Тамыз баяндама. «Кітапхана жұмысын автоматтандыру, қазіргі жағдайы, проблемалары»
Китанова Акерке Кенжановна
Ғылым мен білімніңбұлағы– кітап. Кітап атаулының шоғырланған мекемесі –кітапхана. Кітапхана – адамзат баласының рухани тыныс-тіршілігінің айнасы ретінде танылып, жаңа дәуірде жаңаша дәстүрмен, жаңаша келбетімен танылып, бүгінгі қоғамға өзінің қажеттілігін мойындатып отыр. Кітапхана ісі еліміздің мәдени саласы ретінде ақпараттық білім беру қызметінің жемісі болып табылады. Жаңа мыңжылдықта кітапхана ісі қайта жанданып, мәдени мекемелер арасында жоғары дәрежеге ие болып, мәртебесі биіктей түсуде. Қазіргі таңда мектеп кітапханаларына жалпы алғандағы кітапханалар дамуының барлық басты ағымдары: өз жұмысын автоматтандыру, жүйемен және цифрлық ресурстармен жұмыс істеу қазіргі автоматтандыру технологиясы дамыған заманда мемлекетіміздің болашағы – жас ұрпаққа заман талабына сай білім беруде оқытудың озық технологияларын меңгеру қажеттілігі туып отыр.
Мектеп кітапханасы білім алу және ақпараттарға негізделген, қазіргі қоғам өміріне ойдағыдай қатысу үшін ең маңызды болып табылатын, ақпараттарды алу және идеялармен танысуға мүмкіндік береді. Оқытуға байланысты қызмет көрсетіп, кітаптар мен материалдар, мектеп қоғамдастығының барлық мүшелеріне сыни тұрғыдан ойлауға, дағдылануға мүмкіндік береді және барлық тасымалдағыштар мен әртүрлі форматтағы ақпараттарды қолдануға тиімді болып табылады. Мектеп кітапханасы – мектептің мәдени, білім беру және ақпараттық орталығы, балаларды оқуға тартудың бастапқы буыны. Сондықтан да мектеп кітапханаларының материалды-техникалық базасын нығайту, заманауи ақпараттық технологияларымен автоматтандыру қазіргі таңда өзекті мәселе болып отыр.
ХХІ ғасыр руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры екені белгілі. Қай қоғамның тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, біздің рухани тынысымыздың өзекті мәселелерінің бірі – кітапханалар жағдайы, соның ішінде мектеп кітапханалары. Кітапхана -дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі.Бүгінгі таңдағы қоғамдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Заманауи қоғам – ақпараттық технологиялар заманы. . Қазіргі сұраныс технологияны біліп қана қоймай, сонымен бірге оны сауатты түрде қолдана білуде.
Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында бәсекеге қабілетті экономика қалыптастырып, өзге елдер өркениетімен мәдениетінен еш қалыспайтын білім жүйесін дамыту қажеттігі ескертілген. Осы орайда кітапхана мамандарын оқыту мен тәрбиелеудің сапасын көтеруде жалпылама оқытудан гөрі ғылыми техниканың жаңа жетістіктерін игерген маман даярлауды қолға алу қажет екені аян.
Қазіргі таңда ақпараттану технологиясы саласын меңгеру қажеттіліктері туындап отыр. Сондай-ақ кітапхана жұмысын компьютерлендірумен бірге интернет жүйесіне қосу процесі жұмыстары қолға алынып, сапалы мағлұматтар мен ақпарат көздерін дүниежүзілік деңгейде алу мүмкіндіктері туындап отыр. Келесі тоқталатын маңызды мәселелердің бірі – кітапхана базасында Электрондық кітапхана құру. Электрондық кітапхана (ЭК) – оқырмандарға қызмет көрсету барысында жан-жақты мүмкіндіктер жиынтығын қолдану аясын кеңейтеді. ЭК – сонымен бірге қордың бір бөлігі, әрі ақпараттық технологиялардың жаңа элементі. ЭК-ның мәлімет базалары бағдарламалық-техника жиынтығын қолдана отырып кұрастырылады, құжаттарды машина оқитын түрге айналдыру жұмысы жүзеге асырылады, құнды топтамаларды сақтау және олардың электрондық көшірмелерін жасау арқылы сирек әдебиеттерге, басқа да мәліметтерге еркін қол жетімділікті қамтамасыз ету, жеке жинақтарды құру сияқты жұмыстарды атқарады. Оқырмандарға кітапхана қызметін көрсетудің дәстүрлі түріне қарағанда электрондық жүйеге негізделген қызмет түрлеріне деген қажеттілік артып отыр.
Мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи ақпарат технологияларымен жабдықталуы, алыс-жақын шет мемлекеттерден анағұрлым артта қалып отырғанымызды көрсетеді.Мектеп кітапханаларында оқырман сұранысына сай алуан түрлі әдебиеттердің болуы, озық кітапханаға арналған техникалармен жабдықталуы, кітапханалық ақпараттық жүйемен (мысалы КАБИС, ИРБИС, АБИС т.б.) қамтамасыз етілуі сынды-мәселелер толыққанды шешілмеген.
Білім беру ұйымындағы кітапханалардың маңызды рөлі электронды оқулықтар, компьютерлер, ақпараттық технологиялар болып табылады. Онсыз оқушылардың оқуын заманауи үрдісте дамыту мүмкін емес.
Заманауи мектеп кітапханаларының бүгінгі таңдағы негізгі мақсаты:
- оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін, ғылыми зерттеу қызметін, сыни ойлау қабілетін, ақпараттық дағдыларын дамыту;
- пікір және идеяларымен алмасу үшін қолайлы жағдай жасау;
- пайдаланушылардың барлық санаттары үшін ақпараттық және кітапханалық қызметтеріне тең қол жеткізу;
жаңа ақпараттық технологияларды енгізу, оқыту мен ақпараттық сауаттылықты біріктіру;
Мектеп кітапханасының негізгі бағыттары:
- кітапхананың кітап қорын бүгінгі заман талабына сай деп саналатын маңызды, құнды басылымдармен толықтыру;
- кітапхана ісіндегі ақпараттық автоматтандыру процестерін жетілдіріп, ақпараттық ресурстар құру, дерек қорларды толықтыру;
- жаңа технологиялық қызмет көрсету, электронды құжаттар жеткізу қызметінің белсенділігін арттыру.
Кітапхана саласында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары, кітапхана қорларын автоматтандыру – бұл бүгінгі күннің белесі. Заманауи мектеп кітапханаларының басты міндеті біртұтас электрондық кітапханалық жүйені қалыптастыру, автоматтандыру жұмыстарын кеңейту.
Бүгінгі мектеп кітапханасының материалдық қорының жағдайы, техникалық жабдықтары, Интернетке қол жетімділігі, автоматтандырылған кітапханалық бағдарламасының болуы (РАБИС, ИРБИС т.б.), бағдарлама болған жағдайда электронды каталогтің болуы заңдылық. АИБС «МАРК-SQL» бағдарламасы негізгі кітапханалық қызметтерді кешенді автоматтандыруды қамтамасыз ететін мектеп кітапханаларына арналған бағдарлама. АИБС «МАРК-SQL» бағдарламасы қорды әдебиеттермен толықтыру, түскен басылымдарды ғылыми және техникалық өңдеуден өткізу, оқырмандарға қызмет көрсету, анықтама-ақпараттық қызмет, кітапхана қорын есепке алу жұмыстарын жүргізеді
АИБС «МАРК-SQL» бағдарламасы:
- кітапхана қорындағы кітаптардың, оқулықтардың және басқа да ақпарат көздерінің электронды каталогын құруға;
- қашықтықтағы деректер базасына кіру мүмкіндігі;
- мектептің құрылымы және әр сыныптың оқшылар саны жөніндегі мәліметтерді енгізу арқылы оқулықпен қамтылуын анықтауға; кітап беру есебін жүргізуді автоматтандыру;
- кітапханаға сыныптар бойынша кітаптарын уақытылы тапсырмаған оқушылардың есебін автоматты түрде анықтауға;
- деректер базасында ұсынылған оқулықтар мен оқу құралдарының тізімі бойынша оқулықтарға сұраныс дайындау;
- оқушылардың оқу бағыттарын анықтау;
- тақырыпқа сай қажетті әдебиеттерді электронды каталогты, кілт сөздер тізімін пайдалана отырып іріктеу; Интернет арқылы қашықтықтағы деректер базасынан толықмәтінді және мультимедиялық ресурстарға қол жеткізу;
- АИБС «МАРК-SQL» бағдарламасы негізінен мектеп кітапханашыларына арналған.
- мұғалімдер мен оқушылар да электронды каталог қызметін пайдалана отырып қажет әдебиеттерін жедел түрде іздестіруіне мүмкіндік береді.
Ғылым мен техниканың ерекше алға басқан қазіргі кезеңінде мектеп кітапханасының қызмет көрсету ауқымы электронды ресурстармен толығуы керек. Заманауи ақпарат тасымалдаушы технология жүйесінде де, кітапхана маңызды буын болып саналады. Мектеп кітапхана ісін автоматтандыру жүйесі оқырмандарға қажетті электронды ақпараттар қорын жинақтап, оны компьютерлік желілер мен интернет жүйесі арқылы жеткізудің негізгі құралы екені анық.
Кітапхана ісін автоматтандыру, қағаз түріндегі дәстүрлі ақпараттық қорларды электронды түрге көшіру, электронды каталогтар, библиографиялық дерек қорлар жасақтау, интернет желісінің көмегімен ақпарат алмасу – кітапханалардың басты міндеті болып табылады.
Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде кем.
Қоғамның интеллектуалды бәсекеге қабілеттілігін жетілдіру мен еліміздің мәдени және ақпараттық тұтастығын қамтамасыз етуде кітапхана рөлін нығайту, білім деңгейі, әлеуметтік жағдайы, тұрғылықты жеріне қарамастан Қазақстанның әрбір азаматына әлемдік ақпараттық ресурстар, демократиялық мүмкіндіктеріне қамтамасыз ету маңызды.