«Құмды жолдар, сулы алақандар»

 

Панфилов ауданы

Үшарал  ауылы

 «Айгөлек» балабақша тәрбиешісі: Несипбекова Дина Мамытовна

 

 

«Қазақ тілін сүйемін»

 

Тәрбиеші:Қайырлы күн, құрметті қонақтар, сіздердің алдарыңызда кішкентай өнерпаз ұландарымыз, «Қазақ тілін сүйемін» деп аталатын байқауға қатысып, өз өнерлерін көрсетпек.

Өнегелі өссе ұландар,

Елімізді гүлдетер.

Өнерлерін байқаңдар,

Өздерін көпке үлгі етер.

Ата-баба дәстүрін,

Көкірегіне түйгендер.

Өрге жүзсін өнерлі,

Ана тілін сүйген өрендер.

Ал, енді, сайыскер екі топты ортаға шақырайық. Алдарыңызда «Еркем-ай» қыздар тобы, «Балдырғандар» тобының өнерлі өрендерін қошеметтеп, қарсы алайық! (сайыскерлер музыка әуенімен топқа кіреді)

Тәрбиеші: Алдымен, байқауымызды бастамас бұрын әділ қазылар алқасымен таныстырып өтейін. (әділ қазылар алқасымен таныстырады)

Бала деген бақытты еліменен,

Құдіреттің қолында әлем деген.

Қазылар алқасы мен қонақтарға,

Басталсын байқауымыз ән-өлеңмен.

Сайысымыздың бірінші бөліміндегі тақпақ, өлең жарысын «Еркем-ай» тобы бастайды.

Балалар:

Ана тілім менің,

Әлдилеген әнім.

Ана тілім демім,

Ана тілім жаным.

 

Балалар:

Ана тілім елім,

Қайсар, қайрат, күнім.

Ана тілім менің,

Баста бақыт құсым.

Балалар:

Ақыл-ойын дараның,

Ана тілден аламын.

Ана тілім ардақты

Ақ сүтіндей анамның.

Тәрбиеші: Ал, енді, «Балдырғандар» тобын тыңдайық.

Балалар:

Өсірген ой, білімді,

Сүйем туған тілімді.

Мақсат етем әр сөздің

Мәнін терең білуді.

Балалар:

Тілім барда мақтанам,

Тілім менің аппақ ән.

Бірлігімді бүгінгі,

Ана тілім сақтаған.

Балалар:

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте.

Тәрбиеші: Енді «Еркем-ай» тобының орындауында «Отаным» әнін тыңдаңыздар.

Ән: «Отаным»

Тәрбиеші: Келесі «Балдырғандар» тобы «Жаса мәңгі Қазақстан!» әнін орындайды.

Ән: «Жаса мәңгі Қазақстан!»

Тәрбиеші: Ендігі сайысымыз, мақал-мәтел жарысын «Балдырғандар» тобы бастайды.

Балалар:

Өнер алды қызыл тіл.

Балалар:

Тіл – тиексіз.

Балалар:

Сөз тапқанға қолқа жоқ.

Балалар:

Білімді мыңды жығады,

Білекті бірді жығады.

Балалар:

Шешен сөз бастар,

Батыр қол бастар.

Тәрбиеші: Ал, енді, «Еркем-ай» тобының мақал мәтелдерін тыңдайық.

Балалар:

Тіл буынсыз, ой түпсіз.

Балалар:

Шешеннің тілі ортақ,

Шебердің қолы ортақ.

 

Балалар:

Піл көтермейді, тіл көтереді.

Балалар:

Өнерлінің қолы алтын,

Өлеңшінің сөзі алтын.

Балалар:

Өнерлі бала сүйкімді.

Тәрбиеші: Бәрекелді, біздің тәрбиеленушілеріміз оқу, білім, тіл туралы мақал-мәтелді жақсы біледі екен. Қане, оларға қошемет көрсетейік.

Жарысты әрі қарай жалғастырайық, келесі байқауымыз жұмбақ жарысы.

Іші жұмсақ, сырты қатты,
Еті қызыл, сүті тәтті.

Ол не?

(қарбыз)

Үстіне тігіп көк шатыр,
Астында қызыл дәу жатыр.

Ол не?

(қызылша)

Қалың киімді ұнатады,
Шешіндірсең жылатады.

Ол не?

                         (пияз)

Жер бетінде шашы бар,
Жер астында басы бар.

Ол не?

                         (сәбіз)

Түйін байлап көктемде,
Қызарар жаз кезінде.

Ол не?

                         (алма)

Тәрбиеші: Өнерлі бала сүйкімді бала, демекші, ендігі кезекте би жарысы.

«Балдырғандар» тобы – «Батырлар» биі.             

«Еркем-ай» тобы – «Пиала» биі.

Тәрбиеші: Санамақтар жарысындағы кезекті «Еркем-ай» тобы алады.

Балалар:

Бір дегенім – баспақ,

Бұзауды жүр бастап.

Екі дегенім – ешкі,

Ешкі қойдан есті.

Үш дегенім – үйрек,

Жем бер, қолға үйрет.

Төрт дегенім – тайлақ,

Тайлақты қой байлап.

Бес дегенім – бие,

Құланына ие.

Тәрбиеші: Ал енді, «Балдырғандар» тобына кезекті береміз.

Балалар:

Бір – білім алдым.

Екі – есік салдым.

Үш – үй көшірдім.

Төрт – төл өсірдім.

Бес – белге жеттім.

Алты – асық тіздім.

Жеті – желім жақтым.

Сегіз – серке бақтым.

Тоғыз – тойға бардым.

Он – отын жардым.

Тәрбиеші: Келесі сайысымыз «Арқан тарту»

(арқан тартысады)

Тәрбиеші: Әділ қазылар алқасы сайыстың қорытындысын шығарғанша екі топтың балалары ән шырқасын.

Ән: «Әрқашан күн сөнбесін!»

(Әділ қазылар алқасына сөз беріліп, балаларға сыйлықтар табыс етіледі)

Тәрбиеші:«Қазақ тілін сүйемін» атты сайысымызды мына бір жыр шумақтарымен аяқтағым келеді:

Желеп-жебеп піріміз,

Таза болсын діліміз.

Жауқазындай жалындап,

Өркендесін тіліміз.

 

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *