“Ел жастарға сенеді”

 

«Ел жастарға сенеді»

 

Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдар мен бүгінгі жастар үшін жасалып отырған жағдайды салыстыруға болмайды. Болашақ иелері – жастарға қолдау көрсетуді Елбасының өзі айрықша назарда ұстап келеді. Мемлекетімізде жастар үшін берілген мүмкіндіктер мол. Елбасымыз «Тәуелсіз елдің осы кезге дейін қол жеткізген зор табыстары бізге көп міндет жүктейді. Біз болашақты болжап отырған елміз, енді тек еңбек пен ұмтылыс керек. Ең бастысы, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі керек » – деп атап көрсеткен болатын. Елімізде тоталитарлық жүйенің қыспағын көрмеген, коммунистік идеологияның шарпуына шалынбаған жаңа жас ұрпақ өсіп келеді. Бұлар – тәуелсіздіктің белбалалары.Елбасы осы ұрпаққа айрықша үміт артады. Елдің ертеңі осылар деп қарайды. Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуін осы  ұрпақпен тікелей байланыстырады.Отаншыл, мемлекетшіл жастардың өсіп келе жатқаны өзін қуанышқа бөлейтінін айрықша сезіммен бөліп айтты.                Жастар – елдің болашағы. Ертеңгі күннің жарқындығы, сәулелі болуы соларға байланысты. Аға ұрпақ өмірден озады. Олардың орнын бүгінгі Тәуелсіздік белбалалары басатын болады.    Ұрпақтар сабақтастығы – тарихи процесс, обьективті құбылыс. Әрбір жаңа ұрпақ өмірге өзімен бірге жаңа леп, жаңа ахуалды қоса әкеледі. Бұл ұрпақ прагматизмді, тиімділікті, жаңалыққа, инновацияға иек арта келеді. Кешегі күні үлкен бейнетке түсетін, қол күшімен атқарылатын процестерді енді техника күшімен атқарады. Қалам-қағазға жүгініп, қолмен есептеп жататын шаруалар техника үлесіне көшті. Компьютер арқылы қажетті мәліметтерді таба алады, алысқа хабарды интернет, ұялы телефон арқылы жібере алады. Бүгінгі ұрпаққа бұл қиындық келтірмейді, техника құлағында еркін ойнайды. Жастар қоғамдағы қозғаушы күшке айналды. Мұның себебі де бар, Елбасы жастар саясатына соңғы жылдары үлкен маңыз берді. Олармен нақты жұмыс істеудің үлгісін көрсетті. Бұл жергілікті билік өкілдеріне де үлкен сабақ болды. Олар да жастар саясатына үлкен бетбұрыс жасады.                                                                                                              Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың лирик ақыны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген өлең жазған еді. Қазақ жерінде заман ауысып, үлкен өзгерістер болып жатқан кезде, ескіні қиратып, жаңа тұрмыс құруға ел кірісіп жатқанда ұлтжанды ақын алдағы бар болашақты жастармен байланыстырып, соларға үміт артқан еді. Жас қырандар – балапан қанат жайып ұмтылған, көздегені көк аспан, мен жастарға сенемін, мен сенемін жастарға, алаш атын аспанға, шығарар олар бір таңда, мен жастарға сенемін, деп жырлаған еді…                                                                                        Ақынның жастарға қайрылуы, ұлт тағдырын солардың ісімен байланыстыруы бекер емес-ті. Өйткені жастар жігерге толы, жаңалыққа құмар, жасампаз еңбекке ынталы, жаңалықты қабылдауға зерек, қайрат-жігері мол. Сондықтан да ақын жастарға үміт артты, соларға сенді. Мұны «Мен жастарға сенемін» деп жырға қосып, бар дауыспен халыққа үн қатты.  Ал жиырма бірінші ғасырдың басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезекті ХІІІ сьезінде осы сөзді қайталап, жастарға арнайы қайырлып үн қатты.                                         Әрине, Елбасының жастарға сөз арнауы бұл бірінші рет емес. Соңғы жылдарда ол жастарға бірнеше рет өз сөзін арнады. Жылдағы дәстүрлі Жолдауларында, келелі жиындардағы сөздерінде жастар саясатына айрықша назар аударғаны белгілі..                                                                                   Ол – еліміздің әрбір өңірі, экономиканың әрбір саласы алдағы жиырма жылға арналған негізгі болашағын жобалап, нақты мақсаттарды айқындап, жаңа инновациялық жобаларды өмірге келтіруге тиіс деді. Бұл бүгін белгілі болып отырған жаңарулардан өзгеше әлі де өмірге келмеген соны түйсіну, болашаққа жаңаша үңілудің нәтижесінде туындайтын тың болжамдардың, идеялардың жемісі болуға тиіс. Олар бүгін болмаса да, ертең он бес-жиырма жылдан кейін жүзеге асыруға болатын жобалар болуға тиіс. Олар экономика, техника, ғылым, білім, әлеуметтік салалардың бәрін де қамтуы қажет. Осы бағыттардың кез-келгенінен жаңа ой, тың ұсыныстар тууы ықтимал. Әрбір өңірдің, аймақтың, облыстың жиырма жылдан кейінгі қартинасын, әрбір саланың даму динамикасын бағдарлау әрбір әкімнің, әрбір министрдің бірінші кезектегі міндеті болуға тиіс. Олар күнделікті науқандық істердің ғана жетегінде кетпей, өңірдің, саланың перспективасымен шұғылдануы абзал. Бұл міндеттерді жүзеге асыру бүгінгі ұрпақтың үлесіне тиетіні сөзсіз. Сондықтан да Елбасы жастардың сапалы білім алып, ғылымның ой-шұңқырын тереңірек игеруіне үлкен мән беруде.

Тұлға болу дегеніміз – жауапты болу деген сөз, деді, яғни өмірде ата-анаң, Отанның алдында жауапкершілікті сезініп, өз ісіңе мұқият болу деген сөз. Ол үшін ағынмен жүзе бермей, белсенді болу қажет. Өзіңнің көздеген мақсатың, алға қойған межең болуға тиіс. Сол межені алуға күш-жігеріңді жұмылдырып, қайрат көрсетуің керек.Кәсіпқой болу деген сөз – өзің шынымен де айналысқың келген өмірлік істі таңдай білу. Және оның өзін жақсы тұрғыда жүзеге асыру керек. Кәсіп дегеніміз – табысты өмірдің негізі.                                       Патриот болу – өз Отаныңды шың жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Бірақ өзіңнің тарихынды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей нағыз патриот бола алмайсын.

2020 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілді білетін болады. Ал қазақ жастары бұл мерзімге түгелдей ана тілін білуі абзал. Өз ана тілін, төл мәдениетін, өз тарихын білмейтін ұл мен қыз ешқашан патриот бола алмайды. Бірақ бұдан тіл білгеннің бәрі паториот болып шыға келеді деген ұғым тумауға тиіс. Нағыз патриот болу жастардан көп қасиетті талап етеді. Өз елін, өз жерін, өз Отанын, өз халқын сүйе білетін үлкен жүрегі болуға тиіс. Мұнсыз азамат шын патриот бола алмайды.                                  Әр азаматқа өнімді еңбек ету үшін, терең білім алу үшін мықты денсаулық керек. Өз денсаулығын сақтау үшін әркім өзі қамқорлық жасау қажет. Елбасы жастарды біліммен бірге спортпен шұғылдануға, өз денсаулығын шынықтыруға шақырды. Өйткені дені сау, сыртқы тұлғасы келісті болып өсу үшін спорттың маңызы күшті. Денсаулықсыз ешбір азамат көздеген мақсатына жете алмайды. Бұл үшін елімізде денешынықтыру мен спортты дамытуға үлкен маңыз беріліп отыр. Азиада ойындарын өткізуге арналып көптеген спорт құрылыстары салынды. Енді осы спорт алаңдары мен ғимараттардың бос тұрып қалмауы керек. Оларды жастар тиімді пайдаланулары қажет.                                                                                        Міне, Елбасы жастарға осындай ақыл-өсиет айтты. Бұл жастарға арнап айтылған ұлт көсемінің нақыл сөзі, берген ұлағатты тапсырмасы. Жастар осыған лайық болып өсулері керек.                                                            Мемлекет жас ұрпақтың осы заманғы біліммен сусындауына барынша жағдай жасап отыр. Елімізде техникалық және кәсіби білім берудің тиімді жүйесі қалыптастырылуда. Үдемелі инновацияны дамыту және индустрияландыру бағдарламасы бойынша көптеген жаңа өндіріс орындары салынбақ. Сонда жұмыс істеуге жоғары білімді инженер-техниктермен қоса орта білімді кәсіби жұмысшы мамандар даярлау қажеттілігі туып отыр. Кәсіби жұмысшылар техникалық орта білім орталықтарында, колледждерде даярланбақ. Жастардың бәріне университет, академия бітіру міндет емес. Техника тетігін жақсы меңгерген, жаңа технологиямен жұмыс істей алатын маман жұмысшылар біздің экономика үшін ауадай қажет. Қазір елімізде жұмыссыздық көрсеткіші 8 пайыздан асады деп есептеледі. Көптеген жастар жұмыссыз жүр. Ал кейбір өндіріс ошақтары білгір жұмысшы мамандықтарына зәру. Сондықтан да жалпы оқушылар санымен жалданбай, қажетті кәсіптер бойынша кадрлар даярлауды қолға алу керек.. Жоғары және арнайы орта білім ошақтары жастармен нақты жұмыс істеулері керек. Әйтеуір оқушы саны үшін күреспей, қоғамға бүгін таңда зәру мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға күш салулары керек.                                           Білім саласының қызметкерлерінің бүгінгі таңда жауапкершілігі мен маңызы күшейіп отыр. Өйткені, сапалы білім беру елімізді индустрияландырудың және инновациялық даму жолына түсірудің басты алғышарты болып табылады. Білімсіз қоғамда прогресс, жаңа өрлеу мүмкін емес. Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінгі біз жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қою керекпіз. Біз жастар өз күш-жігерімізді, білімімізді,тәуелсіз еліміздің гүлденуіне жұмсауымыз керекпіз!

 

Муханбеткалиева Жулдуз Махамбетовна

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *