Сындарлы оқытудағы мұғалім рөлі

Сындарлы оқытудағы ұстаз рөлі

Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға…»-деп, Aбaй aтaмыз aйтқандай ұстаздық бұл өмірдегі ең жақсы, ең адал, ең жауапты, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мaмaндықтардың бірі. Ұстаз әрқашанда іздену үстінде болу керек, үнемі жаңалықты ашушы, ізденімпаз болуы керек, Eлбaсымыз айтып кеткеніндей «Біздің басты байлығымыз – адам, және адамдағы бар жаксылық — мұғалімнен» біздерге қазіргі таңда үлкен жауапкершілік артылып отыр, өйткені
Қазақстанның болашағы – қазіргі жас ұрпақ, ал болашақтың қандай болатынына тікелей әсер етуші біз- ұстаздармыз.
Ұстаз үшін ең маңызды мақсат – әр сабағын түсінікті, тартымды, тиімді өткізу. Оны жүзеге асырудың бір жолы – оқушыларға білім беру, тәрбиелеу барысында кеңінен қолданылып келген, оқушылардың білім сапасын көтеруге жағдай жасайтын, сабақты тиімді ұйымдастыруға, сабақ уақытын ұтымды пайдалануға, оқушылардың сөйлеу қабілеттерін дамытуға көп көмегін тигізетін белсенді оқыту әдістерін қолдана білу.
Оқытудың белсенді оқыту әдістері-бұл оқушының танымдық, практикалық іс-әрекет белсенділігін арттыратын , негізінен оқушы мен оқытушының арасындағы белгілі бір мәселені шешуге бағытталған диалог болып табылады. Белсенді оқыту-қазіргі педагогикалық ізденістердің негізгі ірі бағыттарының бірі болып табылады.
Қазіргі таңда әлемдік білім кеңістігінің даму тарихы және оның әр кезеңіндегі айқындаған тенденциялары әр халықтың гүлденіп өркендеуінің, қоғамдағы прогрессивтік өзгерістердің білімге байланыстылығын, жалпы білім сапасының маңыздылығын дәлелдейді. Бұған мысал ретінде қазақтың біртуар перзенті, қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, географ Шоқан Уәлиханов: «Әр халықтың кемеліне келіп гүлденуі үшін азаттық пен білім керек»,— деп білімнің маңызына ерекше мән берген сөзі дәлел бола алады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақ елінің ғылымы мен білімінің стратегиясы білім беру жүйесінің ұлттық білім мен тәрбие идеяларын сақтай отырып, әлемдік білім кеңістігіне замануи үдеріске кірігуімен анықталады. Қазақстанның басты мақсаты-әлемдегі озық елдердің қатарына қосылу болғандықтан, келешекте өз еліне үлес қосып, елімізді әлемге танытатын тұлғаларды қазірден бастап тәрбиелеу біздің басты міндеттеріміздің бірі. «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Ұстаздық ұлы қасиет. Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге,кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай әр оқушыға білім беріп, оған өмірлік бағыт сілтеп өмірге «кірпіш» болып қалануына зор үлес қосушы- мұғалім. Арнайы бағдарлама бойынша теориялық және практика жүзінде мұғалімдер өз біліктіліктерін арттыруда.
Бағдарламадан күтілетін нәтижелер барысында мұғалімдерді оқушыларға қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін
нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы қалыптастыруға даярлау болып табылады. Өйткені, мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға-мұғалім.
Сындарлы оқытудың мақсаты-оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамыту, алған білімдерін сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз ету.
Оқыту туралы сындарлы түсінік оқушыға нақты білім беруді мақсат
тұтқан мұғалімнің өз сабақтарын оқушының идеясы мен білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай ұйымдастыруын талап ете отырып қарастырады. Яғни, бұл міндеттер оқушылардың оқыған тақырыбы бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнді ойларын білдіре алатындай, пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып жасалады. Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние-жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай-ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі. Сындарлы оқытуға негізделген сабақтар оқушыларға өз білімдері мен ұстанымдары жайында ойланып, сұрақтар қойып, білімін толықтырып, белгілі бір тақырыпты оқып-білу кезеңінде өз түсінігін өзгертуге мүмкіндік береді. Мұғалім оқушылардың оқуына мүмкіндік тудырып, оқу материалы және өзге де қажетті құралдармен қамтамасыз етеді, ал оқушылар өз кезегінде пән бойынша өз түсініктерін арттыру іс-әрекеттеріне ынталы болады. «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», -дейдi Елбасы бiр сөзiнде.
Ендігі алға қойған мақсатым — білікті ұстаздардың қатарынан көріну, білімді жастар тәрбиелеу. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру кeрeк» деп
М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын — болашақта өзім білім алған ұстаздарым секілді білікті де, ұшқыр маман болу менің алға қойған мақсаттарымның бірі.

Пайдаланған әдебиеттер:
/Нұсқаулық,9-бет/
Қ.Бітібаева.Ой толғаныс

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *