Менің педагогикалық философиям. Эссе

Бисенбина Нұргүл Кеңесқызы

Армансыз адам – қанатсыз құспен тең
 Халық даналығы.

         Жүздері бал-бұл жанған, тәтті қылықтарымен өзіне елітіп тұратын кішкене бүлдіршіндердің әлеміне еніп, оларды айналадағы жалт-жұлт еткен дүниемен таныстыруды, ізгілікке, адамгершілікке, әсемдікке баулуды көздеген арманым алға жетелеп, мамандығым бүгінгі мақтанышым болса, шығармашылдығым, талмай еңбек етіп ізденуім, өзіммен бірге олардың бүгінгі күні жеткен жетістіктері менің 15 жылдан асқан іс-тәжірибемнің жемісі.

Олардың ертеңгілік ата-анасымен балабақша табалдырығын апыл-тапыл аттап,  «Сәлеметсіз бе, апай» деп сөйлей кіргендегі кіршіксіз, бейкүнә кейпі мені қанаттандырады, мамандығыма деген сүйіспеншілігімді арттырып, ерекше шабыт сыйлайды. Бүлдіршіндердің бал-бұл жанған жүздерінен «Бүгін апайымыз не үйретті?» деген сыңайды байқаған сәтте өз мамандығымның бала тәрбиелеудегі, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ұрпақты тәрбиелеудегі көтеретін жүгі жеңіл емес екендігін сезінгендей болам. Отбасымнан кейін «екінші жанұяма» айналған «Екпетал мектеп-балабақшасында» еңбек  жолымның  басталғанына 15 жылдан асты. Осы уақытқа дейін сабақтарымның шынайы, әсерлі өтуі үшін,    А.С. Макаренконың «40 жыл мұғалім болсаң да, 45 минут сабағыңа дайындал» деген қанатты сөзін жадымнан шығармай, талмай іздену үстіндемін. Өйткені бала тәрбиелеудегі басты мақсаттарымның бірі – алдымен баланың қызығушылығын ояту болса, содан кейін ғана баланы тәрбиелеу, білім беру.

Осы мақсатты жүзеге асыру барысында  «мектепалды даярлық тобындағы пәндік-дамытушы ортаны ұйымдастырудағы замануи қадам» тақырыбында аудандық семинар өткіздім, өзге әріптестермен өзімнің іс-тәжірибеммен бөлістім. Мұнымен шектелмей кеңінен тәжірибе алмасу үшін қазіргі таңда «Мамандықтың бәрі жақсы» ашық сабағым №5 «Оқыту мен тәрбие ісі» Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналында, «Жылылық күннің көзінде, тәрбие әже сөзінде» атты ата-анамен жүрген жұмысым №1  «Педагогикалық шолу» Республикалық  ғылыми-әдістемелік журналында, «Байланыстырып сөйлеудегі жаңа технологиялар арқылы оқытудың ролі» тақырыбындағы баяндамам «Самғау» Республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарына жарияланды.

Қазақ халқының ғұлама ақыны, ғалымы, ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынов «Дәрігерден де тәрбиешінің көп болғаны артық, дәрігер адам денесін сауықтырса, тәрбиеші адамның мінезін, жанын сауықтырады» деген даналы сөзін ескерсек тәрбиеші – өз маманының шебері, Отанын, елін, халқын сүйетін патриот, шығармашыл, ізденімпаз, заман көшімен ілгері адымдайтын жаңашыл, терең білімді жан болуы тиіс. Осы айтылған қасиеттерді бойыма сіңіріп, жаңарып, білім әлемінің тылсым сырына үңіле отырып, сәби жүрегіне жол табу, оған ерекше әсер сыйлау, балғын жүзін жадырата білу, сәбидің бақытты балалық шағына өз үлесімді қосу – мен үшін үлкен бақыт деп санаймын.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *