Отанды сүю – ұрпаққа аманат!

Отанды сүю – ұрпаққа аманат

Отан!

Отан!

Бәрінен биік екен,

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.

(Мұқағали Мақатаев)

 

Иә, мен оны мәңгілікке сүйіп өтемін!..


Біз қарыштап дамып келе жатқан Қазақстан атты елде дүниеге келдік. Әрине, мақтанамыз, көкіректі қуаныш кернеп шаттанамыз. Аллаға шүкіршілік айтамын біздің еліміз алға қойған межелерден сүрінбей өтіп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында қарыштап дамуда. Міне, еліміздің Тәуелсіздік алғанына да 27 жыл толуда. Осы уақыт аралығында біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Әлем елдерімен тереземіз тең, тәуелсіз, зайырлы мемлекетпіз. Әлі де, тар жол, тайғақ кешулерден сүрінбей өтіп келеміз. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Тәуелсіз елдің тірегі – білімді ұрпақ»- деп айтып өткеніндей, қазіргі біздің қоғамда өз ойын ашық жеткізе алатын, сыни көзқарастан қорықпайтын, іскер, білімпаз өскелең ұрпақтар өсіп жетілуде. Еліміз 30 елдің қатарына қосылу үшін тың жұмыстар атқаруда. Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – бәсекеге қабілеттілік» деп атап өткеніндей, әлемдік бәсекеге төтеп беру үшін – күшті рух және білім қажет болады. Армандар орындалады, біз бәріне қол жеткізе аламыз.  Себебі,  біз батыр ерлердің, орақ тілді шешендердің, Сақараны жырға бөлеген жыршылардың ұрпағымыз. Бізге бабаларымыз кең байтақ ұлы даланы, тілді, дінді, ділді, салт-дәстүрді аманат етті. Аманатқа қиянат жасау бізге жат дүние. Ұлттық менталитетімізді, елге деген сүйіспеншілігімізді жоғалтпау ұлы дала баласының Ұлы арманы екені анық.  «Мыңмен жалғыз алысып» ел үшін, жер үшін қасық қаны қалғанша тер төккен ата-бабаларымыздың сақтаған дүниелерін келер ұрпаққа таза күйінде жеткізу парыз. Сондықтан еңбек етіп, білім алып  тер төгуді мақсат етіп, келешек ұрпаққа үлгі боларлықтай істер атқаруымыз керек.  Ұлы армандарға қол жеткізіп, Ұлы Қазақстан, Мәңгілік қазақ Елін құру, алдағы алдымызда тұрған игі істердің басты бағыты.

Әрбір ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады. Біздің елімізде мұндай ерекшеліктерден құр алақан емес. Керемет айшықтарымызда жетерлік. Соның бірі және бірегейі – тіліміз. Мен үшін шексіз, көркем, бай тіл – қазақ тілі. Ғабит Мүсірепов: «Ана тілінен  айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның бәрінен құралақан қалады» – демекші,  қазақ жерін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғай білген ата-бабаларымыздың ерлігі мен батырлығы да осы тіліміз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жететіндігі белгілі. Шыңғыс Айтматов: «Халық өзінің тілімен ғана мәңгілік» екендігін айтқан.   «Мәңгілік Ел» болу үшін тілімізді сақтайық, құрмет көрсетейік.

Ал, біздің дініміз ең таза дін – ислам діні. Бұл да біз үшін үлкен мақтаныш. Имандылыққа, адамгершілікке, ізгілікке, тазалыққа баулитын дін. Міне, Отанымыз Қазақ Елі үшін бұл да үлкен мәртебе.

Ежелгі көшпенді қазақ  халқының  салт-дәстүрі мен ұлттық ойындарының өзі бір төбе. Осы жайлы ой толғар болсам,  ойға оралатыны кең далада алтыбақан тепкен бозбала мен бойжеткен, асық ойнаған  бүлдіршіндер, бесікке салу, шілдехана, қыз ұзату той жасап мәре-сәре болып жатқан ата-әжелер, арқан тарту ойынын ойнап жүрген балалар, күресіп жүрген палуандар орала кетеді. Ата-бабамыздан  мұра болып қалған салт-дәстүрлер игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Халқымыз салт-дәстүрді  – сарқылмайтын байлығым деп білген. Ұлттығын, даралығын жоғалтпайтын менің жұртым, менің елім. Теңдессіз бай. Ежелден ұлы рухты аттың құлағында ойнап  өскен, қызы намысты, ұлы сесті салт-дәстүрге берік ұлы дала ұландарымыз.. Ұлтымыз төрт түліктің асылы жылқы үстінде күш-қайратты шыңдайтын ұлттық ойын көкпар, теңге-орамал алу, бәйге, қыз қуу, найза лақтырып жебе тарту т.с.с. спорттық шеберліктерін арттыра білген.

Ата-баба қанымен сіңген Отанға деген сүйіспеншілік, асқақ рух, ерлік, батырлық, даналық, ар-намыс бізді ешқашан сүріндірмей, тек алға жетелейді деген сенімдемін.  Міне, осының дәлелі ретінде көк туымызды көкте желбіретіп жүрген ұл-қыздарымызды айта кетпеу мүмкін емес. Соның дәлелі  Бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин, Қанат Ислам, ал,  Димаш Құдайбергенов керемет дауысымен, Алла берген дарынымен қазақ елін әлемге паш етті.  Әрине, игі істер, игі бастамалар Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың  арқасында жүргізіліп келеді. Еліміздегі биылғы жылдың басты жаңалығы «ЭКСПО-2017» көрмесі. Көрме «Болашақтың энергиясы» деген атпен ұйымдастырылды.  Қазақстан елін әлемге паш етті. «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін,  ұлттық тағамдарымызды әлем халқына таныстырдық. Осы көрме аясында тұңғыш рет қазақ халқы көкпардан алғаш дүние жүзі чемпионы атанды. Өз дәрежесінде өткізілді. Біз үшін үлкен жетістік. Әлем халқының алдында статусымыз бір сатыға өскендігінің дәлелі деп білемін.

Отан алдында бәріміз борыштармыз. Борышымызды адал атқару әрбір адам үшін парыз. Отанға деген сүйіспеншілік, ата-баба дәстүрін сақтау, сыртқы жаулардан елін, жерін қорғау, білімге құштар болу, ғылыммен айналысып, мемлекеттік тілге құрметпен қарау әрбір қоғам мүшесіне парыз. Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс күймейсің, суға түс – батпайсың» – деп ұрпағына үлкен өсиет айтқан. Бұл Отан үшін сіңірген еңбегің, төккен терің  мен қаның еш уақытта зая кетпейді деген сөз.

«Отанды сүю отбасынан басталады» деген нақыл сөз де тегін емес. Біз отбасында тәрбиеленетін кішігірім бүлдіршіндердің қанатын қатайтып, шарықтап самғауына үлес қосуымыз қажет.  Отбасында бақытты болып, күлкісі жарқын шыққан бала болашақ елдің тірегі, арқа сүйер азаматы болып өсері қақ. Елін, кіндік қаны тамған жерін сүйетін, оның жарқын болашағы үшін жанын пида етуге дайын тұратын ұлтжанды  патриоттарды тәрбиелеу бүгінгі аса маңызды міндет. Бұл ретте жастарға, болашақ ұрпағымызға Қазақстан тарихын,  бүгіні мен болашағын айқын таныту басты жауапкершілігіміз.  Қазағым – мәңгі жасасын. Көк туымыз көкте желбіреп, әнұранымыз  шырқала берсін.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *