Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық өнімділігін дамыту үшін қолданылатын әдістер мен тәсілдер

Тауекелова Алтыншаш

Мектеп жасына дейінгі балаларды танымдық-тілдік дамыту – ақыл-ой процестерінің қалыптасуынан құралатын күрделі үдеріс. Тіл дамыту үлгісі, тілдік қалыптарды механикалық түрде есте сақтау пайдасы емес, зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан жұмыс жүйелі әрі әдістемелік тұрғыдан сауатты жүргізілуі тиіс.

Танымдық-тілдік дамудың дәстүрлі тәсілдері:

Көрнекілік – қадағалау, суреттерді қарау, фильмдер, слайдтар, презентациялар көрсету.

Іс-тәжірибелік – жаттығулар, ойындар, эксперименттер мен тәжірибелер, үлгілеу, жобалау қызметі, зерттеу-іздену қызметі.

Ауызекі – әңгіме, оқу, сұрақтар, сұхбаттар, көркем сөзді қолдану.

«Кім не істейді»

Ойын сөздік қорды осы шақтың етістіктерімен толықтыруға көмектеседі, көрнекі-бейнелі ойлауын қалыптастырады.

Қажетті құралдар: әртүрлі кәсіп иелерінің суреттері берілген карточкалар.

Ойынның ережелері: мысалы, дәрігердің суреті берілген карточканы көрсетіңіз: «Ол не істеп жатыр?». Тыңдап, емдеп, жазып, көріп жатыр және т. б. Аспаз – пісіреді, турайды, тұздайды және т. б.; жүргізушінің, ұстаздың және т. б. іс-әрекеттері. Тірек карточкалар жөнінде ұмытпаңыздар.

Бекіту: «Асүйде ойнаймыз»; «Хайуанаттар бағында»; «Дүкенде».

Рөл алмасыңыздар, көбіне осы ойынды ойнаңыздар. Сіз балаңыздың сөздік қорының толыққанын байқайсыз.

«Сапалы сөздер»

Ойын заттың пішінін, түсін, өлшемін, материалын және т. с. с. білдіретін сын есімдермен жұмыс істеуге көмектеседі.

Қажетті құралдар: ойыншықтар немесе кез келген заттар.

Ойынның қағидалары: затты сипаттайтын сын есімдерді көбірек атау керек. Көлік – өрт сөндіру, қызыл, темір, жылдам, үлкен. Қарындаш – үшкір, сары, ағаш, ұзын. Қонжық –жұп-жұмсақ, үлпілдек, жылы әрі күлкілі. Стақан – шыны, биік, мөлдір, сынғыш. Рөл алмасыңыздар. Керісінше ойнаңыздар. Сіз: дөңгелек, қызыл, резеңке, жеңіл, ауа (шары) дейсіз. Бала жауабын табады.

Бекіту: «Не? Кім? Не істейді? Қандай?» ойынын ойнаймыз. Мысалы, көлік, темір, келе жатыр, гуілдейді және т. б. Кім көп сөз атаса, сол жеңіске жетеді.

Көкөністерді, жемістерді және т. б. сипаттау арқылы дүкенде, құмды, суды, ауа райын сипаттау арқылы көшеде осы ойынды ойнауды ұмытпаңыз.

«Біз осындай антонимдерміз»

Сөйлеуде қарама-қарсы мағыналы сөздерді қолдану машығын қалыптастыруға арналған ойын: көрнекі-бейнелі ойлауын қалыптастырады.

Мен «жоғары» десем,

Сен – … (төмен) дейсің.

Мен «алыс» десем,

Сен – … (жақын) дейсің.

Ойынның қағидалары: балаға өлең оқып беріңіз.

Сіз сөзді айтасыз, ал бала қарама-қарсы мағыналы сөзді атауы тиіс. Мысалы, суық – ыстық, біреу – көп, қыс – жаз, дөңгелек – тіктөртбұрышты және т. б. Сіз допты лақтырасыз, бала оны қағып алып, қарама-қарсы мағыналы сөзді атайды және допты кері лақтырады. Осыдан кейін рөл ауыстырасыздар. Қателеспеген ойыншы жеңеді. Ал егер бала «көлік» сөзін атаса, сіз не деп жауап бересіз? Қуыршақ дейтін шығарсыз. Осындай сөздердің ерекше жұптарын іздейсіз.

Бекіту: балаға, мысалы, адамды сипаттайтын сөздерді еске түсіруді ұсыныңыз: батыл – қорқақ, мейірімді – қатыгез; материал: ағаш – тас, шыны – темір; су – мұз және т. б.

«Біріктір»

Сөйлегенде ұғымдарды қолдануға арналған ойын; көрнекі-бейнелі ойлауын қалыптастырады.

Қажетті құралдар: киімнің, аяқ киімнің, ыдыс-аяқтың, ойыншықтардың және т. б. суреті салынған картинкалар.

Ойын қағидалары: баланың алдына үстелдің үстіне, мысалы, аяқ киім бейнеленген суреттерді қойыңыз: етік, тәпішке, төпли, шәркей және т. б. Бала көргенін тізіп өтіп, бір сөзбен аяқ киім деп атауы тиіс. Бізден аяқ киімнің не үшін керек екенін сұраңыз?

Осылай әртүрлі ұғымдармен ойнауға болады: жыл мезгілдері, тәулік мерзімдері, өсімдіктер және т. б.

Бекіту: «Керісінше ойнаңдар». Сіз: «жемістер» дейсіз – бала оларды атайды.

Қиындатамыз: күрделі ұғым-сөздерді таңдаңыз. Мысалы, көлік: машина, велосипед, су көлігі: кеме, пароход.

«Қазір ертегі басталады…»

Әңгімелеуді үйретеміз: таныс ертегілерді байланысты түрде айтуды, оқиғаларды жүйелі түрде баяндауды үйретеміз.

Қажетті құралдар: «Бауырсақ», «Үйшік», «Маша мен аю», «Айболит» және т. б. ертегілерге арналған иллюстрациялар, кез келген қобдиша.

Ойынның қағидалары: қобдишаны көрсетіп, оның ішінде ертегі тұратынын айтыңыз. Оның біреуін әңгімелей бастаңыз:

Жазық далада бір үйшік тұр.

Үйшік-үйшік! Кім үйшікте тұрады?

Ешкім үн қатпады.

Тышқан үйшікке кіріп өмір сүреді…

Осы ертегі қалай аталады?

Мұнда не жөнінде айтылады?

Үйшікке тағы кім келді?

Соңында не болды?

Жетекші сұрақтардың көмегімен баланың ертегіні аяқтауына көмектесіңіз. Егер бала қиналса, оған ертегі бойынша картиналар сериясын көрсетіңіз.

3 жастан 4 жасқа дейінгі балаларға арналған дидактикалық ойындарды ұйымдастырғанда олардың жас ерекшеліктерін жете білу қажет: балалардың зейіні тұрақсыз, олардың ойы тез бөлінеді. Сонымен бірге осы жаста балалардың дербестігі қалыптасып, өзін танытуға деген ынтасы артады: «Мен өзім!». Осыны ескере келе, баланың білімге, өзінің жарқындылығымен, қызықты бейнесімен тартатын ойыншыққа деген қызығушылығын арттыратын ойындарды қолдану қажет.

Балаларды танымдық-тілдік дамыту жұмысы тілді барлық жағынан дамытуға тығыз байланысты. Балалардың санасын әртүрлі танымдық мазмұнмен толықтырғанда сөздіктің кеңеюі, бекуі және белсенділігі орын алады, тілдің грамматикалық құрылымы жетіледі, балалар бір-бірімен және тәрбиешілермен араласады, өз ойларын байланысты сөздерге ресімдейді.

Ойындар мен ойын жаттығулары, ойналатын сюжеттер балалардың тілін белсендіреді. Мысалы, «Киiм дүкенi» сюжетінде балалар әртүрлі заттарды қарап, оның түсі мен мөлшерін, сөреде орналасқан жерін анықтайды, осыдан кейін алған ақпаратты жұмбақ-сипаттаулар арқылы бекітеді. Заттарды бір немесе бірнеше белгілері бойынша жіктеу қағидатын бекіту «Жеуге жарамды – жеуге жарамсыз», «Жабайы және үй жануарлары» және т. с. с. ойын жаттығуларында жүреді.

Балабақшада күнделікті көркем әдебиет оқу, көркем әдебиет бойынша арнайы білім балалардың сөздігін дамытуға барынша ықпал етеді. Олар күрделі ұғымдарды меңгере бастайды: жанр, ырғақ, күй, ақын, жазушы, автор, иллюстрация, поэзия, эпитет және т. б.

Тілді дамыту жұмыстары оның барлық тұстарын қамтитын жүйеде жүргізіледі (сөздік, грамматикалық құрылым, тілдің дыбыстық мәдениеті, байланысты тіл). Басқа балалар қызметімен өзара байланыс орнатудың шынайы мүмкіндігі бар, бұл ойынға уақыт қалдырып, мектеп жасына дейінгі баланың физикалық, психикалық және әлеуметтік денсаулығын сақтап, бала тұлғасын жан-жақты дамытып, оқу жүктемесін қайта бөлуге мүмкіндік береді. Осы арқылы тек уақытты үнемдеп қана қоймай, балалар өміріндегі тілдің қалыпты қызметі де қамтамасыз етіледі.

Әр топта балалардың танымдық-тілдік дамуына арналған аймақ безендірілуі тиіс. Бұл аймақ әралуан мазмұнды қамтиды және балалар белсенділігінің әртүрлі түрлерін қарастырады. Оны безендірудің басты қағидаты – қолжетімділік. Мұнда ұсынылғандардың бәрі толық балалардың құзырында. Осы аймақтың материалында міндетті түрде әртүрлі бағыттағы дидактикалық және үстелүсті-баспа ойындары, иллюстрациялық материал, әртүрлі топтамалар, демонстрациялық материал, эксперименттік қызмет пен тәжірибе жүргізуге арналған жабдық, шағын кітапхана болуы тиіс.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *