Жаңғыру жолындағы ұстаз рөлі

Ұстаз – бұл баланың өмір жолында анасынан кейін кезесетін  жақын тұлға. Менің мамандығым, яғни, ұстаздық – ол әр күні, әр сағаты мен әр сәті ертегі мен қиял ғажайып әлем іспеттес. Себебі, алдыңда жаны нәзік, айналасына асқан сеніммен, шынайы сезіммен қарайтын ұл-қыздар отырады. Олардың көз жанарынан сенің әрбір сөзіңді, әрбір іс-қимылыңды өзіне үлгі тұтып, сенен бір жаңалық күтеді. Баланың сондай махаббатын сезінудің өзі бір бақыт!

Ия, ұстаз болу – қиын да, ауыр еңбек. Оның қиындығы сол – бала жүрегіне жол таба білу. Оның ауырлығы сол – баланың айналасына, өмірге, тіршілікке деген алғашқы ойын, көзқарасын дұрыс қалыптастыру. Осы қиындыққа мойымай жұмыс істеу арқылы қызығын, жемісін  көруге болады.

Ұстаз өзінің іскерлік шеберлігін үнемі арттырып отыруы қажет. Жаңа технологиялар мен әдістерді кеңінен пайдаланумен қатар, ескі мен жаңаны ұштастыра отырып, баланы оқыту мен тәрбиелеуде жұмыс жасауы тиіс. Ол жолда бағдарға алып жұмыс жасайтын бірден бір құрал ол – елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі кезеңдегі әлемдік жаһандану жағ­да­йында заман ағымына икемделуді, жаңа дәуірдің озық үлгілерін бойымызға сіңі­руді, ұлттық кодымызды сақтауды міндеттеді. Қазақстан Президенті Н.На­зарбаев: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. …Жаңғыру атаулы бұрын­ғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәс­түрлерге шекеден қарамауға тиіс. Кері­сінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жа­рас­тыра алатын құдыреті­мен маңызды. …Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен  ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете оты­рып, әрбір қадамын нық басуын, бола­шаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп жазды.  Олай болса, ұлттық түп-тамырымызды, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ата-баба­мыздан келе жатқан дәстүрі­міздің озық үлгілерін атадан балаға мирас етіп жеткізу керек.   Әдет-ғұрып, салт-дәс­түрлер арқылы халық өзін-өзі тәрбие­леп  отырған. Сол себепті де мен бала тәрбиесінде салт-дәстүрге көбірек көңіл бөлемін. Отбасында да әдет-ғұрпымыз кеңінен көрініс тапса екен деймін.   Қазақ тұрмысында ұрпақты қоғамға, отбасына бейімдеп, адамгершілікке, отансүйгіштікке, ержүректілікке, иман­дылыққа тәрбиелейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз жеткілікті. Ерте кезеңнен ақ ата-бабаларымыз бала, ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп, оларды үлкенге тағзым, кішіге ілтипат етіп, бауырмалдыққа, мейірімділікке, ізеттілікке баулыған. «Тәрбие – тал бесіктен баста­лады», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ұлағатты сөзді жадына әбден тоқыған.  Сондық­тан да баланың бауырмал,  қайырымды азамат боп ержетуі, алдымен, ата-ана­ның тәрбиесіне, қоршаған ортаның үлгі-өнегесіне байланысты. Баланың алған тәрбиесіне қарай «тәрбиелі, өнеге­лі» екен деп тамсанса,  оғаш қылық көрсеткен баланы «тәрбиесіз, өнегесіз» деп сөгетін болған. Қазақта ең ауыр сөз – «тәрбиесіз», «тәрбие көрмеген» деген сөз. Әри­не, қай қазақ балам жаман болсын десін, демейді де, сондықтан да бетімді жерге қаратпа деп өсиет тәр­биесін айтып отыратыны белгілі.

Қазақ халқының тұрақтанған дәс­түрі­­нің бірі – жеті атасын білу. Әсіресе, ұл-баланың жеті атасын біліп, олардықұрметтеп, мақтан тұтып өсуіне көбірек көбірек көңіл бөлемін. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды да жиі жеткізіп отыруды да өзіме борыш санаймын.

Тағы бір бала  тәрбиесінде аса мән бере жұмыс жасайтын тұсым – қазақтың тыйым сөздері.  Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жеткіншек ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, жақсылыққа үндеп, олардың сана-сезімін, дүниетанымдық қабілетін дамытуды көздейді.  Ал, тыйым сөздер  арқылы бала бойына тәлім-тәрбие сіңіреміз  Мысалы, нан үстіне зат қойма, нанды бір қолыңмен үзбе, нанды лақтырма, сүтті төкпе, сыпырғышты тік қойма, отқа түкірме, тұзды баспа деген сияқты тыйым сөздер арқылы баланы асты ысырап қылмауға, ас қадірін білуге тәрбиелейміз. Ал, шелектегі суға аузыңды салма, саусағыңды аузыңа салма, бас киіммен ойнама, таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама, екі езуіңді керме, шашыңды аяқ астына тастама, жағыңды таянба деген сияқты тыйым сөздермен баалны тазалық пен ұқыптылыққа тәрбиелеуге болады. Жалғыз ағашты жұлма, көкті жұлма, малды теппе, суға дәрет сындырма, құстың ұясын бұзба, үлкеннің алдын кеспе, адамды айналма, кемтар адамға күлме, адамға қарап түкірме деген сияқты тыйым сөздер жиі айтылып отырса, бала қоршаған ортаға мейіріммен қарауға,  өзгені сыйлауға үйренеді.
Бала тәрбиесінде ескі мен жаңаны ұштастыра отырып жұмыс жасасақ, болашағымыз айқын, жолымыз жарық болары сөзсіз. Тәуелсіздігіміздің тамыры терең болсын десек, еліміз еңселі болуын қаласақ, жаңғыруды әр маман өзінен бастап, алдында отырған қазақ жұртының әр ұрпағына тәрбиені тереңдете беруіміз қажет.

Ойымды мына өлең жолдарымен қорытындылағым келеді:

Бал тілді жас бүлдіршін,

Жыламасын, тек күлсін.

Өсіп ертең ер жетіп,

Елі үшін еңбек етсін!

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *