Мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу тілін дамытудың өзекті мәселелері
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасында «Коммуникация» негізгі білім беру саласына кіреді. «Коммуникация» білім беру саласының базалық мазмұны-сөйлеуді дамыту, көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады. «Коммуникация» білім беру саласының мазмұны баланың тілін дамытуды, коммуникативтік дағдыларын қалыптастыруды, белсенді және пассивті сөздік қорын, тілдің грамматикалық құрылымын, дыбыстық мәдениетін, баланың байланыстырып сөйлеуін басқа білім салаларымен кіріктіру арқылы жетілдіруді қамтамасыз етеді.
Сөйлеу тілі –психиканың қызметіне кіріп, адамзатты жануарлар қатарынан ажырататын ерекшеліктердің бірі. Сөйлеу тілі баланың барлық қабілетінің: қарым- қатынасқа түсу, тану, білу, меңгеру, танымдық-зерделеу және ойын әрекетінің дамуының негізі болып табылады. Бұл байланысты орнатуда баланың сөйлеу тілінің дамуының өзекті мәселесін шешуде мектепке дейінгі ұйым педагогының әрекеті маңызды. Мектепке дейінгі балалардың сөйлеу тілін дамытудың негізгі міндеті –әр жас кезеңіне сәйкес қалыпты жағдайдағы сөйлеу тілінің дамуы мен ерекшелігін және коммуникативті қабілетін білу керек. Ерте жас кезеңі – баланың барлық психикалық процестерінің дамуының маңызды кезеңі болып табылады, әсіресе сөйлеу қабілеті дамуында. Баланың сөйлеу тілін дамыту ересектермен тығыз байланыс орнатудың нәтижесінде жүзеге асады. Айта кететін жағдай баланың сөйлеу тілі туа салысымен орындалатын құбылыс емес. Ол баланың физикалық-дене және ақыл-ой дамуы процесімен бірге дамиды және жалпы дамудың көрсеткіші болады.
Баламен үнемі сөйлесу керек. Сөйлесудің, сөйлеу арқылы қатынасқа түсудің болмауы баланы шаршатып, мазасыз күйге әкеледі. Бала ашуланшақ болып, өзінің көңіл-күйін айқайлау, жылау арқылы білдіреді.
Ерте жастаға баланың сөйлеу тілін дамыту мақсатында қолданылатын ойын түрлері мен жұмыстары:
-балаларға арналған өлең-шумақтар, тақпақтар, желілі-рөлді ойындар, дыбысты еліктеу арқылы айту ойыны.Бұл ойындар мен жұмыстарды орындау барысында ересектердің сөйлеу тілі, балаға сөзді қимыл-қозғалыс негізінде қабылдап, оны қайталап айтып, сөзді естуімен ерекшеленеді.
-Желілі-рөлді, қимылды-бейнелі ойындарды ойнау барысында,баланың ересектермен эмоционалдық байланысы орнайды. Ойынды ойнау барысында бала ойынды өзі, өз еркімен ойнауды бастайды.
-Дыбысты еліктеу арқылы қайталап айту ойындарында баланың фонематикалық есту қабілеті дамып,белгілі бір дыбысты анық айтуға дайындайды.
-Желілі-рөлді ойыншықтармен, белгілі кейіпкерлері бар ойыншықтармен ойнау баланың диалог құруына және сөздік қорының молаюына әсер етеді.
-Әдебиеттік шығармаларды оқу және ертегі айту,әңгіме, тақпақтар, жырларды, тарихи оқиғаларды айту.
-Балалар әдебиетінің иллюстративті (мазмұнды) суреттерінің құрылымын қарау, талқылау.
-Заттық және мазмұндық суреттермен ойын сабақтарын жүргізу.
-Суреттерді ересектермен қарау барысында балалар, сурет мазмұнымен киіпкерлердің атауымен танысып, қайталап айтып еске түсіреді.
Балаларға суретпен жұмысты ұйымдастырудың маңызды себебі – бала заттың атауын бейнесімен салыстырады және сәйкестендіре отырып, еске сақтайды.
-Жеңіл жұмбақтар жасыру.
-Баланың ұсақ-қол моторикасын дамытуға бағытталған ойындарын өлең шумақтары арқылы қолдың басы және саусақ қимылымен бірге орындауға болады. Қол және саусақ жаттығуларын жасау, баланың физиологиялық сөйлеу тілінің даму негізін құрайды.
Барлық аталған ойындар мен жаттығулар баланың сөйлеу тілінің дамуын жүзеге асырады. Сөйлеу тілін дамытуда педагогтардың (тәрбиешілердің) бағытын айта отырып, баланың ана тілін үйренуде мына ұстанымды айтпай кетуге болмас: «Көр – тыңда – қайтала!».
Ерте жастағы баланың есеюі барысында сөйлеу тілінде үлкен өзгерістер орын алады. Диалогтық сөйлеу тілінен монологтық сөйлеу тіліне ауысады. Диалогтық және монологтық сөйлеу дегеніміз не?
Диалог – бұл бір немесе бірнеше адамның пікірлесушінің сұрақ-жауап түріндегі әңгімелесуі. Диалогтық сөйлеу тілі – мағыналық жағынан монологтық сөйлеу тіліне қарағанда жеңіл. Диалогтық сөйлеу тілінде тақырыптық сөйлесу, күнделікті тұрмыстық сөйлесуді қолдану, синтаксистік құрылымы жағынан күрделі емес, айтылуы, жеткізуі жеңіл болады. Диалогтық сөйлеу тілі – монологтық сөйлеу тілінің құрылуына негіз болады. Сөйлеу тілінің негізгі бастамасы алғашқы кезеңі – ол қарым- қатынас болып табылады. Сөйлеу тілінің құрылымы диалогтық сөйлеу тілінен басталады. Бұл кезде сөзді айтушы және тыңдаушының рөлдері үнемі ауысып отырады. Баламен ең алғаш диалог құрушы – ол әрине, үлкендер болып табылады. Бұл кезде баланы әрқашанда сұраққа жауапты айтуға, жауап беруге жетелеу керек. Баланың сөйлеуге деген ынтасын, қабілетін баланың дыбыстарды дұрыс немесе бұрыс дыбысталуына қарамастан дамытып отыру керек. Дұрыс жауап беру негізі ол мән-жайды, іс-әрекетті түсіну болып табылады.
Диалогтық сөйлеу тілін дамытуға не көмектеседі? Олар – шынайылық, театрланған көрініс, әрекет, сұрақтар. Оның ішінде сөйлеу тілін дамытудағы ерекшелерінің бірі сұрақтарға тоқталайық. Сұрақтар – түрлі бірлескен қарым-қатынаста, әрекет барысында, күнделікті күн тәртібінде, серуен кезінде, суреттерді қарау барысында, тағы басқа кездерде қолданылады. Есте сақтай кетсек – өзіндік ерекшелігіне және қиындық дәрежесіне сәйкес сұрақтардың 3 түрін ажыратамыз.
- Репродуктивті (жоспарлы) сұрақтар – бұл сұрақтар жеңіл, түсінікті болып келеді және жәй қана «Иә», «Жоқ» деген жауапты талап етеді. Мысалы, Ойыншықты алғың келе ме? – Иә. Бұл кім? – Бұл әке. Бұл не? –Бұл доп.
Не істеді? – Ойнады! -деген сияқты сұрақтар.
- Ізденуші (зерттеу) сұрақтары. Олар кішкене күрделі және құрылымы толық сөйлеммен жауап беруді талап етеді. Мұндай сұрақтарға жауап беру сөйлемнің бастапқы сөзінен басталады. Мысалы: Мысық қайда ұйықтап жатыр? – Мысық үстелдің үстінде ұйықтап жатыр. Балалар қайда барады? –Балалар мектепке барады!
- Мәселелі сұрақтар – бұл сұрақтар мәселелі Неге? Не үшін? деген сөздерден басталады. Сұрақтар құрылымы бойынша күрделі және ойландыратын, ойды қозғайтын жауап беруді талап етеді. Бала жауап беру кезінде себеп салдарын анықтай отырып, логикалық ойлау қабілеті дамиды.
Сөйлеу қабілеті – бұл барлық әрекеттің жүзеге асуының негізгі құрамдас бөлігі және алғашқы шарты болып табылады. Мектепке дейінгі ұйымда баланың сөйлеу тілін белсенді дамыту тек қана арнайы дайындалған оқу қызметінде ғана емес, басқа күн тәртібі кезінде, баланың балабақша ішінде болған барлық уақытында жүзеге асуы керек. Бала күнделікті таңертең балабақшаға келгенде топта баламен күнделікті тұрмыста орын алатын жағдайлар туралы әңгімелесуге болады. Балалар өздерінің жасаған әрекетін, өздерінің белсенді сәттерін, өздеріне қызықты болған жағдайларды белсенді айтуға тырысады. Серуенге шығу баланың эмоционалдық жай-күйінің және сөйлеу тілінің белсенділігін тудырады. Баламен серуенге шығу кезінде және басқа күн тәртібіндеі бос уақытта түрлі ойындар ойнау арқылы баланың сөздік қорының кеңеюіне көмегін тигізеді. Мысалы, «Орманға саяхат» қимылды ойынында балалар ормандағы тіршілік иелерінің атауымен және олардың тұрақтарымен, мекен ететін жерлерінің атауын, олардың төлдерінің атауын айтып, жаңа сөздерді меңгеріп, есте сақтайды.
Дидактикалық ойын: «Сөз құра» түбірлі сөздерді атауы керек. Мысалы, бас-қа, бас-тық, бас-шы, бас-пал-дақ, бас-қару, бас-у, тағы басқа.
Серуенге шығу кезінде сұрақтың барлық түрлерін қойған тиімді.
Аппликация, сурет салу, құрастыру оқу – қызметінде бала өзінің жасап жатқан және жасайтын немесе жасап болған әрбір әрекетін мазмұндап айтып түсіндіруі керек. Оны айтуға қиналған балаларға, педагог (тәрбиеші) балаға өзі ынталандырушы сұрақтар қоюы керек. Мысалы, «Қазір не жасап жатырсың?», «Ненің суретін салдың?», «Енді не жасайсың?», «Саған ол үшін не керек?» –деген сұрақтарды және керісінше балаға да (өз әрекеті) туралы ересектерге өз сұрағын жүйелі қоюды үйрету керек. Баланың сөйлеу тілін дамытуда – көркем әдебиет, көркем шығармаларды тыңдау мәдениетін қалыптастыру керек. Балалар аңыз әңгімені, ертегілерді, өлең- шығармаларды қызыға тыңдайды және сұрақ қою арқылы түсінеді.
Педагогтар баланың сөйлеу тілін дамыту мәселесінде төменде көрсетілген қателіктерді жібереді:
– педагог (тәрбиеші) көбіне өздері көп сөйлейді, баланың белсенді сөйлеуіне жағдай жасамайды. Көбіне сұрақ қойған кезде, балаға ойланып жауап беруге уақыт бермейді де өздері жауабын айтуға тырысады, шыдамсыздық танытады. Бұл жерде барлық балалардың белсенді сөйлеуіне жағдай жасалуы керек.
– балаларда өз кезегінде басқаларды тыңдау қабілеті қалыптаспайды. Сөйлеу тілінің белсенділігі – ол тек айту емес, ол – тыңдау, сөзді қабылдау болып табылады. Маңыздысы балалардың – педагогтың (тәрбиешінің) сөзін бірінші айтқаннан-ақ тыңдай білуге үйрету керек.
– педагогтың(тәрбиешінің) балаға – бала тілінде жауап беруі. Бұл кезде балалар дұрыс анық сөйлеуге дағдыланбайды. Баланың сөзі тыңдаушыға анық және түсінікті болмайды.
Көбінесе педагогтардың (тәрбиешінің) сұрақтарына балалардан «Толық» жауап алғысы келеді. Бұл жерде сұрақ мазмұнын, түрін ажырату маңызды. Яғни сұрақтың түріне қарай жауап қысқа немесе қарама – қарсы жауап түрінде де болуы мүмкін. Бұл жерде педагог(тәрбиеші) сұрақтың түрін анықтап қоюы керек.
Ата – аналарға арналған баланың сөйлеу тілін дамытуда тиімді әсер ететін кеңестермен бөлісейік:
- Бала мен туа салысымен эмоционалдық қарым – қатынас орнату керек.
2.Балаға басқа балалармен, құрдастарымен сөйлеу арқылы қарым – қатынасқа түсуге жағдай жасау керек.
- Ересектердің сөйлеуі баланың сөйлеу тілінің қалыптасуына түрткі әсер болады,сондықтан баламен анық,нақты сөйлесу керек.
- Қолдың ұсақ моторикасын дамыту – баланың сөйлеу тілінің дамуына оң әсер етеді.
- Бала мен ересек адамның (ата – ананың) бірлескен ойындары, сөйлеу тілін дамытудың тиімді әдісі саналады.
- Балаларға арналған көркем-әдеби шығармаларды, балалар әдебиетін оқып беру, тақпақ, өлең – шумақтарын жатқа айтқызу.
- Баланың ортаға деген барлық қызығушылықтарын қанағаттандыру, «Неге?» деген сұраққа балаға үнемі жауап қайтару.
- Баламен бірге табиғатқа серуендеу, саяхатқа шығу және мұражайлар мен тарихи жерлерді таныстыру.
Балалардың сөйлеу тілін дамыту барлық балабақша педагогтарының сауатты, бірлескен жұмысының нәтижесінде ғана орын алатын мәселе. Балабақша ішіндегі барлық мамандардың бірлескен жұмыстарының: кеңес беру, шеберлік сыныбы, семинар және тәжірибемен бөлісу, бірлескен отырыстар, талқылау нәтижесінде ғана баланың сөйлеу тілінің дамуының жетістігіне қол жеткізуге болады.