12 жылдық білім беру
Еліміздің басынан өтіп жатқан жанартаудай «сілкіністер» бүгінгі білім беру жүйесіне де түрлі өзгерістер енгізуде. Заман талабы «білу аз, сол білгенді істе қолдана білу керек»,- дейді.
«Әркім қолда барын ұсынады» деп немқұрайлыққа салынсақ, алдымызда отырған бейкүнә шәкірттердің тағдырына қиянат жасаған болар едік. Не ексең, соны орасың. Мақсатымыз – алдымызда тұрған өзекті мәселелер айналысында сөз қозғау. Соның ішінде ең бастысы – әлемдік білім кеңестігіне ену жолындағы алғашқы қадамдар.
Қай заманда, қандай реформа болсын мектептің басты тұлғасы – мұғалім арқылы жүзеге аспақ. Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің қасиетті міндеті – рухани бай, жан – жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру.
Ғасырлар тоғысында білім саласында болып жатқан ауқымды өзгерістер қоғамдағы келеңсіз беталыстарға қарсы тұру мен әртүрлі оңтайлы түрлендіруге қолдау көрсетуді мақсат етеді. Білім беру өзінің негізгі бағыттарына адам мен қоғамның өзекті мәселелермен бірге ұзақ мерзімді қажеттіліктеріне қарай толықтырулар жасап отырады.Осы тұрғыда жеке тұлғаны дамытуға, қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға байланысты білім беру саласы баса назар аударарлық мәселелердің бірі.
Ашық әлеуметтік жүйе болып отырған Қазақстанның білім беру саласы саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістердің дамуына себептеседі. Ал бұл өз ретінде мемлекет, қоғам, тіпті әрбір қазақстандық үшін білім саласын дамытудың басты бағыттарының маңызын күшейтеді.
Қазақстанның халықаралық қарым – қатынастарының белсенді түрде кеңейтілуі мен тереңдетілуі оның біртұтас халықаралық білім кеңестігін құруға өз деңгейінде қатынасу мәселесін алға қойып отыр.
Қазақстан Республикасының білім саласы бойынша мемлекеттік саясаты қоғам мақсаттары мен білім беру міндеттерінің арасындағы «тепе – теңдік» моделін жасаудағы жаңа әдіс – тәсілдерді анықтайды. Сонымен бірге, онда әлеуметтік дамудың төмендегідей жалпы әлемдік беталыстары ескеріледі:
- Ұжымдықтан даралыққа ауысудың әлеуметтік маңыздылығына ерекше назар аудару;
- Халықтың сауаттылығына қойылатын талаптар деңгейін көтеру;
- Өмір бойы білім беру тұжырымдамасын жасау;
- Жалпы және кәсіптік білім беру мерзімін ұзарту;
- Кең ой – өріс пен арнайы мамандандырудың үйлесімділігі;
ХХІ ғасырдағы Қазақстанның білім беру жүйесі мен даму қажеттіліктері
шешетін міндеттердің сәйкессіздігінен объективі қарама – қайшылықтар тууда.
Бұл 12 жылдық мектепте білім беру құрлымын мазмұнын жобалаудың әлеуметтік, педагогикалық әдіс – тәсілдерін негіздейтін Қазақстан Республикасы 12 жылдық оқыту мерзіміндегі жалпы орта білім беру тұжырымдамасының мақсатын анықтайды.
12 жылдық білім беруге көшу ең алдымен оқушылардың күнделікті оқу жүктемесін төмендету есебінен жалпы орта білім берудің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Білім сапасын арттыру оқу материалдарын мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының талаптары деңгейіне сай меңгертуге, сырттай және іштей саралаудың тиімді тепе- теңдік құруға кепілдік беретін педагогикалық жаңартпашыл оқыту технологияларын жетілдіру нәтижесінде жүзеге асады. Деңгейлеп және саралап оқытуды жүзеге асыру арқылы оқушылардың қызығушылықтарын, қажеттіліктерін, жеке ерекшеліктерін ескеру негізінде қалыптасатын дәлелді оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік туғызады.
Оқыту нәтижелерін бағалаудың жаңа әдіс – тәсілдері мен оқыту сапасының оъективі өлшемдерін енгізу арқылы білім сапасын арттыруға болады.
