Дидактикалық ойындар арқылы баланың тілін, сөйлеуін, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру
Әлем бала өміріне біртіндеп кіреді. Бала ең алдымен оны үйде, балабақшада не қоршап тұрғанын ұғынады. Біртіндеп өмірден алған тәжірибесі көбейеді. Мектеп жасына дейінгі балалар өзінің айналасындағы қоршаған ортамен танысуға өте құштар. Бұл баланың бірнеше сұрақтар қоюына әкеліп соғады. Яғни, балаға әлем аздап сырын ашса, онда баланың білуге деген құштарлығы арта түседі. Ойын баланың бірінші әрекеті, сондықтан да оның мән- мағынасы ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала бола ма»?,-деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Мектеп жасына дейінгі балалардың зейіні үнемі тұрақсыз болады. Оларды біркелкі жұмыс тез жалықтырады. Сондықтан олардың зейінін үнемі қажетті бағытқа аудару үшін ойын түрінде жүргізу қажет. Өйткені ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті алған білімді ойынмен тиянақтау білімнің беріктігіне негіз қалайды.
Ойын барысында баланың жеке басының қасиеттері қалыптасады.
Баланың қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада:олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындалады , белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды. Мұның бәрі баланың сөйлеуін, қарым-қатынас мәдениеті мен дарынын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолданатынын байқауға болады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды. Өзінің күш-жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.
Дидактикалық ойындарда міндетті түрде екі бала қатысатын ойындар түрін пайдаланған тиімді. Ойын арқылы оқыту үшін дидактикалық ойындар құрылған. Балаларға тапсырмалар ойын түрінде беріліеді. Бұл дидактикалық ойындардың негізгі ерекшеліктері. Балалар ойнау арқылы белгілі бір білім, білік, дағдыларды және ойын әрекеттерін меңгереді. Әр дидактикалық танымдылық және тәрбиелік мазмұны болады. Қорыта айтқанда, ойын баланың өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Дидактикалық ойын – балалар үшін оқу да, еңбекте. Ол балаларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймай, ұйымдастырушылық қабілетін қалыптастырады.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718