Мамандығым – Мақтанышым
Мамбетжанова Жазира
Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау.
Ең қиын мамандық – адам болып қалу.
Хосе Хулиан Марти
Мамандық… «Мамандық» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда: «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді екен. Бірақ бала кезімізде түрлі мамандық иесі болуды армандадық емес пе?!
Мамандық иесі атану және оны меңгерудің қыр-сырын енді ұға бастағандаймын. Бұрындары, яғни есте жоқ, ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған, әр адамның өз қолынан қандай жұмыс келеді сол жұмысты істеп, өмір сүрген. Ал қазір ше? Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болып, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Дегенмен саны бар, сапасы болмаса оның елімізге, өзімізге не пайдасы бар?!
Ең алдымен, осы сұрақтарды өз-өзіме қойған кезде, бір сәт болсын үлкен жауапкершілікті сезініп, нақты әрі салмақты түрде ойлана бастадым. Жастық шақтағы мен армандаған мамандық қандай еді? Иә, олар сан түрлі болатын. Себебі, жастық шақтағы мақсаттардың өзі үлкен-үлкен армандардың бастауы еді. Яғни ол кезде тек армандаумен шектелетін едік. Ал уақыт өте мүлде басқа көзқарастар, мүлде басқа пікірлер қалыптасады екен. Мен өзім жастық шағымда әйгілі суретші боламын деп, армандаушы едім. Әкем шамамен төрт жасымда алғаш рет сурет өнері мектебіне бара бастағанымның құрметіне орай, үлкен бояулар коллекциясын сыйлағанда, екі көзім домалақтанып, қалай қуанғаным әлі есімде. Бүгінде сол арманның ұшқыны қалған ба, әйтеуір бір бүйрегім суретке бұрып тұрады. Анамның медицина саласындағы жұмысы мені бір сәт дәрігер болуға да жетелеген еді.
Ал қазіргі мамандығым… Мен қазір педагогпын, яғни бала жанының бағбаны. Елімнің биік болашағы. Сауатты ұрпақ. Ойлай берсең, ойлай бергің, қиялдай берсең әсте тоқтағың келмес. Сол әлемнің бір бөлшегі болып, өз қиялында қалқып жүре бергің келеді. Шындығында бұл асыл құндылықтар туралы, мен сияқты шынайы ойлайтындар өкінішке орай қазіргі таңда өте аз.
Мен, аудандық оқушылар Үйінің қазіргі таңда психология мамандығы бойынша «Жайдарлы Жас Ұлан» үйірмесінің жетекшісі болып қызмет атқарамын.
Менің жасөспірім шағымда суретші болғым келгені сияқты, таңдаған мамандығым халқыма, адамзатқа көмегімді тигізсем деген мақсатпен дәрігер болсам ба деген арманның жетегінде жүрдім. Дәрігерлердің мамандықтарымен таныстым. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшеліктері және өз қиыншылықтары бар екен. Науқас адамдармен жұмыс жасау қиын әрі үлкен жауапкершілікті талап ететінін түсіндім. Халық айтады ғой: “бұл өмірде мамандық таңдаумен, жар таңдаудан қателеспе” – деп. Сол айтқандай менің таңдаған мамандығым арқылы жоғарыда айтып өткендей халқыма көмегімді тигізсем екен деп алдыма қойған мақсатпен Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Университетте педагогика-психология мамандығы бойынша 2011 жылы «педагог-психолог» мамандығын алдым. Көп салалы мамандықтар арасынан таңдау жасау әрине оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет. Менде осы өмірдегі бір кірпішімді қалап жатырмын. Алғашқы еңбек жолымда 2013 жылдан бері аудандық оқушылар Үйінен басталды. Өткен 3 жыл уақыт ішіндегі педагогикалық іс-тәжірибемнен, оқушылармен жұмыс жасау өте жауапты іс екенін түсіндім. «Жас психолог» үйірмесінің жетекшілік жұмысын өз жауапкершілігіме алғаннан кейін оған салғырт қарамай, өзімнің білгенімді әрбір балаға жалықпай үйретуге, оның жете меңгеруін қаладым.
«Шабытынды шарықтат, сонда ғалам сен үшін бұрын қамал тұрған жерлерден жол ашады», – деп атақты ағылшын ойшылы Джозеф Кэмпбэлл айтқандай, адам шың жүрегімен қатты қалаған, талпынған ойы міндетті түрде жүзеге асады деп ойлаймын. Ал ол үшін талпыныс қажет. Алға талпыну – тыныштықты жоғалту, бір орында қалып қою – өзіңді жоғалту болып саналады. Одан соң болжау, нақты қайда бара жатырсың, не үшін бара жатырсың, соны болжалдап, нақтылап алып болған соң ғана талпынуымыз керек. Ал жетістіктерге қол жеткізу үшін, әрекет етіп қана қоймай, қиялдауымыз да керек, жоспарлап қана қоймай, сенуіміз керек. Ең бастысы – сенім. Алға қойған мақсаттарым үшін еңбек етсем, сол мақсаттарым болашақта елім үшін, мен үшін еңбек ететін болады. Мен оған сенімдімін. Маған және Отаныма еңбек ететін мақсатты дұрыс таңдағаныма сенімдімін!