Жаңғыртудан – жарқын болашаққа

Турлыбаева Роза Каинбайқызы, Карибозова Айнур Махамбетқызы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласының тарихи мәні саяси реформа мен экономикалық жаңғыру бағдарламасын қазақстандық қоғамды және әр қазақстандықты рухани жаңғыру арқылы жалғастырады. Тек жоғары білімді және рухани бай халық қана сыртқы әсерлерді дұрыс қабылдап, оған жауап бере алады. Сондықтан да мақала қоғамдық-саяси және мәдени-ағартушылық жобалар ретінде бірқатар шаралардан тұратыны өте маңызды. Ұлт көшбасшысы атап көрсеткен бұл шаралар еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне өз септігін тигізетініне сенімдімін. Елбасы елдің бүгіні мен болашағы туралы ой толқындарын қуатты сезім ағысымен жүректен өткізе отырып толғана, тебірене сыр шерткенде, таңданыстан бас шайқамау қиын. Оның Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылу Елбасы мақаласының өн бойына алтын арқау болып өрілген. Тәуелсіздіктің нығаюы, дамыған елге айналуымыз үшін қазақстандықтар алға батыл қадам басып, жоғары технологияларды меңгеруі, озық стратегиялармен жарықтануы, халықаралық коммерциялық пән концентуалды жобаларды ілгерілетуі маңызды. Бұл- Қазақстан көшбасшысы айтқан “бәсекеге қабілеттіліктің” бір шарты. Тәуелсіздік алаотырып, қазақ елі “күрес кеңістігіне” аяқ басты. Бодандықтағы ел бәріне мойынсынуы, көндігуі, ассимиляцияға ұшырап жойылып кетуі мүмкін. Тәуелсіз елге ешқашан ертеңге енжарлық танытуға, саяси және экономикалық өмірге селқос қарауға болмайды. Оның үстіне мемлекеттілікке төнген жаһандық сын-қатерлер саны артқан сайын “күрес кеңістігі” де кеңеюде. Тәуелсіз мемлекет үш басты аждаһадай анталаған экстремизммен, сепаратизммен, терроризммен күресуге мәжбүр. Жас мемлекет тәуелсіз ел ретінде өмір сүру үшін күресуге мәжбүр. Бұл күрестен мемлекет ешқайда қаша алмайды. Қашса, тек тарихтың қойнауына, тұңғиығына ғана жол тартады. Сондықтан мемлекет басшысы жат идеологияларға ұлттық құндылықтарымыз бен отаншылдығымыз арқылы төтеп беретінімізді атап көрсетті. [1].

“Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болды” деген Н.Назарбаев алдағы онжылдықтың ұранына “реализм мен прагматизмді” ұсынады. “Жалғандық жарға жығады” дейді қазақ даналығы. Біз-бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған елміз. Сондықтан елбасы Тәуелсіздік жылдары қоғамды бос демагогия дертінен арылтуға күш салды. Оның орнына елді өркендетер түбегейлі жаңаруларға жұмылдырды. Білім биігіне, ғибратты ғылымға, өнімді еңбекке көп көңіл бөлу арқылы еліміз рухани жаңғыруға қадам басты. [2].

Қазақ ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды салаларының бірі- қолөнер. Оның ішінде ою-өрнек болып табылады. Ою-өрнектер әсемдікпен, сәнділіктің белгісі ғана емес, сонымен бірге халықтың арман-ойының, тілек мүддесінің нышаны. Осы тұрғыдан алып қарағанда ою-өрнектің мазмұндылық ерекшеліктері сан алуан.  Бүгінгі ұрпақ ұлттық сезімдерін, өнерін жоғалтпауы қажет. Өнер адамға жақсы әсер ететін және оны тәрбиелейтін нәзік дүние. Оның құндылығы орасан зор. Сонау жазу-сызу шыға қоймаған ерте заманда адам өз ойын тасқа, сүйекке, ағашқа ойып, қашап түсіріп отырған. Қазіргі қолөнер саласындағы “сүйек ою өнері”, “ағаш ою өнері” деген сөздер сол ерте заманда қалыптасқан ұғымдар. Қолөнердің сала-саласында кең қолданылып келген, өнердің өте көне, әрі күрделі түрі- ою-өрнек өнері. Қазақтың қол тума сәндік өнерінің барлық түрлеріне де оюлар мен өрнектер алғашқы элемент ретінде қолданылады. Ою мен өрнек қолөнер бұйымдарының тұтынушылық және эстетикалық мәнін аша түседі. Сондықтан да қолөнер заттарының әр қайсысындағы оюлау мен өрнектеуге, әшекейлеуге жіті зер сала білу керек. Бір кезде тасқа, ағашқа, сүйекке түсірілген ою-таңбалар келе-келе киізге, алаша, кілем т.б. заттарға салынатын болған. Ол белгі таңбалар арқылы халық белгісі бір ұғым түсініктерді аңғартып, біліп отырған. Бұдан ою-өрнек белгі таңбалары өмір қажетінен туғанын байқауға болады. Мысалы: қазақ халқының ерте кезден бергі әдет-ғұрып салты бойынша бөтен жерге, алыс ауылға күйеуге ұзатылған қыз баланың белгілі бір уақыттан кейін төркін жағына сәлемдеме жіберуі тиіс екен. Сәлемдемеде жас келіншек өзінің күйеуге шыққаннан кейінгі тұрмыс жағдайын ою-өрнекпен бейнелеп жіберуі шарт болған. Ою-өрнек тарихына ой жіберсек, оның даму кезеңдерін байқаймыз, уақыт өткен сайын жетіле түскенін көреміз. Ою-өрнек дегеніміз геометриялық және бейнелеу элементтерінің жүйелі ырғақпен қайталанып, үйлесімді құрылуы. [3].

