Бала болашағының негізі – ұлттық тәрбиеде

Тлеукеева Алима

Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге – жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде мектепке дейінгі мекемеде атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің балабақша атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақшаға ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет. Бұл жөнінде Абай атамыз: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: бірінші – ата – анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», – деген екен. Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби – педагогикалық оқулықтарға енгізген М. Жұмабаев болды. Ол педагогиканың ұлттық тәрбиеден бастау алатыны жайлы айтқан. «Педагогика» атты еңбегінде былай дейді: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»
Біздің елімізде бала ерекше халық. Ерекше болатыны сәби алғаш дүниеге келгеннен бастап, айналасын ерекше шаттыққа, ерекше сезімге бөлейді. Күнделікті өсіп келе жатқан баланың әр қылығы ата – ана үшін қуаныш, бақыт.
Ата – аналар А. С. Макаренконың“Балаларды тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең жауапты сала. Дұрыс тәрбиелеу – бұл біздің бақытты қарттық шағымыз, жаман тәрбиелеу – бұл біздің келешек қасіретіміз, бұл біздің көз жасымыз, бұл біздің басқа адамдар алдындағы, бүкіл ел алдындағы айыбымыз” – деген пікірінің мағынасын түсінуі тиіс. Сондықтан әр отбасында ата – ана өз баласының инабатты, тәрбиелі де әдепті, адамгершілігі зор азамат болып өсуі үшін, ұлттық тәрбие бере білуі керек.
Әр ата – ана баласының денсаулығы мықты, ержүрек, қайсар, батыл болып өсуіне жауапты.
Қоғамның белгілі қайраткері, ақын М. Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болуы керек», – дегенін әр кез есте сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет. Ол үшін біз, ұстаздар қауымы, балаларға салт – дәстүрлерді жай ғана үйретіп қана қоймай, олардың тәрбиелік түп – тамырын, мәнін, алтын діңгегін түсіндіре білуіміз керек. Ұлттық тәлім – тәрбиенің іргетасын дұрыс қалай білу мұғалімдердің ата – аналармен қосылып жүргізген шараларына байланысты болмақ. Өйткені бірінші ұлттық тәрбиенің ошағы – отбасында, екінші – балабақшада болғандықтан, ата – ана мен балабақша, яғни мұғалімдер мен жұртшылық тығыз байланыста болуы  шартты нәрсе екені баршамызға аян.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *