Қазымбет батыр
Тақырыбы: Қазымбет батыр
Орындаған: Ардаққызы Аяжан
10 А сынып оқушысы
Жетекшісі: Елеусизова Гулжанат Серікқызы
тарих пәнінің мұғалімі
Мазмұны
- Кіріспе
II.Негізгі бөлім
1.Халқына рух берген Ер Қазымбет
2.Қазымбет батыр жайлы өлеңдер
III.Қорытынды
Қазақта өмір бойы бел шешпей ат үстінде жүріп елі мен жерін қорғаған батырлар баршылық болған. Оны қазақ елі елдігінен айырылып, өзге елдерге бөлініп-бөлініп кеткенге дейін арыстанша алысып, жүздеген жылдарға созылған сұрапыл соғыс ерлері жөніндегі ауызша, жазбаша деректерден жақсы білеміз. Әсіресе, «қазақ-қалмақ соғысы» аталып кеткен екі ірі көшпенді ел талас-тартысы санада сақталып, ерлік үлгісі болып, рухты өшірмеуге мол үлес қосты. Ал сонау ту-ту алыс замандарда елін қорғаған батырлар ерлігі тіпті ертегілерге айналып, қиял-ғажайып үлгісіндей болып еді.
Дегенмен, сол қиял-ғажайып кейіпкерлерінің көбі өмірде болған. Тек келе-келе адамдардың қиял-армандары оларды асқақтатып жіберген. Сол кейіпкерлер қазақ баласының бойына бала кезінен ерлік пен батырлық қасиетін дарытты. Содан кейінгі ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жетіп отырды. Ұлт сақталды, ұлыс-ата мекен ретінде қорғалды. Қысқасы, ерлік пен батырлық үлгісі қазақ баласының бойына кие болып қонды. Ол атадан балаға, батырдан батырға дарыды.
Қазақ батырлары тек қара күш иесі ғана емес, ақылды, әрі кемеңгер де болған. Содан да «білекті-бірді жығар, білімді-мыңды жығар» деп батырдың күшін ақыл-оймен ұштастырып отырған.
Қазымбет батыр (XVIII ғ.) Қабанбай батыр мен Боранбай бидің үзеңгілес серігі. Жоңғарларға қарсы соғыста көзсіз ерлігімен аты шыққан.
Шығу тегі: Найман – Қаракерей – Мұрын – Жолымбет – Рақ – Құттымбет – Қазымбет.
Қазақ тарихында қазақ-жоңғар елінің соңғы соғыстарында батырлығымен орда бұзып, қамал алып, ақылдылығымен елін қорғаған, ұлтарақтай жерді жат қолына бермес үшін жанын пида еткен батырлар баршылық. Міне солардың ерлік ісін насихаттап ұрпақ бойына сіңіру тәуелсіз еліміз үшін дәл бүгін ауадай қажет.
Солардың бірі-Ту астында тулап өлген Қазымбет батыр
Қазақ тарихында «Ту астында тулап өлген Қазымбет» деген аңызға айналған ерлігімен өшпес аты қалған қазақ халқының аса ірі батырларының бірі Қазымбет Құттымбетұлы. Өмір сүру кезеңі бала шағынан бастап жоңғар – қазақ арасындағы ондаған жылдарға дөп келген. Оның туған жылы нақты белгісіз болса да, шамамен 1685 – 90-шы жылдары дүниеге келген деп топшылауға болады. Өйткені, оның жоңғар – қазақтың, қырғыз – қазақ пен қытай – қазақ арасындағы ұрыстарға қатысқан кезінде 67 – 69 жаста болған деген деректер бар. Ол осы жасында да қазақ әскерінің ту ұстаушысы болған. Ал туды ұстау кез – келген батырға сеніп тапсырылмаған. Аягөз – Ақшәулі бойындағы жоңғарларды ығыстырып, артынша Қытай империясы жоңғар қонтайшысы сұранысын сылтаулатып жоңғар елін қырғынға ұшыратқан кездері, «Әмірсананы Абылай хан паналатты» деген желеумен қансыраған қазақты жауламақ болып, тұмсықтары тасқа тиіп, келісімге келген кезі де Қазымбет батырдың соңғы ерлігіне дәл келеді. Демек, Қазымбет батыр 1756 – 57 –ші жылдары Ақшәулі – Аягөз ұрысында туды жықпай қаза болған. Тарихтағы теңдесі жоқ ерлік үлгісін көрсеткен батырды өз заманының батырларының батыры деп бағалауға әбден лайық.Қазымбет батырдың ерлігі ғана емес ақылдылығы, мәрттігі, тіпті жауына деген адалдығы да ғасырлар бойы халыққа үлгі-өнеге болып ауыздан – ауызға айтылып келеді. Батырдың өмір жолы мен ерлік істері бұрынғы кездерден гөрі бүгінгі тәуелсіз елдің жастарына рух беріп, патриоттық тәрбиені сіңдіру үшін де аса қажет.
Батыр бабамыздың тек ту астында тулап өлген соңғы ерлігі ғана үлгі емес, оның бала кезінен жасаған батырлықтары да өнеге. Сол бір «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұлама» атанған зарлы замандарда үнемі жау шабуылына ұшырап, қырғын тауып, қан жұтқан замандардағы аталарымыз бесіктен белі шықпай жатып ат құлағында ойнап, бес жасында жай тартып үйренген. Ыстық – суыққа бірдей төзімді, баршылық пен жоқшылыққа мойымайтын қайратты болып өскен. Нағыз дала бөрілері сияқты еді. Туған жерден қуылып, қарындастан айырылып, тоз – тозы шықса да, көсемдері мен батырлары елге қорған болып қана қоймай, даланың ерлікке толы заңына үйреткен ұрпағын. Амалдап ұрпақ сақтап қалып отырған. Хандар мен билеушілердің бақталас бәсекелерінен тек қара халық зардап шеккен. Ондаған мың жас бала опат болып, ондаған мың ару жар құшағынан айырылған қасіретті кезеңді көз алдыңа елестетудің өзі қайғылы. Алмағайып замандардағы жастар ерлігін «Жау жүрек мың бала» кино фильмі барынша сомдаған. Жаугершілік заманда он үштегі бозбала «отау иесі» атанып, жеке жауынгерлік жарақ пен атқа ие болған. Елі мен жерін қорғау жолында қаншама жас қыршын кетті. Біздің санамызда жаудан жеңіліс тауып қаза болғандар көп сақталмаған. Әйтпесе…. Ал ерлік ісі үлгі боларлықтай батырлардың, батыр балалардың, жастардың жеңісі халық аузында жырланып, ұрпақтан ұрпаққа жетті…
Қазақтың қай батыры болса да бала кезін ерлік жасаумен бастаған. Аман қалғандары аңызға айналған. Жас кезінде жауды бөгеп қыршынынан қиылған боздақтарды бір соңғы жорықта Қабанбай, Боранбай батырлар еске алып, ағыл-тегіл жылаған деген сөз бар:
-Егер Тоқта Барлық етегінде Бұқа батырдың ұрпақтары мен сол төңіректегі елдің бес жүзге жуық жас батырлары жоңғардың алғашқы легін тоқтатпағанда, қамсыз жатқан қазақ ауылдары бас сауғалап, көшіп, тығылып үлгермес еді. Көзсіз батырлар Бұқа атасымен бірге екі күн бойы саны өздерінен бірнеше есе көп қалмақтың алғашқы қолын тоқтатқан. Солардың ішінде менен әлде қайда күшті жас батырлар бар еді, атаусыз қалды. Ал ана найман Бұқаның қос немересінің сүйегін артынан жаудан тығылып қалған ауылдың қариялары елу-алпыс қалмақ мәйітінің астынан әрең алыпты…
Иә, талай боздақ елі үшін мерт болды. Ол кезде қысылтаяңда жас та болса жауға шабуға рұқсат сұрау ата салты болған. Атақты Әбілмансұр-Абылай да он бес жасында жауға шауыпты. Енді, Қазымбет атамыздың ауыздан-ауызға жеткен алғашқы ірі жеңісі туралы аңызды айта кетейік.
Жоңғарлардың оңтүстіктен селдей тасып, қазақ жеріне анталап енген кезі болуы керек. Орта жүзге дарынсыз хандардың бірі Сәмеке иелік етсе керек.
Тәуке ханнан соң Болат хан дарынсыз болып, төбе хан билігінен айырылғаны, оның орнына өзге хандардың таласып, қазақты бөлшектегені, ақыры жоңғар шапқыншылығына ұшырағаны, тек жоңғар емес, өзгелер де қазақ даласын талауға кіріскені тарихтан белгілі. Сол кездерде орта жүзге қарасты ең іргелі ел найман да, көршілес керей де ата жұрттарынан шегініп, арқаға, Сырдың бойына ауған кезі екен. Жетісудың шұрайлы жерінің көбін, Алтай-Тарбағатайды жоңғарлар басып алыпты. Кейінгі итжығыс ұрыстарда найман тайпасы бас болып, талай-талай ұрыс салыпты. Жоңғар қолын әлсіретіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ес жинай бастаған екен. Осындай бір ұрыста Қазымбеттің әкесі Құттымбет батыр жараланып, қол бастауға жарамай қалады. Дәл сол кезде наймандарға жоңғарлар (көбіне қалмақтар делінеді) тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сәмеке хан тез-тез шабарман, хабаршыларын жіберіп, қарсы әскер жинайды. Сол кезде бұрын қанша соғысқа қатысқанын кім білсін, 17 жасар Қазымбет ту ұстап, өз аталастарын әкесі Құттымбеттің орнына жауға қарсы соғысқа әзірлеген екен. Алғашында Құттымбет батыр Қазымбетті баласынып, рұқсат бермейді. Сонда Қазымбет: «Әке, ел шетіне жау келсе, «жаспын» деп жата көрме», не күшім көп «баспын» деп аса көрме» шайқас, жеңемін деп алыс, батыл бол, жеті атаң жеңіліп көрмеген жаудан, бәрі де өз ажалынан өлген. Қорыққанды оқтың өзі іздеп табады»-деп айтатын ақылыңыз қайда? Мен бала емеспін. Батаңызды беріңіз тездеп, Сәмеке ханның қолына уақыт оздырмай қосылуымыз керек,»-деген екен. Сонда қарт батыр орнынан тұрып:
Тапсырдым бір өзіңді хақ тағала,
Аттанды қан майданға бір жас бала.