Қазақ халқы өзінің күнкөріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді. Халықтың қолөнеріне әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Киіз үйдің сүйегі, ағаш кереует, кебеже, сандық жасап, кілем, сырмақ, алаша, ши, түрлі бау-басқұрлар тоқып, арқан, жіп есіп, көннен және илеулі теріден қайыс, таспа тіліп, өрім өріп, қолдан әр алуан ыдыс-аяқ, адалбақан, асадал, бесік және т.б. көптеген заттарды халық шеберлері, өнерпаздар өз қолдарымен жасады.

Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен роль атқарған және оны ұқсатуды ел бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Қазақ халқының шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүні, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің жүні, шудасы. [4].

Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шопанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. “Шуда” деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқаулық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көп ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Шуда жіп “шертер”, “керуіш” деп аталады.

Қойдың жүнін “жабағы”, “күзем жүні” және “шет пұшпақ” деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек, көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбек сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бай-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады.

Өрмек халық қолөнерінің тоқу ісінде қолданатын өте қарапайым әдісі, яғни мұны тоқу станогы десе де болады. Күрделі техникасыз, кез келген жағдайда қолданылып, керекті жабдықтары оңай табылатын өрмектің екі түрі бар. Оның біріншісін аспалы немесе термелі өрмек дейді. Ондай өрмекте кілем сияқты тұтас, енді заттар тоқылады, екіншісін жай өрмек дейді. Жай өрмек шекпен, алаша, қап, қоржын, белбеу, терме, бау, басқұр сияқты енсіз нәрселерді тоқуға арналған. Өрмекшілер тілінде үстіңгі жіпті “ерсісі”, астыңғы жіпті “қарсысы” деп атайды.

Кесте және көркемдеп тігу ою-өрнекті әшекейлеудің ертеден келе жатқан элементтерінің басты түрі. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халықтарға да ортақ өнер. Кесте өнері нағыз халықтық, алуан әдісті, таңдауы көп өнер. Кесте өнерінің қазақ халқына тән байырғы көне түрлері: біз кесте, айқас тігу, айқыш-үйкіш тігу, басып тігу, қайып тігу. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Біз кесте дөңгелек немесе төртбұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген материалдың бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткірмелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте деп тігілетін материалдың ашық жерін қалдырмай, немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестеленген шымқай кестені айтады. Әредік кестеде материалдың әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салады. [5].

Зергерлік- өте ерте заманнан келе жатқан өнер. Алтын-күміс әшекейлі бұйымдарды жасаумен әуестенушілерді зергер деп атайды. Бүкіл Орта Азия халықтарында ерте кезден-ақ қалыптасқан. Қазақ шеберлер зергерлік өнерін біліп, бірақ алтын-күмісті өздері қорытып, өндіре алмаған. Сондықтан оларды көрші орыс мемлекеттерінен сатып, айырбасқа алып отырған. Кесек күміс пен алтын оңайлықпен табылмағандықтан, ол кездегі қазақ зергерлері көбінесе алтын, күміс ақшаларды қайта балқытып немесе сол күйінде пайдаланған. Ел арасындағы халық шеберлері түрлі көркем, нәзік істерді қарапайым әдіспен орындайды. Көбінесе білезік, өңір, жиек, сақина, сырға, тіс шұқығыш (бұрын алтын, күміспен өрнектеп жасап, қалтаға салып алып жүретін болған), қиықша, қоза, шолпы, алқа, қапсырма, сәукеле, түйреуіш, үзбе, түйме, бұрама, дөңбет, белдік сияқты адамның өз бойын әсемдейтін заттарды жасады. Ыдыс-аяқ, ағаш төсек, ер-тұрман, қару-жарақ, жазу жабдықтары, опа сауыт, домбыра, қобыз, сырнай және т.б. алуан түрлі жиһаздарды әшекейледі.

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мақсатымыз айқын. Ол- ең дамыған 30 ел қатарына қосылу. Жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты- ол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңнің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Алға жетелейтін әдеттерді ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Сол ұлттық салт-сана, дәстүрімізді жаңғырта отырып, болашаққа деген нық қадамымызды баспақпыз!

 

 

              Әдебиеттер тізімі:

  1. ҚР-ның Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2013ж.
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *