Латын әліпбиіне көшу – өмірдің қажеттілігі

Бөрібай Ақтолқын Жұбатқанқызы
Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Ақтөбе қаласы

Елбасының ауқымды мақаласында ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Соның ішінде менің ерекше назарымды аударғаны – ұлттық кодты сақтау мәселесі. Қазіргідей жаһандану жағдайында өзіміздің ұлттық бояуымызды сақтай отырып, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу біздің мақсатымыз болуы тиіс. Себебі, бүгінде әлемді алаңдатып отырған лаңкестік қақтығыстарға сол ұлттық болмысымыз арқылы төтеп бере аламыз. Шын мәнінде, бүкіл жаһанға зардабын тигізген терроризм Қазақстанға да өз қаупін төндіріп тұр. Оның алдын алу үшін ұлттық-рухани құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, салт-дәстүрлерімізді өркендеудің өзегі етіп алуымыз керек. Осы орайда Елбасы өзінің мақаласында «Мәдени мұра» сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламаларға басымдық беруі керектігін атап өткен. Мемлекет басшысы ерекше атап көрсеткен тағы бір жайт – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Бұл – бүгінгі қазақ қоғамына тың серпін беретін кең ауқымды жоба. Өйткені тілдің тәуелсіздігі ұлттың рухани жетілуіне айтарлықтай мол септігін тигізеді. Осы ретте латын әліпбиінің алар орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. Сол арқылы біз, әлемдік үдеріске, технология тіліне, тұтас түркі әлеміне жақындай түсеміз. Осылайша, әлемдік деңгейдегі сабақтастығымыз нығая түспек.

Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін маңызды шешімдердің бірі. Ал тіл – халқымыздың негізгі ұлттық коды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдеген болатын. Менің ойымша, бұл – дұрыс қадам әрі елі­міз үшін үдемелі ілгерлеушіліктің қадамы деп білемін. Себебі, мектеп қабырғасында білім алушылар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес. Сондықтан да Елбасымыздың бұл бастамасы ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі-ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білемін. Мұны қазіргі кирилл-қазақ әліпбиіне немесе орыс тіліне теріс қарау деп емес, қайта қазіргі әліпбиіміз бен жазуымыздағы халықтың өз еркімен қалап алмаған, кешегі кеудемсоқ жүйенің өктем саясатының әмірімен күшпен таңылған кейбір кірме әріптерден арылып, таза қазақ әліпбиін жасау бағытындағы игілікті қадам деп және ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек.

Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен үш топқа біріктіріп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көлденең тартады, бұл «қиындықтарды» мемлекетіміз шеше алатынына сеніміміз мол, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады, «латын жазуының артықшылықтарын» айтпай-ақ ел біліп, көріп отыр, ал үшінші бір топ, латын әріптерін қазақ әліпбиіне үйлестіру және кирилл әріптеріне иек артқан бұрынғы емле-ережелерімізге реформа жасауды ұсынып отыр. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, латын әліпбиіне қатысты өз көзқарастарын білдіріп, ой бөлісіп, тіл тағдырына алаңдаушылық білдірушілердің айтқан пікірлерінің барлығын да маңызды деп білеміз. Дегенмен, мәселенің байыбына терең бармай, әліпби өзгертуді бұрынғы кирилл әріптерін латын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінетіндер де бар. Егер бұлай түсінсек, қазіргі 42 әріпті өзгеріссіз латын әріптеріне ауыстыра салып, қайтадан орысша-қазақшасын араластырып сөйлеп-жазып жүре берсек, одан ештеңе де өзгермейтіні баршаға аян. Сондықтан әліпби реформасы нақты ғылыми ұстанымдарға сүйенеді.

Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді.  Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді. Уақыт үнемделеді. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Себебі, әлемнің көп елі үшін латын әліпбиі таңсық дүние емес. Шетел азаматтарының латын әліпбиінде жазылған сөздерді оқып, оларды түсіне бастауы – біз үшін, еліміз үшін үлкен мәртебе болары сөзсіз.

Жалпы, мемлекеттің күші мен тірегі – халық болса, халықтың тірегі – тіл. Тіл дұрыс әріптеліп, дұрыс таңбаланатын болса, мемлекеттің де бүкіл тіршілігі дұрыс болары анық. Тіл табиғатын сақтап, дұрыс қолданылса ғана адамдар да, мемлекеттер де бір-бірімен дұрыс қатынас жасай алары айдан анық. Тіл қателікке ұрынса, қоғамның да, халықтың да мемлекеттің де ішкі, сыртқы тіршілігі оңға баспайды. Сондықтан, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру – мемлекетіміз бен халқымыздың өте маңызды әрі тарихи шешімі болып табылады деп нық айтамын. Менің ойымша, елдің болашағын ойласақ, қазақ тілінің болашағын ойласақ, жаңа әліпбиді қабылдауға құлшына кіріскеніміз абзал. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін биіктерге бастайтынына кәміл сенемін.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *