Эссе “Менің мамандығым – менің мақтанышым”
“Ұстаздық жолы,бала тәрбиелеу -ардақты іс”-деп марқұм әкем айтып еді.”Айтушы ақылды болса,тыңдаушы дана болады” -деп халқымыз тауып-ақ айтқандай, міне бүгінгі таңда әкемнің сөзін мәңгі есіме сақтап,мұғалім мамандығын таңдап тер төккеніме де биыл 31 жыл 9ай өтіпті. Көзді ашып жұмғанша бірталай жылдар да өтіпті.Алланың берген осы несібесіне мыңда бір шүкіршілік етемін. Қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол болған еңбек жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып,бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу. Ал ұстаздардың ішінде бастауыш класс мұғалімдерінің жүгі ауыр.Ендеше осы міндеттерді жүзеге асыратын басты тұлға- ұстаз.Тек мықты ұстаз ғана осындай жүкті алып жүре алады. Халқымыз әрқашанда ұстаз мәртебесін көтеріп,аса жоғары қастерлеп бағаланған. Ұлы Абай “Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады” деп айтқаны белгілі. Ұлы ағартушы А.Байтұрсынов “Мектептің жаны-мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса,ол мектептен балалар да көп білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді,педагогика, медодикадан хабардар,оқыта білетін мұғалім”,-деген. Ғасырға жуық уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек емес. Жақсы ұстаз – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашыл әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең озық бөлігінің бірі деп есептеймін және солай болуы тиіс.Мен үшін бұл міндеттерді орындау,оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін оқытудың көптеген әдіс-тәсілдерін алып,өз тәжірибемде қолданудамын.
Мұғалім үшін оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудың негізгі көзі- сабақ болып табылатындықтан, әр сабағымды жақсы жоспарлап,тыңғылықты дайындалып, жан-жақты ойластырып ізденіс үстінде өткізуге тырысып бағамын. Бүгінгі шәкірт ертеңгі күнгі әр түрлі саланың маман иесі. Әрине,тиімді де орынды пайдаланылған балалардың даралық қасиеттері өз ұстаздарын бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені әрбір бала өзін-өзі дұрыс тану. Бізде болашақта оқушыларымыздың қияға қанат қағып,елінің саналы азаматы болғанын қалаймын. Ендеше бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген біліміміз бен тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Қазіргі таңда мен баланың шуынсыз, қоңыраудың үнінсіз жүре алмайтын жағдайға жеткен ұстазбын. Адам өмірінде мамандық таңдаудан қателеспеу керек деген сөз бар ғой, ол сөз шын айтылған екен. Жұмысыңды аңсап бару, қуанып қайту,өзіңнің бүгінгі күні не бітіргеніңді,енді ертеңгі күнге қандай жоспарларың барын білу, бұл мамандығы сүйген адамның ісі..