыл жайлау түкті кілем көк кілем Көк кілемде көп ойнаймын көп күлем Күннің нұрын айдың аппақ сәулесін Қазағымның махаббаты деп білем 3.Жасыл жайлау түкті кілем көк кілем Көк кілемде көп ойнаймын көп күлем Асқар тауын аспаныммен астасқан Қазағымның мәртебесі деп білем Сұрақтар: 1. Әннің мазмұнында қандай қасиеттер айтылған? Қорытынды: Әнде айтылған қуаныш, бақыт, жерге деген риясыз адал қасиеттерін сақтап, дұрыс әрекет жасап, өзімізге де, өзгеге де қиянат жасамауға дағдыланайық. |
|
4. Үй тапсырмасы.
1. Оқулықтың 173беттегі №28 сабақтан «Су-өмір көзі» (авторы) әңгімесін мазмұндап келу. 2. Дәптермен жұмыс. – Дәптерде берілген мақал мәтелдерді оқыңдар. Олардың мағынасын түсініп, жаттап алыңдар. Жаттаған мақалдарыңды жатқа дәптерге жазыңдар. |
|
5. Соңғы тыныштық сәті.
Баяу әуен қою. Ал, балалар, қолымызды, аяғымызды айқастырмай, арқамызды тік ұстап, терең демалайық. Көзімізді жұмамыз. Бүгінгі өткен сабақты ой елегінен өткізейік. Тек жақсы, шындық нәрселер ойлауға тырысыңдар. Құндылықтар мен қасиеттерді еске түсірейік, Қиянат жасамау, дұрыс әрекет, ешкімге зиян келтірмеу, қуаныш, әділдік, шыншылдық, бір-бірімізге көмектесу, адалдық, сыйластық. Айналамыз жақсылыққа, шындыққа толы болсын. Енді көздеріңізді ашсаңдар да болады. Сабақ аяқталды, қоңырауға шығып дем алуға болады, сау болыңдар! |