Сол балама оң сапар берсін Алла,
Қолдасын аруағы ата-баба.
Ел қорғау ұрпағыма болған мұра,
Аталар көп айқасқан жаумен дара.
Солардың жолын берсін хақ тағала,
Қорғаса ата аруағы жау ала ма.
Я, Алла, балама абырой мен қайрат бер,
Жеңімпаз атандыр да айбат бер.
Рұқсат, ақ батамды бердім, балам!
Дұшпанды малша қуып, айдап кел,-деген екен.
Бес мыңдай қолға қарсы екі мыңдай жауынгер дайындап үлгерген Сәмеке ханға жас Қазымбет келіп қосылады. Ертеңінде жау жағы жекпе-жек сұрайды.
Сонда 17 жасар Қазымбет хан алдына барып, жекеге шығу үшін бата сұраған екен.
Хан:
-Әй, балам, сен тым жас екенсің, анау қалмақтың бас батыры Жолан талайды көрген жырынды, алапат күш иесі, жасы да анағұрлым үлкен. Өзіңе-өзің сенбесең шықпай-ақ қой. Жеңіліп, опат боларсың,-депті.
-Жоқ, хан ием! Мен өзіме-өзім сенемін. Жіберіңіз, бата беріңіз,-депті жұлқынып.
-Тұла бойың тұнған күш, жүректі жассың мәрт мінез. Жеңіп, жауыңның басын қырқ. Опасыз дұшпан табаныңда болсын, бар, балам,-депті Сәмеке хан.
Жекеге шыққан қалмақтың бас батыры Жолан жас арыстандай күжірейген жалынды жас батыр Қазымбеттің көзіне көзі түсіп, ажалы келгенін сезгендей, бірінші болып кезек сұрайды. Қарсыласының мысы басып, құты қашып, жоңғар жебесі адасып далаға кеткен екен.
Кезегін алған Қазымбет батыр қозы жауырын жебесін шірей тартқанда, оқ қақ жүректің тұсынан өтіп, Жолан жерге өкіріп құлайды. Жас батыр қолма-қол қалмақ батырына жетіп барып басын кесіп алыпты. Мұны көріп тұрған қалмақ ханы Зерен Қазымбетті қоршап, қолға түсіруге бұйырыпты. Арыстанша алысқан жас батырды өзгелер келіп құтқарған екен. Жоланның басын Сәмеке хан алдына тастаған батырға барлық сардарлар мен сарбаздар риза болыпты. Саны аз болса да жас батыр ерлігімен жігерленген қазақ қолы жоңғарларды жеңген екен. Осы жеңістен кейін 17 жасар Қазымбет Сәмеке ханның жасағына бас қолбасшы болады. (Шежіреші қария Дүйсен Нүрпейісовтың қол жазбасындағы деректер бойынша). Осыдан кейін де жоңғар-қазақ арасындағы қантөгіс ондаған жылдарға созылды. Ірілі-ұсақ сансыз ұрыстар болды.
Соның көбі тарихшылардың айтуына қарағанда Аягөз-Алакөл маңында болған. 1723-27 жылдардағы ірі соғыс Аягөз өзенінен он шақырым Қарауыл маңында өткен. Онда қазақ хандарының алауыздығынан қазақ әскері жеңіліс табады. Оның алдында Балқаш пен Алакөл аралығында Аягөз өзенінің Балқашқа құяр сағасында қанды қырғын болған. Алакөлден Солтүстікке қарай Қарақол тұсында, одан кейін үш Ақшәулі төңірегінде (Тарбағатай тауының етегі), Еңірекейде, Ащысуда, Тарбағатайдың Өкпетісінде, Қабанбай асуында болған жерді қайта азат ету жолындағы ондаған жылдарға созылған ұрыстарға қолбасы, он мың басы ту ұстаушы болып қатысқан Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп ел қорғапты. Қазақ жерін жаудан азат ету жолындағы соңғы ұрыста 69 жасында қазақ жасағының туын шықпай, ту түбінде мерт болған. Қазымбет пен аты аңызға айналған Аягөз өңірінен шыққан батырлар ерлігін толық зерттеген ешкім жоқ. Дегенмен, Қабанбайдан бастап, Ақтамберді, Ер Еспембет (Жеке батыр), Орыс батыр, Шыңқожа, Шанышқылы Бердіқожа, Қасабай, Бөдес, Барақ, Кедей батырлар мен сонау Нарынбай, Құттыбай, Ақтайлақ, Аққожа, Төбет сияқты батыр-билерді тізбелей берсек, том-том кітап болар еді…
Енді Қазымбет бабамыздың екінші бір өмірінен аңыз болып жеткен деректен үзінді келтіре кетейік. Өйткені, ол туралы осы журналдағы еңбектерде кеңірек айтылған. Мен оның тек үлгі боларлық жерінен ғана мысал келтірейік.
Мұның өзі ұзақ сонар дастанға бергісіз аңыз әңгіме. Шежіреші қариялар ғасырлар бойы ауыздан-ауызға айтып, сан құбылтып жіберген тұстары да көп. Солардың ішіндегі ең дұрысы, шындыққа жуық келетіні С.Өзбековтың «Мұра» кітабындағы нұсқасы болғандықтан сол нұсқадан үзінді келтіруді жөн көрдім.
….Қазақ қолы бел алып, Қазымбеттің әйгілі батырлар қатарына қосылған кезі. Бір шайқаста жүз қаралы қалмақ сарбаздарын Қазымбет жігіттері қолға түсіреді. Қолға түскен жаудың билігі сарбаздардың қолында емес пе? Ат-әбзелі, қару-жарақ, сауыт-саймандары алынады. Сол тоналғандардың ішінде сауыт-сайманы шешілгеннен кейін жалғыз бұрым болып өрілген шашы тірсегіне түскен, аса келбетті сұлу әйелдің намысқа ерлер қатарында шауып жүргені әшкере болады.
Мұндай ерлік қай кезде, қандай ұлттың болмасын әйелдерінен кезігіп тұрған ғой.
Қазымбет бабамыз әйелдің жайын сұрастырып білген. Сөйтсе, шайқастың алғашқы кезеңдерінде қалың қол алдында Қаранай деген қалмақ батыры әйгілі қанжығалы Бөгенбаймен жекпе-жекке шығып, сол сайыста Қаранай батыр Бөгенбай қолынан өлген. Қаранайдың кегі үшін ерлер қатарында жауға шауып жүрген әйелі Таңшебер екен. Ер қадірін асқақ тұтқан, әрі әйелдің жүрек жұттысы болған соң да «Бұдан туған ұрпағым кем, қор болмас» деген оймен бабамыз Таңшебермен неке қидырады.
Сонымен Таңшебер анамыз қырықтан асқан жасынан кейін Келдібек, Жаулыбай, Майлыбай атты үш ұл туады.
Ол кезде он үште садақ тартуға жараған ұл жорық атын баптай бастайтын болған.
Келдібектің он алты жасқа толған кезінде қалмақтың мыңнан астам қолы бір тыныстап жатқан кезді пайдаланып, Қазымбет ауылын қоршайды. Бүкіл қазақ ауылынан Қазымбет ауылын таңдап алуының айырықша себебі болған.
Бөгенбай қолынан өлген Қаранайдан Қабек деген ұл бала қалады. Бала ат жалын тартып мінуге жарағанда, қалмақтың үлкендері «Сенің шешең жау қолына түсті. Бірақ өлген жоқ. Қазымбет деген батырында, бәйбіше болып бала өсіріп отыр» дегенді айта берсе керек.
Қаранайдай батыр, Таңшебердей жүрек жұтқан әйелден Қабек те осал туа ма? Жиырмаға жетер-жетпес жасында түмен басқаратын қосбасшылардың бірі болған. Міне, сол Қабек әке кегін қайтарып, шешесін қазақ қолынан құтқарып әкетуге орайлы кезеңді тапқан.
Қабек қолы Қазымбет ауылына таяп қалған. Хабарын кеш білген, Қазымбет бабамыз тұс-тұстағы қазақ қолбасшыларына хабаршы жіберген. Бірақ олар көмекке келгенше жау шабындысының астында қаларына да көзі жеткен. Мыңға тайынбай қылыш суыратын батыр балаларымен, нөкерлерін қосқанда Қазымбет туының астына жүз қаралы адам жиналған.
Осыны байқаған қалмақ қолы еркін, әрі тұралатып жеңуді көздеп, өктемдікпен жекпе-жекке шақырған.
Жекпе-жекке қалмақ қолының басшысы Қабектің өзі шығады. Кімнің шыққанын қазақ жағы қайдан білсін? Жаудан сасып көрмеген бабамыздың өзінен бастап, ұлдарының қай-қайсысы шығуға әзір тұрады.
Осыны аңғарған Таңшебер анамыз Қазымбеттің алдына жүгініп:
-Сонау жекпе-жекте тұрған менің бауырларымның бірі болса керек. Кім өлерін тәңірім білер. Бірақ қазасы жетпей тұрғанда жүздесіп, мауқымын басып қайтайын,-деп зар тілегін айтып, рұқсатын алған екен.
Арғымағына қонғанда әйелше киінбей, бес қаруы бойындағы айбынды батырша киініп, ақырып жекпе-жекке қарсыласына жетеді. Қанды айқастың басталуын күтіп, екі жақ та тына қалған. Ұзамай екі жағы да жұмбақты көрініске куә болып, не деп шешерін білмей, таң-тосын күйге түскен. Ат басын кәдімгі жекпе-жекшілерше түйістірген екі батыр, енді қару сілтеседі деп күтіскен кезде қару сілтеспейді-екі жақ та көріп тұрады.
Әңгіме ұзаққа бармай, қалмақ батырының қазақ жекпе-жегіне шыққан Таңшеберді құшағына алып, өксіп жылағаны майдан даласын тұндырып жіберсе керек.
Жекпе-жекшілердің көріспен мауқы басылғаннан кейін, әлдеқандай байламға келіп, екеуі екі жаққа тарасады.
Бабамыз алдына келген анамыздан:
– Бәйбіше, не болды? Әлгі бауырың ба екен? Балаң ба екен?-дейді.
– Құзырыңызға құлдық! Қаранай кіндігінен туған жалғызым Қабек деген ұлым екен. Мен кек қуып жорыққа аттанғанда, Қаранайдың әпкесінің тәрбиесінде қалып еді. Осы қолдың басшысы көрінеді. Іздеп шыққаны менің қара басым екен,-деп бір тоқтайды.
Таңшебердің сөзін тыңдай тұрып, Қазымбет бабамыз жау жағының қимылын да қабақ астынан бағады. Батыр қолына жетіп, кеңесші нөкерлерін қасына алып, бастарын шұлғысып, біркелкі іске мақұлдасқанын алыстан жазбай таниды.
– Балаң маңайындағыларына бас шұлғытып жатыр. Сен қандай ақыл бердің? Өзің қандай тоқтамдасың?
Таңшебер анамыз да иілген басын тіктеп алады.
– Батыр! Ер кегін қуып келіп, отыз жасымда өзіңе пенде болдым. Жаудан түскен олжа деп қарамадың. Өсер өркенімнің ұлы анасы болар деп әлпештегеніңді өмірі ұмытармын ба? Тағдыр қосқан қосағың ретінде мен де алдыңнан кесіп өтпедім. Жорыққа аттансаң қара тұяғың мұжылмасын деп тілеу тіледім. Үш бала сүйгіздім. Жасым болса елуге келді. Сырлы аяқтан сыр кетіп, сыны қалды. Қызық дәуренім өзіңмен бірге өтті. Енді елу жасымда менен не қызық көресің, тұңғышымның қолына қайтар. Мен үшін екі жақ та қазір қызыл қырғын боласыңдар. Ақылыңызға сал. Балам осыған келісті. Бір жолға болса да қан төгіспей тараңдар. Кек қайтарысар кездерің әлі алда ғой,-деген екен.
Таңшебер анамыздың сөз салмағын саралап, оның өзіне қосақ болғалы көрсеткен ізгілігін де әділ бағалап, «Өзімнен туған ұлдарым өзімде қалса, тұла бойы тұңғышынан ажыратып алып қалғанда маған деген ыстық ықыласы болар ма»-деген түйінге келген Қазымбет бабамыз Таңшебердің ақылды ісіне ерік беріпті.
Шіркін, кімнен тусын, қай ұлттың қызы болсын жаулыққа жараған, елдің елдігіне дәнекер болған алып аналар аз ба? Солардың бірі Таңшебер анамыз ғой.
Баста аз қолымен шықса да, қатарлас отырған қолбасшыларға жіберген шапқыншыларының хабарымен елеңдеп отырған қазақ қолының қолбасшылары да тұс-тұстан Қазымбет ауылына құйыла берген. Осыны көріп тұрған Қазымбет дөң басынан түсіп, өзінің серіктеріне болған уақиғаны жеткізеді. Жауға түйіліп келген қол енді берекенің ұйтқысына айналады.
Таңшебер анамыздың қасына арнайы білікті адамдар қосылып, келісімді қалмақ қолына естіртуге жіберіледі. Қазақ қолдары осы келген Қабек батырдың сарбаздарына арнап арнайы үйлер тіккізіп, аткөпір етіп сойыс сояды. Майданда кезіксе бірін-бірі тірідей жұтып жіберердей тістенгенде жақтары қарысатын жаулар Таңшебер анамыздың қасиетімен бір түн болса да бір дастарқаннан ас-су ішісіпті.
Үш ұл тауып, орнығып қалған бәйбіше ұзатылған қыз емес қой.
– Таңшеберді жөнімен он қыздың ұзатылуындай салтанатпен шығарып салыңдар,- деген бабамыздың бір ауыз сөзі өз балаларына ғана емес, бастас болған батырларға, қостас болған нөкерлерге хан бұйрығындай болыпты. Қыруар малмен басы тоғыздан елу шақты түйеге жасау артылып, су төгілмес боз жорғаны күміс ер-тоқымдап, Таңшебер анамызды ауылдан разы-қоштарын айтып шығарып салып жатады.
Міне, осының өзі Қазымбет батырдың батырлығымен қоса ақылдылығын, мәрттігін көрсетіп тұр.
Қазымбет бабамыздың қазақ әскерінің туын құлатпай қаза болған ұрысы туралы да әр түрлі аңыз-әңгімелер баршылық. Соның көбі тағы да қазақ-жоңғар арасындағы (көбіне қалмақ деп айтылады) соңғы ірі соғыстарға әкеліп тіреледі.