12 жылдық оқу мерзімінде оқытуда жалпы орта білім беру мазмұнында қазіргі білім беру салалары сақталады: тіл мен әдебиет, математика мен информатика, жаратылыстану, қоғамтану, өнер, технология, дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындық.
Базалық пәндер арқылы 12 жылдық жалпы орта білім беру мазмұны жүзеге асады. Негізгі мектепте базалық пәндердің мазмұны оқушылардың оқу жүктемесін азайту мақсатында ескірген оқу материалдарын жою, оларды негізгі және жоғарғы сыныптар арасында қайта бөлу арқылы жалпы орта білім беру мазмұның жаңарту принциптері мен бағыттарына сәйкес өзгереді.
Мемлекеттік тілді оқыту оқушылардың қазақ тілі теориялық және практикалық жағынан меңгертудің біліктері мен дағдыларын, рухани мұралары, қазақ халқының тарихи және мәдени дамуы жөніндегі білімдерін қалыптастыруға бағытталған.Оқушылар мемлекеттік тілді үйренудің қажеттігін, соның ішінде нақты бір жағынан меңгерген білімнің қолдану саласын саналы түрде ұғынады.
Орта мектепте оқытылатын қазақ тілі пәнінде тілдің білімдік, танымдық сипаттары мен коммуникативтік, эстетикалық қызметтері қатар танылады. Білімдік жүйеде балаларға тілдің ғылыми негіздері бойынша олардың жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, сабақтастық ұстанымын басшылыққа алып, тіліміздің дыбыстық жүйесіндегі, сөздік құрамындағы, грамматикалық құрылысындағы ұғымды игерту көзделеді.
Мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің беделін көтеру оның өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтары, тарихи негіздері мен даму жүйесін, қоғамдық – әлеуметтік рөлі мен қызметін, ұлттық қасиеттерді қалыптастырудағы маңызын қаншалықты дәрежеде меңгергенмен байланысты қаралады. Сондықтан да қазақ тілінің жаңа білім мазмұнында бұл мәселелер өзара ұштастырылып, тереңдетіліп беріледі.
Жас ұрпақтың бойында ана тіліне деген қызығушылығын арттыру, тіл арқылы олардың ойлау, сөйлеу қабілеттерін дамыту да тіл туралы берілетін мәліметтерді саналы түрде меңгергенде мүмкін болады. Сондықтан ана тілі болашақ қоғам иелерін қоғамның барлық саласында қызмет ете білуге даярлайтын пәндердің қатарында қызмет етуі қажет.
Білім беру жүйесінің негізгі сатысында қазақ тілін оқытудың мақсаты – ана тілінің қоғамдық – қатынастық мәнін түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, қарым – қатынастық біліктілігі дамыған, өз халқының, ана тілінің тарихын жетік білетін, ұлттық асыл қасиеттерді меңгерген дара тұлға даярлауға мүмкіндік туғызу.
Қазақ тілі пәнінде ұсынылатын фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тілдік – теориялық материалдар, бір жағынан, тілдік деңгейдің әр саласынан білім беріп, заңдылықтарын үйретіп, оқушылардың практикалық іскерлік – дағдыларының базасы ретінде қызмет ете отырып, екінші жағынан, оқушылардың лингвистикалық дүниетанымын қалыптастырудың, адам – қоғам – табиғат арасындағы байланыстарды, қарым – қатынастарды үйреніп білудің де негізі болып табылады.
Тілді үйретуге қатысты Ахмет Байтұрсыновтың төмендегі қағидаларын басшылыққа алуға болады.
- Тілдік материалды жеңілден ауырға, оңайдан қиынға, жайдан қүрделіге қарай оқыту;
- Тілді оқытуда халық ауыз әдебиеті материалдары: мақал – мәтелдер, нақыл сөздер, мысалдар, өлең – жыр, қызық әңгімелер маңызды орын алуы;
- Оқушыларға арналған матераилдардың аса түсінікті болуы;
- Мәтіндер, көрнекілік, иллюстративтік матераилдар қазақ баласының халықтық ұғымына таныс, жақын болуы;
- Тілді оқытуда тіл ұстартуға, көркем сөзге ден кою;
- Оқушылардың жазба тілін, сөйлесу тілін дамытуға баса назар аудару;
Оқушылардың сөйлесу тілін дамытуда, олардың ауызекі сөйлеу, жазба
тілдеріне қажетті іскерлік – дағдыларды жетілдіруде «Әдеби тіл және мәтін», «Тіл мәдениеті» тақырыптары бойынша берілетін материалдардың мәні үлкен. Мұнда оқушылардың тілдік, қарым – қатынастық қабілеттері ұшталады. Сөйлеудің диалогтық, монологтық түрлері, олардың ерекшеліктері қамтылады.
Тіл тарихынан берілетін мәліметтер оқушыларға тілдің ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұра екенін, оның қоғаммен бірге өзгеріп отыратын дамушы құбылыс екенін танытады. Тілдің дүниетанымдық рөлі дидактикалық материалдар арқылы толықтырып, кеңейтіліп беріледі.
Әдебиеттің оқу пәні ретіндегі ерекшелігі оның өзінің көркем өнердің бір түрі екендігінен туындайды. Әдебиет адам болмысының алуан сипаты мен байлығын көркем бейнелер арқылы суреттей отырып, өмірді эстетикалық тұрғыдан танытады. Көркем әдебиетте қоршаған орта бізген сұрыпталып, сана мен сезімге бірдей күшті әсер етерліктей қуатқа ие болып, ең жоғарғы деңгейде көркем жинақталған әлем ретінде көрінеді.
Соныммен қатар, әдебиет – көркем танымы мен қызметінің өзіндік ерекшілігі мол өнердің дербес саласы. Өнердің бір түрі ретінде әдебиет мораль, дін, философия, дәстүр секілді қоғамдық сананың басқа түрлерімен де тығыз байланыста. Әдебиет туралы ғылым мен әдеби сын өз дамуында тіл білімі, өнертану, әдеп, эстетика, тарих, психология, логика секілді қоғамдық және гуманитарлық ғылымдармен өзара қатыстық бірлікте болады.
Әдебиет пәні оқу пәні ретінде өзге пәндермен, курстармен әр деңгейде пәнаралық байланысқа түседі. Тілдік пәндермен бірлесе отырып, оқушылардың сөйлесу мәдениетін дамытады. Көркемдік циклдегі пәндермен байланыса отырып, қоршаған ортаға эстетикалық қарым – қатынасты қалыптастырады. Қоғамдық циклдегі пәндермен байланысқа түсе отырып, адамның қоғамдық болмысын, мән – маңызын айқындауға қатысты мәселелерді қарастырады, тарихи шындық тұрғысынан ойлау жүйесін қалыптастырып, оқушылардың тарихи жадын байытады.
Сабақты тартымды өту үшін мұғалім оқушының қабілетін ескергені дұрыс, яғни қазақ тілі мен әдебиет пәндері үшін мынадай әдістерді ескерген жөн:
- Әдебиет сабағында оқушылардың қабілет арттыру және дамытудың тиімді әдісін қалыптастыра білу;
- Ойын ажарлап ашуда тіл шеберлігіне мән беру;
- Қосымша әдебиеттер оқып, білімді күнделікті толтыру;
- «Сенің қолыңнан келеді», «сенен үміт күтеміз» деген сөздермен үнемі шабыттандырып оқыту;
- Үй тапсырмасын беруде оқушы бейімділігін, қабілетін ескеру;
Білім сапасын арттырып, бала қабілетін дамытуда оқушыға қойылатын талап деңгейі бара – бара күрделене түскені жақсы.
Сонымен, 12 жылдық мектеп оқушылардың әлеуметтік дамуына, болашақ мамандықтары бойынша қажетті дағдыларды жинақтауына, еңбек нарығына бейімделулеріне, өз бетінше өмір сүруге дайындықтарының артуына себептеседі.
Ұстаздық білім беру – бүкіл қоғам мүшелерінің интелектуалдық, мәдени дамуының жоғары деңгейін тәрбие, кәсіби білімділігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздіксіз процесі болып табылады. Сөз соңын Әл – Фарабидің мына сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Білімдіге дүние жарық, білімсіздінің күні қаріп».