Өз өмірің, өз қолыңда жүргінші!
Мақсаты: Балаларға көше тәртібін білгізу және олармен көше қатынас ережелерін қайталау. Балаларды сақтыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдер: Түсіндіру, көрсету, сұрақ-жауап, ойын арқылы, көрініс көрсету.
Көрнекі-құралдар: Ойыншық машиналар, бағдаршам макеті, ала жол (зебра), автобус макеті, жол белгілері, плакаттар, суреттер, ала таяқша, жол реттеуші киімі.
Сабақтың барысы
Шаттық шеңбері:
– Балалар, неткен керемет таң! Бір-бірімізбен амандасайық. Сол жағымызда,
оң жағымызда кім тұрғанын қарайық, үлкен шеңбер құрайық.
Қайырлы таң! (қолымызды жоғары созамыз)
Ормандар мен далалар.
Қайырлы таң! (қолымызды жанымызға созамыз)
Достасқан бар балалар.
Қайырлы таң! (алға еңкейеміз)
Біздің балабақшамыз.
Қайырлы таң! (қол шапалақтаймыз)
Жора-жолдас, ұл мен қыз!
Балалар бір-бірінің қолынан ұстап жылы лебіз, тілектер айтады.
Есік қағылады.
– Балалар біреу есік қағып тұр. Көрейікші ол кім екен?
Дымбілмес келеді.
– Балалар! Сәлеметсіңдер ме! Менің атым Дымбілмес. Мен жол жүру ережесін білмеймін.
– Сендер маған үйретесіңдер ме?
Балалар қуана келіседі.
1-бала:
– Ал, ендеше сен мұқият тыңдап, көріп ал. Жарай ма?
– Әр бала көшеде жүру тәртібін өте жақсы білуі керек. Көшеде жүре білу-машина астына түсуден, апаттан сақтайды.
– Көшеде жүру тәртібін кім басқарады, айтыңдаршы балалар?
Балалар хормен:
Көшеде жүру тәртібін бағдаршам басқарады.
2-бала:
Бағдаршам қамқорыңдай жанашыр, деп
тұрғандай:
Адамдарға жол ашық!
Кезек ашып, жұмғанында үш көзін,
Қалт жібермей, орында дәл, тос өзін.
3-бала:
Көреген дәу қырағы,
Көшемізде тұрады.
Ол бергенде команда,
Бағынамыз бәріміз.
4-бала:
Жыламасын аналар,
Жас ұландар өсе бер.
Сақ болыңдар, балалар,
Сақ жүріңдер,көшеде!
5-бала:
Қызыл көзі жанса,
Мейлі көлік жоқта.
Қатып қалған жанша,
Қыбыр етпе тоқта!
6-бала:
Сары көзі жанса,
Мейлі көлік жоқта.
Қатып қалған жанша,
Қыбыр етпе тоқта!
7-бала:
Жанса көзі жасыл,
Жолың айдай ашық.
Жнре бергін батыл,
Керегі жоқ сасып!
Тәрбиеші:
– Көше қиылыстарында қай жерлерден өтуге болады,балалар?
– Асфальтқа көлденеңінен сызылған жалпақ ақ жолақтары бар жерінде бет алдындағы бағдаршамның жасыл көзі жанған кезде өтуге болады.
Көрініс. Балалар көрініс көрсетеді.
Дымбілмес:
– Рахмет балалар, мен сендерден көп нәрсені біліп , көріп, үйреніп қалдым.
Тәрбиеші:
– Ал, енді балалар сендер енді Дымбілмеске бағдаршам жоқ көшелерден қалай өтуге болатынын түсіндіріп, көрсетіп бере аласыңдар ма?
Балалар:
Егер өтетін жерде бағдаршам болмаса, көшеден өте бере әуелі сол жаққа қараймыз. Көшенің орта тұсына жеткенде, оң жағымызға көз саламыз. Егер ол жақтан машина келе жатса, өтіп кеткенше, сол орында күте тұрамыз.
Көрініс. Балалар көрініс көрсетеді.
Тәрбиеші:
Жиекжол деген не?
Балалар:
– Адамдар жаяу жүретін көше жиегіндегі тар жол.
Тәрбиеші:
– Жаяуға қай жермен жүруге болмайды?
Балалар:
– Көлік жүретін көшенің ортасымен жүруге рұқсат етілмейді.
Тәрбиеші:
– Мына белгі нені білдіреді?
Тәрбиеші балаларға ең керекті деген бірнеше белгілерді көрсетіп, жауап алып.,пысықтайды.
Кішкене ғана көрініс.
– Екі бала жиекжолмен жүріп келеді. Бұрыстың түймелері салынбаған, қалай болса солай киінген,ал Дұрыс болса таза,тап-тұйнақтай, жиекжолдың оң жағымен келе жатыр. Жолда қария әжейді қағып кетеді, кешірім сұрауды да ұмытады.
Тәрбиеші: – Балалар, Дұрыс пен Бұрыстың қайсысы қателіктер жіберді және қандай қателіктер?
– Бұрыстың үсті-басы кір, киімі алқам-салқам, өзіне мән бермейді екен. Қарияны қағып кетіп, кешірім сұраған жоқ.
– Не себепті кісіні қағып кетті?
– Көшеде жүру тәртібін білмеді. Жиекжолда дұрыс жүрген жоқ.
– Ал жиекжолда қалай жүру керек?
– Жиекжолдың оң жағымен жүру керек, сол жағымен жүруге болмайды.
– Онда тағы қалай жүруге рұқсат етілмейді?
– Төрт-бес адам қатар жүруге болмайды.
– Аялдамада тұрған автомобиль, автобус немесе троллейбустың тек сырт жағынан айналып өту керек. Сонда біз оның соңында келе жатқан машинаны дер кезінде көреміз.
– Жолға жақын доп ойнауға болмайды. Велосипед тебуге рұқсат етілмейді.
Келесі кезекте балалар аялдамаға келіп, көрініс көрсету арқылы Дымбілмеске автобустың артқы есігінен кіріп, алдыңғы есігінен түсу керек екенін, үлкен кісілерге тұрып орын беру керек екенін, автобуста балмұздақ жеуге болмайтынын, автобустың терезесінен қолды, басты шығаруға болмайтынын, автобустан түскен соң, автобустың қай жағынан жүруге болатынын түсіндіріп, айтып береді.
Дымбілмес балаларға рахметін айтып, қоштасады.
Сабақты қорыту: – Балалар бүгінгі сабағымыз сендерге ұнады ма?
– Сендер жол жүру ережесін өте жақсы меңгергендеріңді көрсетіп қана алмай, Дымбілмес балаға көп білмегендерін үйретіп жібердіңдер. Өте ақылды, білгір, көп білетін мейірімді, кішіпейіл балалар екенсіңдер. Сендерге рахмет!
Балаларды мадақтап, сыйлықтар үлестіріледі.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718