Ауызша айтылған аңыз-әңгімелердің көбінде Ақшәулінің етегінде болған ұрыстарда жоңғар-қалмақ әскерлері қатты жеңілген. Арғы жағын алып Қытай империясы опырып, бір кезде қазаққа істеген қырғынды өз бастарына әкеледі. Билік үшін таласқан Әмірсана Қытай билеушілерінен көмек сұраймын деп өз еліне абайсызда апат әкелді. Сыныққа сылтау іздеп, екі көшпенді ірі елдің әбден қансырап әлсіреуін күтіп отырған Қытай империясының қаталдығы Әмірсананы да шошытып, ол билікті ұмытып, қытай әскеріне қарсы бас көтерді. Бірақ, опасыз хонтайшыға қырғыннан аман қалған қандастары сенбеді. Тарихшылар жазып қалдырған деректер бойынша осы жолы миллионнан астам жоңғарлықтар жойылып, қалғаны жан-жаққа бытырады. Жүз жыл даланы дүрілдеткен, алып Қытай империясына солтүстіктен қауіп төндірген көшпенділердің бір империясы жер бетінен жоқ болды. «Бұлардың ұрпағының өзі қауіпті, неғұрлым құрту керек, кешегі Шыңғыс ханды ұмытпаңдар» деген Қытайлық билеушілер көшпенділерге аяусыз қырғын әкелді.
Әмірсана қазақ даласына, ежелгі жауына пана іздеп қашты…
Кім біледі 1 миллион ба, 2 миллион ба әйтеуір монғол тектестердің қатты қырғын тапқаны анық…
Қытай әскері осы жалынмен Әмірсананы ұстап беруді сылтау етіп қазақ даласына төгілген. Мұны империя құлдығында болғандықтан тарихшыларымыз ашып айта алмады. Әлі де айта алмай, жасқанады. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей жоңғардың қайқы қылышынан қазақ қол астына кіріп, көбіне аман қалған қандас қырғыздардың сол кездегі сатқындық шабуылдары туралы да ашып айта алмай сорлап жүрміз. Осындайда алдауға түсіп Шу бойында жаппай қырылған қазақ батырлары-ай! Әр қайсысы жарты ғасыр ат үстінде арыстанша алысып ел қорғағанда, одақтас, қандас қырғыздар қапыда қалдырып, қалай аямай қырды екен, есіл ерлерді дейсің, кіжініп…
Мұны айтып отырғаным, көпшілік деректерде Қазымбет қазақ-жоңғар ұрысында опат болды делінеді.
Солай да шығар. Бірақ осы тұста жоңғардың әлсіреп, қытай, қырғыздардың шабуылының күшейгені анық. Абылайханның ақылдылығының, Қабанбай батырдың соғыс өнерін епті пайдаланғанының арқасында қазақтарды қытайлар жаппай қыра алмай, Аягөз өзеніне Мамырсудың құятын тұсында (Аягөз қаласынан үш шақырым бұрынғы Сергиополь, бүгінгі Мамырсу ауылында) үш жүз үй тіктіріп, қазақ-қытай-жоңғар келісім шартына қол қоятыны да осы кез (1757-58 жылдары).
Шынында бұл келісім қазақ үшін біз оқыған «Подстам», «Брест», «Тегеран» деп кете беретін халықаралық келісімдерден де кем емес.
Осы кездері қазақ жеріне жаппай ене бастаған қытай, оған бағынған жоңғар әскерінің қалдығы, қырғыз жасақтары әбден әлсіреген қазақ халқына аса қауіпті еді. Не жауды тосып жаппай өлу керек, не жеңу керек. Өлу жол емес, айла-тәсіл қажет. Ерлік үлгісі керек. Енді шегінерге жол жоқ. Осыны хан Абылай да, Қабанбай, Бөгенбай да, Қазымбет сияқты хас батырлар да жақсы түсінген. Абылай қытай әскерін алдап соғып тоқтатса, Қабанбай Тарбағатай мен Тоқта Барлықта әскери өнерімен қытай-жоңғар әскерін қапы қалдырды. Осыдан кейін еріксіз тоқтап, бейбіт келісімге қол жетті.
Енді Ақшәулі түбіндегі ұрысқа тоқталайық. 1756-57 жылдары жоңғарлардың көбін бағындырып, біразын өздеріне қосып алған қытай-жоңғар әскерлері қазақ жеріне лап қойған екен. Жауға қарсы тағы да найман тайпасы қол бастап шығады. Бұл туралы Ә.Садуақасовтың «Қабанбай батыр» кітабының найман шежіресі бөлігінде.
Мұрыннан тізе берсең маңғазы көп,
Бай, батыр, игі бағлан, сарбазы көп.
Бойында Ақшәулінің өлген екен,
Қазақтың туын жықпай ер Қазымбет.
Қапысыз ажал келсе кім өлмеген,
Шыңқожа, Шөңкейді де шідерлеген.
Қос жебе өндіршектен қадалса да,
Қазымбет тудың сабын жібермеген,-деген жолдар бар.
Мұндай мысалдарды өзге де көптеген шежірешілер, ақындар, зерттеушілер келтіреді. Дегенмен, соның ішінде бүгінгі заманда қазақ батырларының азаттық жолында арпалысқан сәттерін шынайы суреттеп жүрген арқалы да даңқты ақынымыз Несіпбек Айтовтан артық жазған ешкім жоқ.
Несіпбектің «Ту» деп аталатын шағын дастанының өзі бүгінгі көк туымыздың қасиетін керемет дәріптей келе, кешегі Ер Қазымбеттің жықпай, ұстап қалған туымен ұштастырады.
«Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,
Өмірде еш нәрсе жоқ тудан биік» деген эпиграфпен басталатын дастанда Қазымбеттің соңғы ерлігі былайша жырланған:
Қазақтың шыдай алмай соққысына,
Қалмақтар қалжырады қатты, сірә.
Бөлінді бас сауғалап бет-бетіне,
Келгенде Маңырақтың дәп тұсына.
Жау қашты, қазақ қолы тыныстады,
Боялған қанға найза-қылыштары.
Өлігі құрбандардың жайрап жатты,
Біткендей пәнидегі жұмыстары.
Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,
Көргендер аң-таң қалды алғашында.
Байрағы қолындағы желбірейді,
Өзінің көрінбейді жан қасында.
Болмастан ойларында ешбір қауіп,
Батырлар сатырлатып келді шауып.
Күйінде ту ұстаған қатып қапты,
Өлсе де құламаған аттан ауып.
Қос жебе қатар тиіп өңдіршектен,
Аққан қан омырауын кеткен жауып.
Аты да астындағы қозғалмайды,
Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып.
Қаруы жерде жатыр саудыраған,
Екі көз жұмылмапты жаудыраған.
Төбеде туын жықпай қасқайып тұр,
Дегендей «не қыласың енді маған?!».
Егіліп жан қалмады жыламаған,
Көргенде Қазымбетті құламаған.
Жықпаққа қазақ туын көздеп атқан,
Қалмақтың сұр мергені сығалаған.
Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең,
Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем.
Түбінен тудың сабын қатты қысып,
Қарысып саусақтары қалған екен.
Қолынан туын алып ел әзірге,
Тапсырды қайран ерді қара жерге.
Байрақты жас жігітке беріп тұрып,
Дарабоз былай деді қарап елге.
Күн туар деген рас ұл туғанға,
Түсесің от пен суға жұртың барда.
Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет,
Артында желбіреген ту тұрғанда!
Жалауын қатты соққан жел ұшырған,
Тарихта талайлардың сағы сынған.
Жығылмай тумен бірге тұрып қалған,
Қазағым, айналсаңшы арысыңнан!…
Міне, Қазымбет батырдың өшпес бейнесін ақын өлең тілімен осылай сомдаған.
Дарабоз Қабанбай туралы жыр-дастанда:
«…Ту астында тулап өлген Қазымбет…» деп көрсетілуі соның айғағы.
Сұрасаң арғы атамды бес байысты,
Бес байыс жиналғанда жер қайысты.
Қалмақтың алатайын қойдай талап,
Келгенде Өкпетіге олжа алысты.
Атам аты Сармырза,Шешен мұрын,
Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын.
Шерубай, Ертәукебай, Тана мырза
Қай қазақ сөз сөйлеген бұдан бұрын.
Бергі атам ер Қазымбет қайсар еді,
Дұшпаны қарсы келген тайсап еді
Жілігін жау сындырған байлап алып,
Қалмақты қара құрттай жайпап еді.
Қазақтың шыдай алмай соққысына,
Қалмақтар қалжырады қатты, сірә.
Бөлінді бас сауғалап бет-бетіне,
Келгенде Маңырақтың дәп тұсына.
Жау қашты, қазақ қолы тыныстады,
Боялған қанға найза-қылыштары.
Өлігі құрбандардың жайрап жатты,
Біткендей пәнидегі жұмыстары.
Жалғыз тұр ту ұстаушы дөң басында,
Көргендер аң-таң қалды алғашында.
Байрағы қолындағы желбірейді,
Өзінің көрінбейді жан қасында.
Болмастан ойларында ешбір қауіп,
Батырлар сатырлатып келді шауып.
Күйінде ту ұстаған қатып қапты,
Өлсе де құламаған аттан ауып.
Қос жебе қатар тиіп өңдіршектен,
Аққан қан омырауын кеткен жауып.
Аты да астындағы қозғалмайды,
Тізгінін тұқыртыпты ебін тауып.
Қаруы жерде жатыр саудыраған,
Екі көз жұмылмапты жаудыраған.
Төбеде туын жықпай қасқайып тұр,
Дегендей «не қыласың енді маған?!».
Егіліп жан қалмады жыламаған,
Көргенде Қазымбетті құламаған.
Жықпаққа қазақ туын көздеп атқан,
Қалмақтың сұр мергені сығалаған.
Күңіреніп аттан түсті ер Қабекең,
Сіресіп Қазымбет тұр ерде бекем.
Түбінен тудың сабын қатты қысып,
Қарысып саусақтары қалған екен.
Қолынан туын алып ел әзірге,
Тапсырды қайран ерді қара жерге.
Байрақты жас жігітке беріп тұрып,
Дарабоз былай деді қарап елге.
Күн туар деген рас ұл туғанға,
Түсесің от пен суға жұртың барда.
Ешқашан өлмек емес ер Қазымбет,
Артында желбіреген ту тұрғанда!
Жалауын қатты соққан жел ұшырған,
Тарихта талайлардың сағы сынған.
Жығылмай тумен бірге тұрып қалған,
Қазағым, айналсаңшы арысыңнан!…
Міне, Қазымбет батырдың өшпес бейнесін ақын өлең тілімен осылай сомдаған.
Марқұм Бейсебаев Төлеухан ағаның ата-бабасы жөнінде жазғаны
Тұрағы ШҚО, Үржар ауданы, Тасбұлақ ауылы болған.
Сұрасаң арғы атамды Байыс өткен,
Қос шылбыр бір тізгінді қайыс еткен.
Жеті атасын өлеңмен айтсыншы деп,
Осы сөз Найман шалдан бізге жеткен.
Атамыз одан туған Сарымырза,
Көрген жан құрметіне болған риза.
Анамыз Мінәй сынды ақылды боп,
Мұрын деп айтқан екен хикаяда.
Атамыз одан туған Ер Жолымбет,
Соғыспен өткізіпті өмірін көп.
Денесін Ақмолаға жерлегенде,
Ерім деп зар жылаған жиналған көп.
Атамыз одан туған Рақ өткен,
Халқының басын ел қып құрап өткен.
Атамыз одан туған Ер Құттымбет,
Данышпан, оқымысты ғұлама екен,
Алладан елінің амандығын тілеп өткен.
Мұрында тізе берсең маңғазы көп,
Бай-манап, би-бағлан, сарбазы көп.
Бұрында үш Шәулінің өлген екен,
Қазақтың туын жықпай Ер Қазымбет.
Өмірде ажал жетсе кім өлмеген,
Шыңғожа, Шөмекей де шідерленген.
Кос жебе өндіршектен қадалса да,
Қазымбет тудың сабын жібермеген.
Атамыз одан туған Қазымбет Ер,
Туыпты Заманында осындай Ер.
Қалмақ пен қазақтың соғысында,
Еліне болған екен Ер дәнекер.
Атамыз одан туған батыр Барат,
Батыр ол отырмапты үйде қарап.
Дәулеті, мал мен басы тең өсіпті,
Тоғыз ұл туған екен одан тарап.
Атамыз одан туған Әшетер Ер,
Болыпты заманында ол кемеңгер.
Қалмақтың жекпе-жекте туын жығып,
«Әлемді» Әшетердің белгісі дер.
Елдік пен ерлікті, бірлікті, көксеген Бұқар жырау айтқандай:
Қиядан қиқу төгілсе,
Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз қол көрінсе,
Қорқып жаудан қайтпаған, – деп, ұрпағына үлгі берер аруақты батыр ұлтының ата жауымен айқаста елін кеудесімен қорғаған ер, өз өмірін құрбан етумен жоңғар-қазақ арасындағы ғасырлар бойғы соғыстың соңғы нүктесін қою барысында көз жұмған Қазымбет батыр бабамыз.
Батырдың рухы Қабанбай бастаған қолдың жеңісті жорығының соңын да, келесі жылғы Аягөз бойындағы «Мамырсу» бітімін де, одан кейінгі өмірді де көрді. Оның рухы мәңгі өлмек емес. Аты мен ісі халық үшін, жастар үшін үлгі-өнеге.
Қазақтың жері кең байтақ,
Бабамның берген еншісі.
Желбірей бер көк байрақ,
Отанымның белгісі.
Иә, кешегі Қазымбеттей бабамыз жықпай ұстап қалған туымыз одан әрі қарай мәңгілік елде, мәңгілікке желбірей берсін.
Бүгін көк байрақты тәуелсіз елміз, Аллаға шүкір, бәрі бар. Бірақ, кешегі батыр бабалар рухы бойымызда бар ма? Мәселе осында.
«Рухы әлсіреген елдің болашағы жоқ» деген екен Қытайдың ұлы ойшылы Конфуций. Бүгінде «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының рухын оятып, күшейту аса қажет. Ол үшін батыр бабалардың ерлік үлгі-өнегесін жаппай насихаттап, ұрпақ санасына сіңдіру керек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- «Аягөз жаңалықтары» № 41 24.05.2014 жыл
- «Егеменді Қазақстан» №210 28.10.2014 жыл
- «Ертіс өңірі» № 2 14.01.2015 жыл
- «Семей таңы» №10 06.02.2015 жыл
- «Мөлдір сана» № 21 02.11.2014 жыл
- «Жетісу» газеті № 21 21.02.2015 жыл
- «Мөлдір сана» № 3 08.02.2015 жыл
- «Аягөз жаңалықтары» № 40 23.05.2015 жыл
- «Тарбағатай» газеті №44 01.06.2015 жыл
- «Ақиқат ұлттық қоғамдық саяси журнал» №3 наурыз 2015 жыл
- «Қазақ тарихы» мен «Қазақ тарихының әдістемелік» журналдары 2014 жылы шықты.
12.Қазақстан тарихы: әдiст. жур. Қазымбет батыр:(1688-1757) // Қазақстан тарихы: әдiст. жур., 10-25 б.C., 2015. – № 3