Отбасы – тәрбиенің тал бесігі

Кешутаева Зияда

                                                    Ұл жарытып ас бермес,

                                                   Әке өнегесін көрмесе.

                                                   Қыз ақылды ескермес,

                                                  Ана үлгісін көрмесе

(Халық даналығы)

        Тәрбие тал бесіктен басталады. Әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «Әке ұлағаты» мен «Ана тағылымын» көріп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады.

       Қазіргі заманда оқыту мен тәрбиенің табысты болуы ата-аналардың тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, мәдениетіне, ынтымақтастығына, отбасында бір-бірін түсінушілігіне, өзара қарым-қатынасына, көзқарастары мен мақсаттарының бірлігіне байланысты.

      Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек..

     «Сіз өз балаңыздың тәрбиесін бастамас бұрын өзіңіздің мінез-құлқыңызды тексеріңіз. Сіздің жеке мінез-құлқыңыз нағыз шешуші нәрсе… ата-аналардың өзіне талап қоюы, өзінің әрбір қадамын қадағалап отыруы тәрбиенің ең бірінші және ең басты әдісі» деген болатын А.С.Макаренко. Қазіргі ата-ана бойындағы қасиеттеріне көңіл бөле ме? Сынды көтере ала ма екен?…

     Істеген іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарап, астарына терең үңіле ме? Егер ата-ана мінез-құлқын тексеріп, өздеріне талап қойып, әр қадамдарын қадағалай отыра балаға тәрбие берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

     Баланың жақсылығын да, жамандығын да, жемісі мен жеңісін де көретін ата-анасы! Қай заманда болсын, ата-ананың басты арманы – баласының инабатты, ізетті, еңбексүйгіш, ержүрек, адал, қайырымды болуы. Соған өз балаларын тәрбиелейді. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Бала дүниеге келген күннен бастап ұлттық тәрбиені санасына сіңіре берсе, өсе келе бала зиянды нәрселерден аулақ болады. Сондықтан да, ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек.

    Балаңа беске дейін патшаңдай қара, он беске дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң досыңдай бағала – деген бабалар өсиеті бүгінгі ұрпақ тәрбиесі үшін ұлттық тәрбие энциклопедиясы.

Ата-ана тәрбиесі – қазақ халқы үшін толассыз таусылмайтын қазына.

    Ата-бабаларымыз өзінің жүріп өткен сан ғасырлық өмір жолы арқылы ұрпағын тәрбиелейтін ұлттық педагогиканың сарқылмайтын мол қазынасын қалдырып отыр. Бүгінгі таңда нағыз ұлтжанды, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтарды тәрбиелеу үшін ата-ана тәрбиесі ең басты, ең маңызды, ең қажетті тәрбие болып саналуы тиіс.

   «Адам тәрбиелеу, өзінің туған ұлы мен қызын тәрбиелеу – азаматтың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі, оның азаматтық борышы» деп В.А. Сухамлинский айтқандай, бала тәрбиесі отбасынан басталатынын ата-ана әрдайым жадында ұстауы тиіс.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *