«Мамандығыммен мақтанамын…» (эссе)

Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады екен. Мен үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де бірегейі –тәрбиеші деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап бағайын. Өйткені мен де бала бағбаны-тәрбиешісімін..
Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажетігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы – әр тәрбиешінің бақыты. Тәрбиеші балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан -тәнімен сезіне білуі қажет.Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиешіде жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту.
Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта –жігері артары сөзсіз деп білемін. Өзімнің жұмыс тәжірибемде әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі бала ролде өзі ойнаса сол кейіпкердің бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ақылмен ойланады. Ол үшін тәрбиеші бойындағы асыл қасиет – ақыл-парасат болуы шарт. Баланың ішкі жан дүниесіне жол тартқан тәрбиеші ең нәзік те мөлдір, алайда, сонымен қоса, ең күрделі де жұмбақ әлемге енеді. Осы әлемнің ішінде, осы әлеммен қатар, үндесе өмір сүруі тиіс. Адам жанын аялай отырып, түсінетін нәзік те әмбебап табиғи құрал керек. Баланың жан дүниесін неғұрлым терең таныған сайын педагог оның тұлға ретінде жетілуіне септігін тигізе алады. Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан – жігерлілік пен еңбекқорлықты қажет ететінін айқын аңғардым. Әрине, әрбір тірлікте де жігерлі еңбек етпей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Ал тәрбиешіде бұл қасиеттердің түп негізі жауапкершілікте дер едім. Қолыңдағы баланың, адамның, тағдырын шешуден артық жауапкершілік бар ма?! Осы ауыр жауапкершілікті қабылдаған тәрбиеші күндіз-түні тыным таппасы анық. Адамның бәрі бірдей деген қағида болғанымен, бесенеден белгілі ақиқат – пендешілікте екі адам заты ешқашан бір-біріне ұқсаған емес. Ақыл-парасат жағынан да, сезім-түйсік жағынан да, мінез-құлық жағынан да, тұлға-тұрқы жағынан да, жалпы жаратылысынан адам баласы бірегей, дара. Сол бір «жауқазынның бүр жарғанындай» сырлы сәтті басынан өткізген тәрбиеші бақытты. Балалар – өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі. Тәрбиеші болу-жай мамандық емес. Тәрбиешілік -қызық та бейнеті көп мамандық. Осы орайда менің мақсатым: тек білім қағидаларын меңгерту ғана емес, сонымен бірге өзін-өзі тануға, дамытуға ұмтылатын,ақылды да алғыр, қабілетті, өз көзқарасын ашық айта алатын балаларды тәрбиелеу. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – тәрбиешілік мамандық. Олай дейтінім, тәрбиешінің бейімділігі, дарындылығы көбінесе баланың тағдырын шешеді. Тәрбиеші үнемі балалармен үздіксіз қарым-қатынаста болып, үйренсем, білсем, таныссам деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Қортындылай келе тәрбиеші ең озық педагог, психолог, ғалым және асқан дарын иесі болу керектігіне көз жеткіздім. Бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан, бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсіндім.
Мен мамандығымды жақсы көремін, мамандығыммен мақтан етемін.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *