Эссе «Мектепке дейінгі жастағы балаларға адамгершілік-патриоттық тәрбие берудегі заманауи әдіс-тәсілдер»
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік-патриоттық тәрбие беру. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші роль атқарады. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік-отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік-білім беру мекемесі.
Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді.
Балабақшада берілетін тәрбие-барлық тәрбиенің бастамасы, әрі жан-жақты тәбие мен дамыту ісінің түпкі негізін қалайтын орын. Бала бойындағы жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерді ашып олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуіне балабақша ошағының тигізер әсерінің маңызы зор. Мектепке дейінгі жастағы адамгершілік-патриоттық тәрбие дегеніміз- баланың моральдық қасиеттерін белгілі бір мақсатқа бағыттап қалыптастыру. Адамгершілік сезімдерді тәрбиелеу арқылы-моральдық түсініктердің, әдеттердің және мінез-құлық мотивтерінің қалыптасуы бірлесіп жүзеге асады және мектепке дейінгі балалардың адамгершілік тәрбиесін қамтамасыз етеді. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілік-патриоттық сезімге тәрбиелеудің нақты міндеттері:
-балалардың үй-ішіне, жақындарына, құрбы-достарына, жалпы адамдарға, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу;
-адамгершілік ережелеріне сай балалардың мінез-құлқын, ұйымдасқан тәртібін, мәдениеттілігін, жақсы әдеті мен дағдысын қалыптастыру;
-балалардың адамгершілік түсініктері мен қасиеттерін тәрбиелеу.
Мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік- патриоттық сезімге тәрбиелеу мазмұнына баланың Отанға, адамдарға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу жатады. Ол үшін алдымен балалардың ата-анасына, үйіне, туған жеріне, оның табиғатына, өз қаласына, туған-туысқандарына, дос құрбыларына, балабақшаға деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу қажет. Ерте сәбилік кезеңнен бастап баланы ана тілінде сөйлеуге үйрету, ауыз әдебиеті үлгілерімен сусындату ең маңызды мәселе.Бала әдеби шығармаларды: өлең, ертегі, ән, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, батырлар жырын тыңдау арқылы ана тілінің байлығы мен әсемдігін меңгерумен қатар оны сүюді үйренеді.Балаларды халықтың қолөнерімен, қазіргі композиторлардың сан түрлі азаматтық тақырыптарға арналған әндерімен таныстыру балалардың қуанышын, көңілді сезімін дамытып, еліне, туған жеріне, ұшқыштарға, ғарышкерлерге, теңізшілерге, Отанға т.б. деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелейді.
Балабақшада көптеген ұлттың балалары бар, олардың бәрі бірдей тәрбиеленіп, бірдей қамқорлыққа бөленеді.Осының өзі-ақ балалардың бір-біріне жолдастық, достық сезімін тәрбиелеудің ең қолайлы жағдайы.
Баланы тәрбиелеуде оның өмірінің алғашқы жылдарынан бастап-ақ адамгершілік сезімдерін қалыптастыру үлкен орын алады. Үлкендермен қарым-қатынас жасау процесінде оларға үйір болу, оларды жақсы көру сезімі, олардың нұсқауларына сай әрекет жасауға, оларды қуантуға, жақын адамдарын ренжітетін қылықтар жасамауға ұмтылу пайда болады.