Зорлық-зомбылықсыз әлемді қалай құруға болады?
Зорлық-зомбылықсыз әлемді қалай құруға болады?
Біз қазіргі таңда тәуелсіздік алған мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Біздің мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам бостандығы. Ал адамдар үшін бастысы уайым – қайғысыз өмір. Адамдардың бас бостандығы мен оның құқықтарын қорғау, денсаулығын сақтау мен нығайту, бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу бұл конституциялық заңның басты талабы. Конституциялық заңның талаптары қаншалықты орындалып жатқанымен, қоғамда зорлық-зомбылық проблемалары азаяр емес.
Мені бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан зорлық-зомбылық әрекеттері қатты толғандырады. Осы әрекеттердің бастама алуы отбасынан басталады деп ойлаймын. Оған отбасындағы ата-ана арасындағы ұрыс-керіс, ішімдік зардаптары, эмоциялық зорлық (яғни балағаттау, қорлау, сөгу, балаларының жеке өміріне қол сұғу), физикалық зорлық (отбасы мүшелерін мас күйінде ұрып-соғу), балаларды анасына немесе әкесіне қарсы қою т.б жағдайлары басты фактор болып табылады. Осындай тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болатын көбіне әйелдер мен балалар болып отыр.
Бала дүниеге жоспарлы түрде келуі қажет. Қазір қаншама ана күнә жасап, балаларын далаға, қоқысқа тастап күнәһар болып жүр. Ол баланың болашағы не болмақ? Ол бала болашақта қандай адам болады? Бала жасынан қиындық, зорлық – зомбылықты көп көрген баланың болашағы бұлыңғыр емес пе? Жастайынан ата-ана мейірімін көрмеген, ата-ана махаббатына бөленбеген, өмірдің ащы дәмін көп татқан, белі бесіктен шыға сала қара жұмыс істеп, дұрыс жасамаған әрекеті үшін таяқ астында қалатын балаларды ойласам жүрегім ауырады. Жасыратыны жоқ күнделікті өмірде адамның жауына айналған алкоголь ішімдіктері көптеген жанұя мен бала-шағаларға өзінің зардабын шектіруде. Ішімдікті сіміріп алған ата-аналар отбасының ойран-топырын шығарып, оларға қол жұмсап, зорлық көрсетуде. Бірақ бұл іс-шаралардан қатігездік азаяр емес. Тағы бір айта кетерлігі отбасындағы кикілжіңді көп көрген бала өз анасынан, не әкесінен үлгі алып болашағында соны қайталап жатады.
Аз-маз ақша үшін бала сатып, балаларды ұрлап кетіп , оны саудалау, дене мүшелерін сатуда белең алып көбейіп жатыр. Мұндай жауыздық, зорлық-зомбылықтың алдын алып, балалардың өмірін қорғау қажет. Бар әлемде осы зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін түрлі шаралар өткізілуде. Бірақ бұл іс-шаралардан қатігездік азаяр емес.
Бала – өмірдің гүлі,
Бала еліміздің болашағы – дегенді естіп жатамыз. Осы орайда бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орны бір бөлек. Сәби дүниеге келісімен барынша махаббатқа бөленуі керек, кішкентай кезінен бастап мейірімділікке, кішіпейілділікке, сабырлы болуды барынша бойына сіңіру қажет деп ойлаймын. Оларға жақсы тәрбие беру, білім алу үшін жағдай жасау, өмірден өз орнын табуға көмектесу ата-ананың міндеті.
Менің ата-анам қарапайым отбасынан шыққан адамдар. Өз адал еңбектерімен нан тауып жүрген, ұл-қызына әрдайым ақыл-кеңес, жақсы тәрбие беріп жүрген адал жандар. Ес білгеннен бері әкем мен анам арасында болған кикілжіңді көрмеппін. Ол кісілер бізге үнемі жоқтан бар жасап, әлі күнге дейін еркелетіп «қошақаным», «ботам» деп еркелетіп отырады.
Қорыта келе, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала отбасында қандай тәрбие алса, болашақ өмірі де солай болады деп ойлаймын. Дұрыс тәрбиесі бар адамдар зорлықсыз, зомбылықсыз әлемді құрады және маңайындағы адамдарға да құнды адами қасиеттерді үйрете алады деп ойлаймын.
Жақсылықова Ағнұр 10-сынып