Бала тәрбиесі баршамызға ортақ!
Адамзаттың өмірдегі ең қымбаттысы, көз қуанышы – бала. Бала бақыты бәрінен қымбат. Бала дербес тұлға. Бала тәрбиесі өте күрделі үрдіс. Ол ана сүтінен басталып, өмір бойы қалыптасатын құбылыс. Бала дегенде ет жүрегі елжіремейтін адам баласы жоқ шығар. Өйткені, ол ата-ананың ақ тілегі, қуанышы. Әр бір жас өркен – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Бала тәрбиесіндегі ата – ананың рөлі өте жоғары. Өйткені бала дүниеге келген күннен бастап ата – ана ықпалында болып, өмірге бағыт беруші тәрбие мектебінен нәр алады. Ата – аналар балаларын өздерінің өнегелі сөздерімен, жеке басының асыл қасиетімен тәрбиелейді. Бала әр нәрсеге сенгіш, тез қабылдағыш, еліктегіш келеді. Әр бала еркелеткенді, жылы сөйлегенді, ойын ойнағанды, аялағанды ұнатады.Бұл баланың бойындағы үлкендерден ерекшеленіп тұратын қасиет. Өйткені бала сезімі пәк. «Бала тілі -бал», «Балалы үй – базар», «Балаға үміт арту әкенің парызы, ақтау баланың қарызы» – деген мақалды халық өте орынды айтқан. Баланы аялап, жылы сөйлеу – баланың ақылды, ұстамды, мейірімді азамат болып өсуіне көп ықпалын тигізеді. Ал балаға ұрысу, балағаттау, баланың бойында кек алу, өшпенділік қасиеттерді оятады. Отбасы – адам баласының өсіп – өнер алтын ұясы. Отбасы – үлкен ұғымды білдіреді. Ата – ана отбасындағы жетекші тұлға, бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. Әр адам бір отбасында дүниеге келіп тәрбиеленеді. Жақсы қасиетті де, жаман қасиетті де бала көбіне отбасынан үйренеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бала кішкентай кезінен – ақ әр нәрсеге әуестеніп үлкендерге көмектескісі келеді. Бұған кейбір әке – шеше «жұмысымды бөгейсің, істеп жатқан ісімді бүлдіресің» деп ұрысып жіберуі мүмкін. Бұл қате түсінік. Керісінше, өзің жұмыс істеп жүргенде баланың қолынан келетін ісіне жағдай туғызып, оның үйренуіне көмектескен орынды. Тіпті балаға берілген тапсырманың аяғына дейін орындалуын төзімділікпен бақылау керектігін де ұмытпаған жөн. Отбасының негізгі міндеті – баланы еңбек етуге, жарқын сезімдермен нұрлы мұраттарға тәрбиелеу және адамдар арасында өмір сүре білуге үйрету. Бала тәрбиелеу оңай жұмыс емес, ол үлкен шеберлікпен шыдамдылықты талап етеді. Бала ата – анасын, ата – ана баласын танымайынша, іс алға баспайды. Балаға айналадағы өмір шындығының әсері мол. Айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым – қатынасы, көңіл –күй ерекшеліктері, жүріс – тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де балаға үлгі – өнеге. Бүгінгі балалар тез жетіліп келеді. Олар айналадағы болып жатқан барлық оқиғаларды білгісі келеді. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасымен қатар балабақшаның да орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді. Бала сыртқа шықса, айналадағы ортаға үйренеді, мінезі тұйық болмайды, адамдармен тез араласады. Балабақша ең алдымен баланы тәртіпке, жауапкершілікке үйретеді. Сонымен қатар жан – жақты жетіледі. Баланың ойлау қабілеттерін арттыру арқылы ұрпақты жақсылыққа тәрбиелейміз. Ата – ана тәрбиешіге көмекші, сенімді тірек болса, тәрбиеші де сондай болу керек. Екі жақты байланыс нығайғанда ғана, барлық күрделі мәселелердің түйіні шешіледі. Бала балабақшаға келген күннен бастап, тәрбиеші мен ата – ана арасында тығыз қарым – қатынас орын алуы тиіс.Жазушы педагог Ж. Аймауытов «Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болу керек. Себебі, балаға айтып ұқтырғаннан гөрі, көргеніне көп еліктегіш келеді. Солай болған соң балаға жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек» – деген. Осы бір ұлағатты ойдың астарында отбасында ата – анасынан, балабақшада – тәрбиешілерден талап етілетін тағылым жүгі жатыр.Сондықтан халық өмір есігін енді ғана ашқан сәби тәрбиесін бесіктен бастаған, яғни тәрбиенің негізі отбасынан бастау алады. Тәрбие – білім өзегі болғандықтан, тәрбиеші мен отбасы байланысы тығыз болуы керек.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718