Мамандық таңдау-маңызды іс

МАМАНДЫҚ  ТАҢДАУ-МАҢЫЗДЫ ІС

Әлемдік білім беру кеңістігіне бағытталған білім берудің негізгі мақсаты – өркениетті елдердегі білім беру әлемдік стандартына сай білімді меңгеріп қана қоймай, білік пен дағды арқылы дербестік, ізденімпаздық, шығармашылықпен ойлай алатын, кез-келген ортада өз шешімін таба білетін білімді де білікті жасөспірімдерді жан-жақты жеке тұлға ретінде даярлау. Осы мақсаттарды іске асыруда бүгінгі мектеп оқушыларына қойылып отырған мәселелер күн сайын талаптануда. Өйткені, келешек қоғамымыздың басты тұлғасы бүгінгі мектеп оқушылары. Сондықтан мектепте берілетін кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңызы зор болып табылады.
Кәсіби бағдар берудің негізгі мақсаты жас ұрпақты саналы түрде мамандық таңдауға дайындау, үйрету екендігі белгілі.Дегенмен де осы мәселеге  нақты  ата-аналар тұрғысынан келетін болсақ, кез келген ата-ана өз баласының болашағының жарқын болуын, оның таңдаған мамандығы оның келешек өміріне үлкен жол ашса деп ойлайды. Дей тұрғанмен  осы мамандық таңдауда  жауапкершілікті кім мойнына алады?             Өте маңыздысы сол, ата-аналардың  кәмелеттік жасқа толып, азамат болған баласының өсіп-ер жеткенін, олардың жауапкершіліктің жартысын өз мойындарына алғанын көруі.

Психологияда «кәсіби өзін-өзі анықтау»деген термин бар.Келешек студенттің бойында бұл жасаған таңдауы – менің өз тілегім бойынша жасалған таңдау деген сенім ұялатуы қажет. Әрине, мұны жасау  оңай емес. Болашақ студенттің мамандық туралы ойы  толық қалыптаспаған.Оларды көбінесе  ақшасы мол банкир, актер, әнші, музыкант т.б.,сол сияқты мамандықтар қызықтырады, тіпті олардың сол мамандыққа қажетті қабілеттері болмай жатса да.Сол уақытта ата-аналарға ұлына немесе қызына оңтайлысы қай мамандықты таңдаса да өзі таңдағаны дұрыс сияқты болып көрінуі мүмкін.

Бір жағынан бұл дұрыс та сияқты, ал ата-ана сол жауапкершілікті егер де  толықтай мойнына өзі алса, бала ол оқуды өзі үшін емес ата-анасы үшін оқып жүрген сияқты ойда жүреді де, оқуға көңілі соқпайды. Ал, егер де мамандығын өзі таңдаса, онда ол кәсіптік  даму жолында алға қарай жылжуына бұл мамандықты өзім таңдадым, бұл мамандық  маған ұнайды деген сияқты ойлармен өзін-өзі  ынталандырып отырады.

Сонымен қатар, мамандық таңдауды түлектің толықтай өз еркіне беру  де оның кәсібін таңдауда  қиындық  тудыруы әбден мүмкін. Себебі, мектеп түлегінің өмірлік тәжірибесі шектеулі, оның мамандық туралы ойы толық та нақты да емес. Бұл орайда дос немесе кеңесші рөлінде болу өте маңызды.

Ата-ана мұнда өзін сарапшы ретінде көрсетуіне болады.Өзі білетін ақпаратпен бөлісіп,бұл мамандық туралы мысалы: «білесің бе, менің бір сыныптасым заңгер болғысы келіп, институт бітірді, бірақ өмір бойы хатшы болып жұмыс істеді, себебі, өз мамандығы бойынша  жұмыс таба алмады» деген сияқты екіұшты, бейтарап түрде ақпар жеткізуі дұрыс. Мамандық таңдауға қатысты  осы сияқты әңгімелер жеткіншектерге үлкен әсер береді.

Мамандық таңдау барысында сонымен қатар  баланың өз тәжірибесін де пайдалануға болады.Мысалы: бала«байланысшы»болсам деп ойласа, мамандығын таңдаған болашақ студентті  сол өзі таңдаған мамандығының иесімен алдын-ала кездестіріп,оның жұмыс орнымен таныстырса бала көңілі одан үлкен әсер алады.Сол кездесу, сондай тәжірибелер  оны таңдаған мамандығы бойынша қаншалықты жұмыс істей алатыны туралы ойға қалдырады,сол мамандықты таңдауына түрткі болады. Баланың келешектегі жолын әр түрлі талқылауға болады.Кейбіреуінен турасынан «егер сен байланысшы бола алмай қалсаң не істейсің?», не « сен байланысшы мамандығынан басқа тағы қандай мамандықты таңдар едің?»немесе ” Қарашы, ана Рома өмір бойы футболист болуды армандады, бірақ жарақат алып қалып, оған спорттан кетуге тура келді.Енді ол қандай мамандық алсам екен деп ойлап жүр”-деп те баланың қиялын өрбітетін сұрақтар қоюға болады. Болашақ мамандықты  таңдауда  отбасының рөлі өте үлкен, бірақ та осыны болашақ маман онша да сезінбеуі де мүмкін.Көбіне олар жақын туыстарының мамандықтарына  қарай икемделе бастайды. Еңбек династияларын алатын болсақ, мұнда бала өзінің жеке қызығушылығы мен қабілетін әке-шешесінің кәсібіне қаншалықты сәйкес екенін түсінбестен таңдай салуы да мүмкін, дей тұрғанмен, мысалы: дәрігердің баласы медицина қызметкерінің жұмысы жедел жәрдем көрсетуді, жұмыстан тыс уақытта да науқастанып қалған туыс, көршіге көмек көрсету керек  екенін, ал мұғалімнің баласы болса мұғалім сабаққа дайындалу, дәптер тексеру керек екенін жақсы түсінеді.Сол себепті, егер балаңыз сіздің мамандығыңызды таңдайтын болса ол не үшін, не себепті осы мамандықты таңдады екен, соны түсініп алуы  қажет.

Тағы бір маңыздысы ата-ана баласының таңдауы әлі нақты емес екенін түсінуі тиіс.       5 немесе 10 жылдан соң  өмір қалай өзгерерін, еңбек нарығындағы жағдай қалай боларын ешкім болжап білмейді.  Қазір  жоғары еңбекақы төленетін мамандық, біраз жылдар өткен соң керісінше төмен еңбекақы төленетін мамандық болып қалуы мүмкін.Көп адамдар өмір бойы түрлі себептермен мамандығын  өзгертеді.Ал енді біреулері өмір бойы сол бір мамандық бойынша жұмыс істейді.Сол себепті, осы таңдаған мамандығың дұрыс деп алдын-ала айту мүмкін емес.Балалардың дәл осы кезеңде таңдап жатқан мамандығы оның дәл осы сәттегі қызығушылығы мен қажеттілігін білдіреді.Осы таңдаған мамандығы біраз уақыт өткен соң қызығушылығын жоғалтуы да мүмкін немесе керісінше оған деген қызығушылығы одан сайын артуы мүмкін.Қандай болғанда да мамандықты өзгертуге немесе бәрін басынан бастауға мүмкіндік болады.Бұл қадам оның мамандықты дұрыс таңдамағандығынан емес, адамның өз мүмкіндігін кәсіби тұрғыда толық жүзеге асыруына деген ұмтылысын білдіреді.

Қалай дегенмен де келешек студент үшін ең бастысы, олар қалай да өз еркімен жолын табуға талпынса да  үлкендер жағынан қолдау табуы керек. Балалар үшін ең маңыздысы, өз жолын табу мақсатындағы қиын сәтте олар өздері ғана емес, оның таңдаған мамандығына қолдау, көмек  көрсететін үлкендер бар екенін түсіну.

Бұл- олардың өз күштеріне сенуіне деген сенімділіктерін арттырып, таңдаған мамандығында жетістікке жетуіне күш береді.

 

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *