Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулудың маңызы

Ашурова Наргиза

Елімізде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, рухани өзгерістер мектепке дейінгі ұйымнан бастап, оның ішінде ұлттық тәлім-тәрбие беру саласында өзіндік ықпал жасауы заңды құбылыс.

Өткен тарихымыздың терең қойнауына ой сәулесін түсірсек, ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор – халқымыздың этнопсихология, этнопедагогика ғылымдарына рухани азық болған, ғасырлардан қалған асыл мұралары бар. Оны филологтар, тарихшылар, этнографтар, өнер зерттеушілері, психолог және педагог ғалымдар жан-жақты талдап өз зерттеулерінің мақсат-міндеттеріне орай ғылыми зерделеуден өткізуде. Ой елегінен өткен ғылыми тәжірибе нәтижелері ұрпақ тәрбиесіне игілікті үлес қосып келеді.Әр халықтың бала тәрбиесі жөніндегі атам заманнан бергі жиып-терген мол тәжірибесі, ғасырлардан қалған асыл қазыналары бар. Соның бірі біз сөз еткелі отырған ата-бабаларымыздың сарқылмас өнеге мен ізгі қасиеттерге балаған мұралары – салт-дәстүрлер. Ал салт-дәстүрлер дегеніміз не? Оған ғалымдар қалай анықтама береді?

Қайсы бір ұлттық құндылықтар туралы алсақ та салт-дәстүрлер жүйесінен аттап кету мүмкін емес. Дәстүр әр түрлі бағытта ұлттық-демографиялық, философиялық, әлеуметтік-педагогикалық және психологиялық құбылыс ретінде ғылым талаптарына сай барлық зерттеу салаларында қолданылады.

И. Г. Гердер, А. К. Конн, Ғ. Ақпанбет, А. Айталы, т.б ғалымдар философиялық еңбектерінде салт-дәстүрлердің сол халықтың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен, тілімен байланыса отырып, бірлікте дамитынына баса назар аударады. Мысалы, И. Г. Гердер «салт-дәстүр тіл мен мәдениет бастауларының анасы», деп халықтың тұрмыс тіршілігінен көрініс бере отырып, мәдени тұрмысы мен тілі салт-дәстүрін сипаттайтындығын түсіндіреді. Осы тұрғыда салт-дәстүрді халықтың мәдениетінен іздеген, ұрпақтан-қрпаққа жалғасып отырған және ұрпақ тәрбиелеудегі жинақталған тәжірибенің жиынтығы тұрғысынан қараған М. Қозыбаев, Н. С. Сәрсенбаев, М. Базарбаев, Ғ. Ақпанбет сияқты ғалымдардың еңбектерін атап кетуге болады.

Ғ. Ақпанбет «ұлттық салт-дәстүр тәрбиедегі, мәдениеттегі ұлттың мұрагері және терең философиялық ойдың ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесінің сұрыпталған тұжырымы, негізгі нәрі, қысқа да, көркем бейнесі» деп қазақ дүниетанымының салт-дәстүрмен байланысты екенін айтады.

Академик М. Қозыбаев еңбегінде адам баласының шыр етіп жерге түскеннен бастап, қартайып дүниеден өткенге дейінгі өмірі үнемі сан ғасырлардың наным-сенімі, түсінігі, қоғамдық даму барысындағы ізденістері жинақталған салт-дәстүрлер аясында болдаы, «салт-дәстүр дегеніміз – халықтың рухани өзегі, мәдениеттің діңгегі, тілінің тірегі» деп тұжырымдайды.

Н. Сәрсенбаев, С. Қалиев, т.б ғалымдар өздерінің зерттеулерінде салт-дәстүрге талдау жасай келе, осы екі ұғымның қоғамдық өмірде алатын орнына, атқаратын қызметіне тоқталады: 1) дәстүрге әдет-ғұрыптың өткен қоғамнан қалған озық түрлері мен тұрмыстық формалары, ырым-жоралары, рәсімдер, т. б. кіреді; 2) салт адам өмірінің күнделікті тіршілігінде, еңбек әрекетінде жиі қолданатын мінез-құлық қарым-қатынас ережелері мен жол-жора, рәсім, т.б. заңдылықтардың жиынтығы ретінде қарастырылады.

Соңғы жылдардағы зерттеулерді ғалымдарымыз ұлттық салт-дәстүрлерді адамның көзқарасын қалыптастыратын үлкен тәрбие мектебі ретінде насихаттап, ғылыми тұрғыдан жүйелеуге ден қояды. Осыған орай этнопедагогика ғылымында бірнеше көзқарастар қалыптасқан. Профессор С. Қ. Қалиев салт пен дәстүрдің айырмашылығына анықтама беріп, дәстүрдің салттан өрісі кең екендігіне тоқталады. К. Ж. Қожахметова салт-дәстүрдің ішкі мазмұнына тоқталып «екі сөз қосарланып айтылғанымен әрқайсысының өз мән-мағынасын барын ескеру, әр ұғымның өзіндік функция атқаратынын түсіндіру керек» деп ескертеді. Ондағы мақсат :

— салт-дәстүр ұғымының этнопедагогика ғылымында сараланып ғылыми тұжырымдарын анықтау;

— ұлттық мәдениет пен тұрмыс тіршілігіне байланысты салт-дәстүрлердің мазмұнының кеңейіп, түрлерінің жаңғыруына назар аудару;

— ұрпақ тәрбиесінен еңбек тәрбиесінің құрал ретіндегі мүмкіндік аясын негіздеу. Аталған мақсаттарға жетудің бірден-бір жолы – дәстүр, салт ұғымдары ғылыми әдебиеттерде қандай деңгейде анықталғанына көз жеткізу.

Ұлттық тәлім-тәрбиеге ерекше мән берген ғалымдардың бірі М. Арын «….дәстүр» арабтардың әдустурә деген сөзінен шыққан, парсылар арқылы бізге жеткен. Шын мағынасы «тұрақты, орныққан» деген ұғымдарды береді» деп түсініктеме бере келе, ғалым «дәстүр» деген ұғым – жалпы ұлттың рухының негізгі компонеттерінің бірі. Ұлттың рухынан азық алған, ұлттың психологиясына рухтанған, солар арқылы пайда болған дәстүрлер біртіндеп, сол ұлттың рухын байытып, нығайтушы үлкен факторға айналады» деген тұжырымына толықтай қосылуға болады.

А. К. Кон: «Дәстүр дегеніміз — әдет-ғұрыптың өмірдегі өсіп жетілген әртүрлі формасы. Ол – адамдардың белгілі бір бағыттағы тұрақты іс-әрекеті мен мінез-құлқының ұрпаұтан-ұрпаққа белгілі формада ауысып берілетін түрі» деп тұжырымдаса, белгілі француз социологы Э. Дюркгейм: «Дәстүр адамдардың қоғамнан даяр күйінде табатын, өздерінің тәртіптерін жөнге түсіріп және әрекетке келтіріп отыратын тетік болып саналады. Дәстүрді бұзғаны үшін берілген жаза тайпалардың бірлігін сақтауға көмектесетін құралы болып табылады» — дейді. Демек, дәстүр – кең мағынада қолданылып, қоғам талабына қарай өмір сүруді реттейтін қалыптасқан ереже, заң тәртібі, әрекеттері деп танылып, тәрбиелік мәні қай уақытта да жоғары бағаланған.

Қазақ ұлттық энциклопедиясында «дәстүр — белгілі бір ұлттың немесе халықтың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын, тарихи қалыптасқан, олардың әлеуметтік ортасында ұзақ уақыт бойы сақталып отырған, әлеуметтік-мәдени

құндылықтар жиынтығы. Дәстүр ұлттык мәдениетпен тығыз байланысты. Мәдениеті дамыған ел дәстүрге өте бай болып келеді. Жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуде дәстүрдің орны ерекше» деп көрсетілген. Сонымен дәстүр ұғымы барлық халықтарда болып тарихи негізде қалыптасқан, жалпыға бірдей тәртіп, әдеп-инабат нормасы болып табылады. Дәстүр негізінде одан әрі калыптасуымен өмір сүруі жағынан барынша ұлттық сипатта болмақ. Осылайша әрбір халықтың салт-санасы, озык дәстүрлері бүкіл адамзат мәдениетіне өзіндік сипатымен үлес косуы да мүмкін.

Дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі — адамдардың арасындағы қарым-қатынастарда белгілі бір өлшеммен өркендеп және өзгеріп отыратын, тұрақтылықты ретке келтіретін әдет-дағдылар жиынтығы болмақ. Өйткені тұрақтылық болмаса, даму да болмайтыны сияқты әдет-ғұрып, салт-сана тұрақгы бағдар ұстанады, Тұрақтылықты реттей отырып, дәстүр қоғамдық, ұлттық болмыстың ең маңызды негізін түзеді.

Енді «салт» ұғымына кішкене тоқтала кетсек:

1) Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: салт ұрпақтан: — ұрпаққа ауысып отыратын әдет-ғұрып, салт- жеке, жалғыз, бір өзі деген мағына береді» делінген. Мысалы, салт атты, салт басты, т.б.

2) Салт белгілі бір уақытта арнайы себеппен жасалынады. Қоғамда жоғары статусы бар көпшілік алдында орындалатын қарапайым әдет-ғұрыпқа карағанда, адам салтты еркін таңдай алмайды. Салт ескі мен жананың сабақтастығын айғақтайды, оның қоғамда қолдану орнын бекітеді. Сонымен жоғарыдағы ғылыми тұжырымдарга сүйенсек, дәстүр, салт дегеніміз — әр халықтың (этностың) материалдық және рухани мұраларының, оның ұлттық тарихи даму жолының; өмір сүру ерекшеліктерінің сол ұлттың жеке өкілдерінің санасында бейнеленіп салт-дәстүрлері арқылы қоғамдық-мәдени өмірде көрініс табуы.

Салт-дәстүрлер — ұлттық тұрмыстың, мәдениеттің адам еңбегімен жасалған аса мәнді құрамдас бөлігі, сол ұлтқа жататын адамдар мәдениетінің деңгейін, рухани байлығын көрсететін, басқа ұлттар мен халықтардан айырмашылықтарын білдіретін басты бағдары және мықты тәрбие құралы.

Р. Х. Дүйсенбинова тұрмыс-салт дәстүр, бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар, үйлену, үй болуға байланысты салт-дәстүрлер, халық мейрамдары, қазақтың қонақ күту дәстүрлері деп топтастырылады. Жалпы салт-дәстүрлерді, ұлттық идеяларды насихаттау барған сайын көкейтесті сипатқа ие болып отыр.

С. Қалиев, М. Оразев, М. Смайлованың «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты оқу-құралдарына қазақтың салт-дәстүрін нақты үш топқа:

а) бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер;

ә) әлеуметтік мәдени салт-дәстүрлер;

б) тұрмыс-салт дәстүрлер деп бөледі.

Сөйтіп, тұрмыс-салт дәстүрлерге киіз үй, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдер мен тағамдар, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіпке үйретудің тәлімгерлік түрлері енетіндігін айтады. Бұл тұжырымның дұрыстығын қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде

«Тұрмыс — әл-аухат, хал-жай, тіршілік» десе, «Тұрмыс-салт тұрмыста қалыптасқан әдет, дәстүр, жора жеке халықтардың шаруашылық кәсібі, тұрмыс-салты кіреді» деп берілген анықтама дәлелдей түседі.

Академик Ә. Қайдар тұрмыс салтында киіз үйдің сүйегін сайлап, киізін басуды, бау-шуын иіріп, шиін өруді, ер-тұрман әбзелдерін өз қолдарымен реттеп, киім-кешектерін өздері тігіп, қолөнердің өзіне қажетті салаларын өзінше дамытып туралы пікір айтады.

Белгілі этнограф, мәдениеттанушы Н. Шаханова киіз үйді көшпелі мәдениетімізбен байланыстыра отырып, оны ұлттық құндылығымен қатар философиялық мағынасын «құт» идеясымен түсіндіреді. Ал «Құт» адамның ақыл-ойымен, еңбегімен келетін ырыздығы, сыйы, бақыты деген мағынаны білдіреді. Қазақтың тұрмыс-салт дәстүрінің балаларды еңбекке баулуда парасатты мінез-құлық пен еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруда мүмкіндігі зор. Олар:

а) қазақтың тұрмыс-салт дәстүрі үлкенді сыйлау, еңбекке қадірлеу сияқты қасиеттерге тәрбиелейді;

ә) тұрмыс-салт дәстүрі өз халқының ақыл-ой, қол еңбектерінің нәтижесінде жеткен этнографиялық өмірін көрсетуге қызмет етеді;

б) тұрмыс-салт дәстүрі еңбек адамның көңіл-күйін, ішкі сезімін білдірудің психологиялық құралы;

в) тұрмыс-салт дәстүрі атадан балаға мұра болып берілген еңбек дәстүрінің, қоғамның сананың ең биік нормалары.

Қазақтың тұрмыстық салт-дәстүрлерінің болашақ ұрпақты еңбекке баулудағы үлкен тәрбие мектебі екенін насихаттау, ғылыми тұрғыда мәнін ашып жүйелеп зерттеуді қажет етеді. Сонымен, киіз үй жиһазы, төрт түлік малы, киім-кешек, қолөнер түрлері еңбек әрекетінің нәтижесінде, бір-бірінен ажырамай күнделікті тұрмыстық болмысты құрағанымызға көзіміз жете түседі. Тұрмыс-салт дәстүрлерінің жалпы тәрбиелілік мүмкіндіктері педагогикалық әдебиеттер мен тәрбие құралдарына әр қырынан айтылып келгенімен мектеп жасына дейінгі балаларды еңбек баулудағы орны әлі жеткіліксіз.

Қорыта айтқанда, тұрмыс-салт дәстүрінің аясын қамтитын кәсіпке, еңбекке үйретудің тәлімгерлік қағидаларын өз жұмысымыздың негізі етіп алдық. Тұрмыс салт-дәстүрдің мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулуда тәрбиелілік, білім беру, дамытушылық мүмкіндіктері жоғары деп санаймыз.

М. Жұмабаевтың әрбір ұлттың баласы өз ұлттың баласы өз ұлтының ортасында, сол ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы ұлт тәрбиесімен тәрбиелеуге міндетті деген ойы бүгінгі күн талабымен қабысып отырған тұжырым. Ә. Диваев қазақ балалары күнделікті тұрмыс салттарында көріп, ұстап жүрген төрт-түлік малды өздері қолдарымен саз балшықтан жасайтынын (ат, түйе, қой, т.б), ол ойыншықтар мен қуыршықтардың, европалық фабрикада жасалған ойыншықтарға қарағанда баланың қиялдау қабілетін әлдеқайда дамытатынын айтады.

Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулуға тарихи кезеңдерге түрліше мән берілген. Осы кезеңге дейінгі еңбек тәрбиесінің міндеттері еңбек

сүйгіштікке тәрбиелеу, еңбекті құрметтеу, еңбек мәдениетін және еңбек ету дағдысы мен біліктілігін қалыптастыруды көздейді.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында мектепке дейінгі балаларды қоғамдық және әлеуметтік тұрғыдан тәрбиелеу мәселелерімен қатар еңбек тәрбиесі ерекше қолға алынды. 1919-жылы мектепке дейінгі тәрбиенің мәселелері қарастырылған I съезде балабақша мен мектепте еңбек тәрбиесін бірізді жүргізу міндеттері анықталып, оның талаптары белгіленді.

Р. И. Жуковская балалардың ойын арқылы еңбек дағдыларын қалыптастыру, еңбек әрекетіне жұмылдыру, еңбек әрекеті ойынды байытуға бағытталуы тиіс деген. 1960 жылдары мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің ұсынысы бойынша ең бастысы балаларды ересектің еңбегімен таныстыру маңызды деп саналып, баланың өздігімен орындайтын еңбек әрекеттеріне мән берілмеді.

