Нәтижеге бағытталған білім беру жағдайында бастауыш сынып мұғалімд ерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру жұмыстары
Торсанова Рашида
Барлығы да балалық шақтан басталады, жасөспірімнің моральдық бет бейнесі адамның балалық шақта қалай тәрбиеленгеніне тәуелді».
В.А.Сухомлинский
Еліміздегі жаңа білім беру реформасы 12 жылдық білім беруге көшу арқылы шығармашылықпен дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жаңа ұлттық үлгіні жасауды, «жалпыға арналған білімнен», «білім әркімге өмір бойы» деген үлгіге көшуді мақсат етеді.
Қазіргі қоғамдағы мұғалімнің міндеті ғылым мен техниканың қарқынды дамып келе жатқан заманда өмір сүруге икемді, қоғам пайдасына қарай өзін-өзі толық жүзеге асыруға дайын, білімді, шығармашылыққа бейім, құзыретті және бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру.
Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның білімінің жан-жақтылығы, ұстаздық шеберлігі, оқытудың жаңа әдістерін, инновациялық технологияны меңгеруімен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзіреттілік қабілеті де кең болмақ.
Құзыреттілік – оқу нәтижесінде меңгерген білім, дағдыны тәжірибеде қолдана алу, проблеманы шеше білу, оқушылар дайындығы сапасының құрылымдық сипатын анықтайтын жаңа сапа.
Нәтижеге бағытталған білім беру жағдайындағы бастауыш сынып мұғалімінің құзыреттілігін үш аспектімен сипаттауға болады:
- Мәндік аспект – ахуалды жете түсіну, оны ұғыну және оған деген қарым – қатынас, бұл жағдайда нәтижеге бағытталған білім беру маңызы, теориялық негізі жатады;
- Проблемалық-практикалық аспект – бастауыш сынып мұғалімінің алдына мақсат,міндет нормаларын қойып және оны орындау жолдарын сипаттайды;
- Коммуникативтік аспект– педагогтің осы үрдіске, ахуал қатынасын және өзара ықпал жасауын қамтамасыз етеді.
Нәтижеге бағытталған сапалы білім беруде бастауыш сынып мұғалімінің құзыреттілігі:
Арнайы құзыреттілік
Ақпараттық құзыреттілік
Әлеуметтік құзыреттілік
Құзыреттіліктер
Пәндік құзыреттілік
Арнайы құзыреттілік – өзінің кәсіби қызметпен жоғары деңгейде айналысатын және өзінің кәсіби дамуын одан әрі жобалай білетін қабілет. Мұғалім үнемі ізденісте бола отырып, жаңаша оқытуды іске асыруда түрлі инновациялық технологиялардың әдіс–тәсілдерін өз ізденісі арқылы оқушы қабілетіне, қабылдау деңгейіне қарай іріктеп қолданады. Сонымен бірге психологиялық–педагогикалық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол білімін өз ісінде шебер қолданып, сұрағына жауап беруге даяр болуға тиіс.
Әлеуметтік құзыреттілік – бірлескен кәсіптік қызметпен айналысу қабілеті, ұжыммен, топпен қызмет ету, кәсіби қарым – қатынас тәсілдерін қолдана білу. Яғни, мұғалім оқушылармен қарым – қатынаста тактикасын баланың жасы, рухани өсуіне байланысты өзгертіп отыруы керек. Оқушыларды топтық, ұжымдық жұмыстар жасай алуға, соның ішінде жеке тұлғаның дамуына мән беруі керек.
Пәндік құзыреттілік – білім беру қызметінде белгілі бір пәндер шеңберіне қатынасты білім, біліктілігі және дағдысы мен іс – әрекетінің сапалар жиынтығы. Педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу іскерлігі.
Ақпараттық құзыреттілік – айрықша назар аударуды қажет етеді. Себебі, ақпараттық қарым – қатынас технологиясын игеру әр маманнан талап етіледі. Ақпараттық ресурс – ақпарат көзін алу мультимедиялық, электрондық, жалпы ақпараттық технологияларды меңгеруі тиіс.
Бастауыш сынып мұғалімі осындай құзыреттіліктерді игеру арқылы оқыту процесін ұйымдастырудағы негізгі мақсаттарды жүзеге асыра отырып, оқушының бойына адами құндылықтарды,қайырымдылықты, сүйіспеншілікті,рухани адамгершілікті,жеке тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады.Бүгінгі күні көкейтесті болып отырған білімнің құзыреттілік ұстанымын жүзеге асыру құралы ретінде педагогикалық технологиялар мен белсенді оқыту әдістерінің алар орны ерекше.
Қазіргі заман талабына сай білім беру жүйесінің басты көрсеткіші – оқушының өздігінен білім алуға деген ұмтылысын қалыптастыру. Ал мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыны білімге өз бетінше ізденіске және шығармашылық іс – әрекеттерге баулу болып табылады.
«Сабақ беру – үйреншікті жәй ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деп Ж.Аймауытов айтқанындай, әрбір өткізілген сабақ оқушының жүрегінен орын алатындай, жақсы істерге жетелейтіндей, рухани байлығын дамыту деңгейінде ұйымдастырылуы керек. Бастауыш сынып оқушыларының қабылдау мүмкіндіктері түрліше. Сондықтан, олардың жас ерекшеліктері мен әр оқушының жеке дара ерекшеліктеріне сай материалдарын игертуде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі нәтижесінде оқыту сапасы артады.
Оқушыларға тіліміздің байлығын, оның көркемдігі мен өрнегін, ойды анық та айқын жеткізе білу тәсілдерін үйрету негізі бастауыш сыныпта қаланады.
Бастауыш сыныпта дидактикалық дамытпалы ойындар, шығармашылық тапсырмалар колданылады. Шығармашылықтарын дамыту мақсатымен грамматикалық ойындар, ұлттық мазмұнды ойындар, сөзжұмбақтар, ребустар, анаграммалар, грамматикалық лото, домино ойындарын қолдануға болады. Сонымен қатар, дайын ұйқасқа өлең шығару; аяқталмаған ертегі, әңгімелерді өзіндік шығармашылықпен аяқтау; оқушылардың бір–біріне немесе шығарма кейіпкерлеріне мінездеме беруі тапсырылады.
Нәтижесінде тапсырмалардың мұндай түрлері оқушыларды: ерекше ойлауға; өз идеяларын ашық айтуға; болжамдар жасай білуге; белгісізге қарай табысты түрде қадамдар жасай білуге үйрете отырып, олардың бойларына құзыреттілік қасиеттердің белгілерін қалыптастырып, заман деңгейіне сай білім негіздерімен қаруландырады.
Әдебиеттік оқу сабақтарында берілген мәтіндермен жұмыс жүргізе отырып, оқушылардың білім алу кеңістігін кеңейту үшін қосымша материалдар, қызығушылықтарын арттырарлықтай, ізденіске итермелейтіндей сұрақ – тапсырмалар арқылы шығармашылыққа баулуға болады. Әр тараудағы шағын мәтіндердің негізгі түйіндерін, автордың айтайын деген ойын салыстыра отырып, оқушылар кейіпкерлерге мінездеме бере білуге машықтанады.Оның тиімділігі оқыту процесі сапалы және оқушыны дамыту сипатында болады. Әдебиеттік оқу сабақтарындағы шығармамен жұмыс жасағанда оқушы жылдам және дұрыс оқуы үшін ғана емес, сонымен бірге оқығанын терең түсініп, сезініп, қорытынды жасап, өзіндік көзқарастарын өздері табуына мүмкіндік жасау қажет.
Оқыту екі жақты процесс. Осы процесте оқушының да бойында ақыл – ойы, танымы,білігі мен дағдысы, демек пәндік және ақпараттық құзыреттіліктері қалыптасады.
Жалпы оқушыларды тәрбиелеу барысында әр баланың жеке басына құрметпен қарау керек. Үлгерімі нашар оқушыларға сынып белсенділері тарапынан көмек ұйымдастыру үшін топтар құру – оқушылардың бір-бірімен тіл табысуына ықпалын тигізеді.
Сонымен қатар дарынды оқушылармен ұжымдық зерттеулер жүргізу – олардың шығармашылықтарын дамытады, интеллектуалды деңгейін көтереді. Яғни, арнайы және әлеуметтік құзыреттіліктері қалыптасады.
Сыныптың білім сапасын арттыру мақсатында әр пәнге арналған жоспар бойынша жүргізілетін қосымша жұмыстар, оқушылардың ізденуіне, шығармашылықпен айналысуына ықпал етеді.
Қазіргі таңда мектеп оқушыларының мұғалімнен күтері көп. Оларды сабаққа белсене қатыстыру үшін әр сабақ барысын жеке формада, жаңа әдісте жүргізу шарт. Оқу формалары заманауи талаптарға лайық болуы, оқушылардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру үшін, ұстаз ақпараттық технологияны өз іс-әрекетінде тиімді, сауатты ұйымдастыруы қажет. Сондықтан интерактивті тақтаны оқушылардың тілдік құзіреттілігін, шығармашылық потенциалын дамыту құралы ретінде пайдалану интеллектуалдық, эстетикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыруға көмектеседі, ал көрнекі құрал ретінде пайдалану оқу-танымдық үрдіс тиімділігін арттырады.
Қорыта келгенде, кәсіби шығармашыл ұстаз -оқытудың жаңа технологияларын өмірге енгізуге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын, қоғамның ең озық бөлігінің бірі. Кәсіби шығармашыл ұстаз- оқу-тәрбие үрдісінің мазмұнына және ұйымдастырылуына комплексті тұрғыда қарайтын, зерттеушілік ыңғайға бейім, теория мен практика іс-әрекетін біріктіре білетін, өмірлік құндылық қағидалары адамгершілік, ізгілік, еңбекқорлық, парасатты мінез құлық қасиеттерді бойына сіңірген ұстаз.
Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде мұғалім кәсіби құзіреттілікке қол жеткізеді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі – бүгінгі ғасыр талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болмақ.
Айдарлы негізгі мектебі
Б а я н д а м а
Тақырыбы: «Нәтижеге бағытталған білім беру жағдайында бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру жұмыстары.»
Дайындаған: Торсанова Р.Қ.
2017-2018 оқу жылы