Мен және менің мамандығым
21 ғасырда түрлі жаңалықтар көбейіп, адамы мен заманы көптеген өзгерістерге тап болған дәуірде, психолог мамандығы өте қажет екені белгілі. Адам баласының жан дүниесін терең түсініп, өміріне ықпал ете алатын бірден бір ғылым ол – психология. Бұл ғылымның мәнділігі бойынша өзге еңбекпен салыстыруға болмайды, өйткені ол еңбекің нәтижесі – адам.
Психолог адамның сырласы, адам жанының емшісі. Ең білгір, ең жауапты, ең негізгі болып табылатын психолог-маманға отбасы мен қоғам ең қымбатысын, өз елінің азаматтарының тағдырын, оның болашағын табыс еткен. Меніңше, психологиялық қызмет әрбір оқушының, жеткіншек ұрпақтың қоғам мен мемлекет тағдыры үшін жауап беретіндігімен сипатталады.
Мен адам жанын түсініп, демеу үшін, бағдар беру үшін осы жолды таңдадым. Менің өмірдегі басты мақсатым – балалар өмірге еш қорқынышсыз, зұлымдықсыз қарап, олар алдарына бір ғажап жұмбақтың шешім табатындарына және де алда ашық, жарқын күндер күтетініне сенсе екен деймін. Ал басты бағытым,өмірге еш өшпенділіксіз, қорқынышсыз қарауды балалардың санасына жеткізу. Балаларды алға ұмтылуға, онда ғажайып нәрселердің бар екендігін, жақсы өмірдің кілтін аша алатындарына сендіру.
Әрбір адамға жақсы маман болып қалыптасуы үшін білім, тынымсыз еңбек, өзіне деген сенімділік, мақсатына жетуге деген ерік-жігер, тиянақтылық сияқты қасиеттер қажет. Ал жақсы психолог болып қалыптасу үшін жоғарыда көрсетілген қасиеттермен қатар, әрбір істі шығармашылықпен, адамгершілікпен шешуді қажет ететін интуиция, дәлдік, тапқырлық, мейірімділік сияқты қасиеттер болуы қажет деп есептеймін. Осының нәтижесінде психолог – көмекші, психолог – өзгелердің жан – дүниесін терең түсінетін немесе түсінуге ұмтылатын – зерттеуші, психолог – өзгелердің жан ауруын емдеп жазуға ұмтылатын – қолдаушы, – деп айта аламыз. Осындай жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, еңбек жолын бастаған әрбір жас психолог өз мамандығы арқылы қоғамға, жалпы адамзатқа тигізер пайдасы көп екеніне сенемін. Мен мектеп қабырғасында «оқушы – мектеп – ата – ана» үштік одағымен жұмыс істей жүріп, әр түрлі мәселелерді шешуде, кездескен қиыншылықтарды жоюда, түзету – дамыту жұмыстарын жүргізу барысында аталған қасиеттерді қолдану нәтижесінде ғана табыстарға жетудемін. Сонымен қатар, Уильям Уордтың «Жай мұғалім – хабарлайды, жақсы мұғалім – түсіндіреді, керемет мұғалім – көрсетеді, ұлы мұғалім – шабыттандырады», – деген сөзі негізгі қағидама айналды.
Психологтың өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы дүниені танып біліуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын артыруға күш салып, бүгінгі шешіуі қиын мәселенің ертең түкке тұрғысыз жеңіл болып қалатынын бала ұғымына жеткізе біліу керек. Психолог бала жанының терең түкпіріне үңіле білсе,баланы тыңдай білсе, өзіне де тыңдата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетеді.
Жүсіп Баласағұнның «жақсы тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» дегендей бала тәрбиелеудің жүгі ешқашан жеңіл болмағанын біліп, жауапкершілік пен талапшылдықты қажет ететін мамандық иесі екенін сезіне тұра осы мамандықты таңдағаныма әрқашан қуанамын. Сөзімді мына өлең жолдарымен қорытындылағым келеді.
Еңбек етсем, ертеңгі – бақытыма сенемін,
Мақсатыма жеткізер –уақытыма сенемін.
Достық іс пен қасты да – жеңеріме сенемін,
Ақыл, сана, білім мен өнеріме сенемін.
Арым таза, ақ көңіл – адалдыққа сенемін,
Абыройлы ақ ниет – адамдыққа сенемін.