В. Г. Нечаева, Г. Н. Година, Д. В. Сергеева, Р. С. Буре, Л. И. Захаревич тағы да басқа ғалымдардың мектепке дейінгі балалардың еңбектегі психологиялық ерекшелігіне, еңбек дағдылары мен біліктерін игеру деңгейлеріне, ұйымдастырылуы әдістемесіне қарай еңбек түрлерін өзін-өзі қызмет ету, шаруашылық-тұрмыстық еңбек, қол еңбегі және табиғаттағы еңбек деп бөлгендерін атап кетуге болады. Бірақ, сол кездегі теориялардың қай-қайсына да көз жүгіртсек, халық тәжірибесіне сүйенбегенін, тұрмыстық салт-дәстүрлерді ескеріп ұйымдастырылу қарастырылмағанын байқадық.

Бүгінгі таңға дейін қоғамның дамуына байланысты мектепке дейінгі балалардың еңбегінің түрлері терең зерттеліп, мазмұны анықталуда. Соның ішінде В. П. Нечаева, П. О. Абдулвагаева, Е. Н. Герасимова, Г. Н. Годинаның зерттеулерінде өзіне-өзі қызмет ету еңбегі 5-6 жастағы балалардың өзін күтуі, ересекке тәуелсіз болып, өзінің ісіне сенімі қалыптасып ұқыпты, әдемі, өзі киіне алу біліктілігі, сыртқы келбетіне қарай алуы керек делінген. Балалар еңбегінің бұл түрін халқымыздың тұрмыс салтымен байланыстырып ұйымдастыруға болады.

Табиғаттағы еңбек арқылы балаларды еңбекке баулу туралы А. К. Бондаренко, Н. Н. Кокорева, Е. И. Кокорева, А. Ф. Мазуринаның еңбектерінде зерттелген. Ғалымдардың пікірінше, 5-6 жастағы балалардың табиғаттағы еңбегі өсімдіктер мен жануарларға күтім, бақшада көкөніс өсіру, үлескені жасылдандыру, аквариумды тазартуға араластыру. Еңбектің бұл түріне ертеде қазақ халқы балаларын мектепке дейінгі кезеңнен баулыған және түрлі тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана білген.

Мектеп жасына дейінгі балалардың қол және көркем еңбегінде табиғи материалдар, қағаз, қатырма қағаз, мата, ағаштан бұйымдар жасайтындығы Я. И. Базик, Э. К. Гульян, В. Ф. Ждан, Е. Я. Беляевның зерттеулерінде теориялық негіздері мен әдістемесі нақтыланған. Бұл еңбектің түрінде балалардың қиялы, шығармашылық қабілеті дамып, қолдың ұсақ бұлшық еті жетіліп, ұстамдылыққа, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге үйренеді. Е. Б. Горунович, У. А. Карамзин, А. В. Пантелеевалар мектеп жасына дейінгі балалардың көркем еңбегін ұйымдастыруды екі бағытта: әртүрлі материалдардан сыйлықтар жасауға; екіншіден, топты мерекеге қарсы әшекейлеуге, көрмені безендіру әрекеттерін жүргізу деп бөледі. Қазақ

психологтары А. Темірбеков, С. Балаубаев еңбектерінде дені сау балалардың бәрінде қарапайым жұмысқа бейімділік болатынын айтады. Қол еңбегі баланың игілікті жұмысы. Қағаздан, картоннан, ағаштан нәрселер істейді, әрекет үстінде ұғымдылық, тапқырлық ұйымдастыру ерекшеліктерін анықтауы біздің зерттеуімізге арқау болады. Осы аталғандар балабақшаның оқу-тәрбие үрдісінде қазақтың ұлттық тұрмыс салт-дәстүрлерімен ұштастырып жүргізілсе, болашақ ұрпақтың еңбекке деген сүйіспеншілігі, еңбекке деген қарапайым дағдылары көзделген міндеттерге сай болар еді.

Мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулуды тек балабақшаларда ғана емес, отбасында жүзеге асыруға толық мүмкіндіктер бар екені Т. А. Маркова, Л. В. Загик зерттеулерінде кеңінен айтылады. Олар ата-аналарға өз балаларын еңбекке баулу жұмыстарын мектеп жасына дейінгі кезеңнен бастауын, бірақ баланың жас ерекшелігін, психологиялық мүмкіндіктерін балабақшамен бірлесіп жұмыс жүргізу қажеттігін түсініп, педагогтардың талаптарымен ұштасқан жағдайда нәтиже беретіндігін алға тартады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың пайдалы еңбекке қызығушылығын ояту, белгілі бір еңбек тәртібін тәрбиелеу, еңбекті өздігімен жасауға, орындауға, бағалауға үйрету басты міндеттердің бірі болып отыр. 5-6 жастағы баланың белгілі бір уақыт аралығында еңбек етуге әдеттенуі жай ғана еңбекке үйрету емес, алғашқы еңбек процесіне құштарлық, еңбек етуге әзірлік деп қараған дұрыс. Еңбектің қандайы болмасын адамның белгілі қуат, күш-жігерін жұмсауды талап етеді. 5-6 жаста баланың ағзасы үнемі даму үстінде болып, бұлшық еті мен жүйке жүйесі толық жетілмегендіктен тез шаршауға бейім тұрады. Шамасынан тыс еңбек тапсырмасын беруде бала бар күшін салып ұмтылса да орындай алмайды. Сондықтан ересек топ балаларын тұрмыс-салт дәстүр негізінде еңбекке баулуда еңбек әрекетін қалыптастырудың психологиялық заңдылықтарына, даму мүмкіндіктеріне сүйену басты міндеттердің бірі болып саналады.

В. С. Мухинаның еңбегінде бала тәрбие үрдісінде әрекеттің (орамалмен сүртінуі, қарындашпен сурет салу, мүсіндеу) сан алуан түрін меңгереді. Мұның бәрі сыртқы нәтижеге бастайтын практикалық іс-әрекет. Сонымен бірге баланың ішкі іс-әрекеті де қалыптастасады, оның көмегімен бала заттарды қарайды, қасиеттерін анықтайды, бір-бірімен байланысын ашады. Осындай ішкі іс-әрекеттің қалыптасуы бала дамуының негізгі еңбек мазмұнын құрайтыны айтылады. Қ. Жарықбаев адам іс-әрекеттің белгілі бір түрімен айналысу арқылы ғана сыртқы ортамен белсенді түрде байланыс жасайды дей келіп, «әрекет дегеніміз – түрлі қажеттіліктерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған үрдіс» деп анықтама береді. Біздің ойымызша, бала өзінің қажеттерін өтеу үшін (ойын, еңбек үстінде) бар мүмкіндігін пайдаланады, әрекет етуге талпынады.

Психолог Я. Л. Коломинский, Л. В. Финькевич зерттеулерінде 5-6 жас аралығында бала ойын мен еңбек арасындағы айырмашылықты аңғарып, еңбек құралдарын орнымен пайдаланып, еңбек операцияларын орындап, еңбектің обьективтік мақсатын қоя біліп, оның қоғамдық пайдалы бағыттылығын түсіне бастайды. Мектеп жасына дейінгі кезеңде еңбекті

дұрыс ұйымдастыру баланы жүйелі түрде еңбекке баулудың, еңбек дағдыларына үйретудің алғашқы қадамы.

Бірте-бірте еңбек етуге деген қажеттілікті ояту баланың болашақ өмір сүру қажеттілігіне айналуға алғышарт болады. А. В. Запорожец мектеп жасына дейінгі балаларды тек еңбек нәтижесі ғана емес, оның басқа адамдар үшін маңыздылығы да қызықтыратындығын айтады. Балалар қағаздан, ағаштан әр нәрсе жасауға, ересектерге көмектесуге қызығады, егер ересек тарапынан қолдау болса, балалар өздеріне тапсырылған іске неғұрлым саналы ниетпен қарап, орындауға талпынады. 5-6 жастағы балаларда алғашқы еңбек әрекеті қалыптасып, ересектен көмек сұрап қана қоймай, өздеріне де көмектесу ниеті пайда болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек әрекетінің өзіндік мақсаты, мотиві, жоспары нәтижесінің өзіндік ерекшеліктері болады. Аталған құрылымдар еңбек әрекетінің үрдісінде көрініп ересектердің көмегімен дамып жетілетіндігін айтады.

Психологтардың пікірін негізге ала отырып, біз қазақ халқының бала тәрбиесінде қолданған көтермелеу, мақтау, бағалау, талап ету, қолдау әдістерін балаларды еңбек әрекетіне мақсат қоя білуге тәрбиелеуде басшылыққа аламыз. Мектеп жасына дейінгі балалардың мақсатқа бағытталған еңбек әрекеті баланың қалай орындағанына ғана емес, не үшін еңбектенгеніне байланысты. 5-6 жастағы балалардың еңбек әрекетіндегі мотиві негізінен ересектердің мақтауы, ересектермен қарым-қатынас жасауы, өзін көрсетуі үшін болады. Бірақ, мектеп жасына дейінгі балаларды материалдық марапаттау үшін еңбекке баулуға мүлде болмайды. Сондықтан мотивация баланың жеке сапаларын қалыптастыруда қатты ықпал етеді. Р. И. Дзарасов мектеп жасына дейінгі балалардың еңбекті қажеттілігіне айналдыруы, олардың мінезіндегі ауытқудың алдын-алу үшін қажетті міндет болып табылатынына ерекше мән береді. Еңбек процесінде тапсырылған жұмыстың қажеттілігін, мәнділігін түсіну баланың еңбекке қызығушылығын дамытып, еңбегінің нәтижесінен рухани нәр алу, қанағаттану, жауапкершілік сезімін тудырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық ерекшеліктерін ескеріп, олардың еңбекке деген қоғамдық мотивін қалыптастыру әрбір педагогтің міндеті.

Қызығулар балалардың кішкентай кездерінде ерекше байқалатындығы тәжірибеде дәлелденген. Ғалымдардың айтуына қарағанда, қызығудың нәтижесінде мектеп жасына дейінгі кезде техника саласына әуес болған бала, мектеп қабырғасында физика, қол еңбегі сияқты пәндерге ықылай қойып, мектеп бітіргеннен кейін де сол салада нәтижелі еңбек етіп, өз қабілеттерін жақсы көрсете алады. Демек, баланың қызыға білуінің де маңызы зор, қызығуы «тұрақты» қасиетке айналған бала ғана іс-әрекеттен жақсы нәтиже шығара алады. Қызығуы тұрақтанбаған адам қызметтің қай саласында болмасын пәрменді еңбек ете алмайды. Қызығу пәрменді, белсенді болуы үшін бала тікелей әрекетпен айналысуы керек. Қызығу қажеттіліктен туындайды, ал қажеттілік дегеніміз — өмір сүрудің, тіршілік етудің арқауы болмақ. Біз зерттеу нысанамызға байланысты мектепке жасына дейінгі балаларды еңбекке баулу міндеттеріне:

— еңбекті жақсы көруін, ересек еңбегіне құрметпен қарауға тәрбиелеу;

— қарапайым еңбек білім, дағдалары мен біліктерін қалыптастыру;

— еңбек етуге қажеттілігін дамыту;

— ұлттық тұрмыс салт-дәстүр негізінде болашақ еңбекке даярлау жатады.

Соңғы міндетті шешу үшін, оның мазмұнын жүзеге асыру жолдарын анықтау қажет. Балаларды қазақтың тұрмыс салт-дәстүрі негізінде еңбекке баулуда парасатты мінез-құлық пен адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерді тәрбиелеп, қалыптастырудың мүмкіндігі зор.

Жоғарыда айтылғандай мектеп жасына дейінгі балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін басшылыққа ала отырып, ересек топ балаларын еңбекке баулудың өлшемдерін белгіледік. Олар киіз үй және оның жабдықтарын білуі, төрт түлік малға сүйіспеншілігін қалыптастыру, әшекей (зергерлік) бұйымдарды жасай білу дағдысының болуы, ұлттық тағам туралы түсінігі, ұлттық киімді құрастыра білу дағдысының қалыптасуы. Аталған өлшемнің көрсеткіштерін төмендегідей жүйемен беруді мақсат етіп, мектпалды даярлық тобы балаларын тұрмыс салт-дәстүрі негізі еңбекке баулудың жүйесі мынадай кестеде көрсетілген

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *